« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Кино өнері әртүрлі бағытта дамиды. Аудиторияның сұранысы мен қабылдау деңгейі әртүрлі. Режиссерлардың дүниетанымы бөлек. Әр идеяның өзіндік атқаратын миссиясы бар. Әрбір жанрдың өзінің өрлеу кезеңі болады. Бірін дамытып, бірін тежеуге болмайды.
Осы өзекті мәселеге қатысты қоғамда үнемі заңды сауал туады. Коммерциялық кино мен авторлық кино бағытының өкілдері прокат мәселесіне келгенде пікірлері екіге бөлінеді. Мемлекеттік маңызы бар фильмдерге деген көзқарас та дау туғызады. Осы тұрғыда, киносыншы маманы ретінде кино өнерінің даму бағыттарындағы басты міндеттерінің байыбына барып, тұжырымдар жасау маңызды деп есептеймін.
КИНО – ӨНЕР
Нағыз өнер – теңдессіз. Идеясы құнды. Өресі биік. Тілі, табиғаты шынайы. Жеке дүниетанымның қалыптасуына да қосатын үлесі шексіз. Адамзаттың алға жылжуына ықпал жасайтын идеялар бар. Өнердің табиғатының өзі адамды тазаруға, рухтандыруға, жігерлендіруге бағытталған үлкен миссияны атқарады. Ғажайып туындылар – арыңның бағдаршамы іспетті.
Біз көбінесе кино тілінде бейнеленген нағыз өнер туындысы деп авторлық фильмдерді бағалап жатамыз. Бізде терең және ерекше ойлайтын киногерлер бар. Өздерінің қолтаңбасын қалыптастыра алған. Авторлық кино бағытының қарқыны ерекше. Масштабтары әлемдегі мықты киногерлерден еш кем емес.
Интеллектуалдық киноның аудиториясы қашан да шектеулі. Шынайылық басым болғанмен, тілі күрделі. Көпшілік идеяның астарын түсінбей, бейнелік қатарын қабылдай алмай жатуының басты себебі осында. Пәлсапалық негізі басым. Бұл автор дүниетанымының масштабы. Оқиғаларды көбінесе терең ойлармен көмкеруге басымдық беріледі. Мағына іздейді.
Кез келген автор өз фильмі арқылы өз өресін көрсетеді. Дүниетанымын. Мәдениетін. Ойлау жүйесін. Қоршаған ортадан қабылдаған оқиғалардан түйген қорытындысын. Авторлық кинодағы режиссерлардың шығармашылығы сонысымен қызықты. Ой қозғауыңа ықпал жасайды. Кейде, пікірталастар қақтығысы да болады.
Жамандықсыз кейде жақсылықтың қадірін түсінбей жатамыз. Сынақ түспесе, өмірде маңызды жайттарға назар салмаймыз. Авторлық киноның табиғаты да солай. Өмірге басқаша қырынан қарауға мүмкіндік береді. Кейбір фильмдер қоғамның асқынған дертін дөп басып көрсетеді.
Кейде осы өмірдің көлеңкелі жақтарын суреттеген режиссерларға наразылық білдіріп те жатамыз. Бұл қалыпты. Көзқарастар әртүрлі. Олардың алға тартқан ақиқатымен келіспеуге де құқымыз бар. Себебі, ол бір ғана автордың жеке пікірі.
Алайда, ақиқатын айтамын деп, мақсатты түрде ұлттың мүддесіне арнайы шабуыл жасайтын авторлар да бар. Көздеген саясаты сол болады. Көрермендерге теріс пиғылдағы ойларын зорлап таңады. Эгоизмін алдыңғы планға шығарады. Бұл қауіпті.
Олардың жеке өмірбаянын зерттесең, осындай әрекеттерге баруының негізгі себептерінің астарын оқуға болады. Жеке комплекстері, тағдырына наразылығы, жеңіліс тапқан сәтсіздіктерінің өшін өз шығармашылығынан алады. Олардың ойы кейде қоғамды емдемейді, асқынған дертті қоздырады.
Нағыз өнер – залалсыз. Зияны тимейді. Өз арына есеп беретін авторлар идеяны қоздырғыш күш ретінде қолданбайды. Әсерін шынайы суреттейді. Ойларымен ашық сырласады. Адамзаттың игілігі жолында құнды идеяларды ғана дәріптейді.
КИНО – ИДЕОЛОГИЯ
Кино өнерінің шын мәнінде әлеумет санасына ықпалы бар. Тіпті, зор. Кино саясаты арқылы көп тетікті басқаруға болады. Мақсатты түрде. Оның идеологиялық қауқары соғыссыз шекара алуға жетеді. Кино өнерінің тілін масштабты мақсаттарға қолдану мүмкіндігі бар. Иә, кино – демалу, сергу, көңіл көтеріп, қызықтаудың да құралы. Бірақ, оны мақсатты идеяны жүзеге асыруға қолданса, алынбайтын қамал жоқ. Кино тілінің мүмкіндігі көп.
Өнер алаңында да кейде саяси батыл қадамдар жасалып жатады. Әр ұлттың амбициясы әртүрлі. Алға тартатын ақпараттар легі де. Бірақ, өнерде идеяны жан-жақты сараптаудан өткізу маңызды. Адамзатқа ашық шабуыл, ұлтты кемсітуді мақсатты түрде қолдан ұйымдастырылмауды әр мемлекет өзі бақылауында ұстағаны абзал.
Авторлар кез келген идеясының артында қандай жауапкершілік тұр, осыны назарында ұстағаны маңызды. Нені дәріптейсің, қандай мақсатта дәріптеп отырсың, экранға шықпас бұрын өзіңе есеп берудің қажеттілігі бар. Ішіме сыймаған шығармашылық күйім деп, сараптаудан өткізбей, қадамдарын салмақтамай, әлем халқының алдына абыройсыз істерін саналы түрде жария етуге асығатындар бар.
Халықаралық кинофестивальдарға көбінесе осындай мақсаттағы фильмдер ұсынылады. Қолдайды. Қаржыландырады. Жүлде алу үшін дәл сол әлеуметтік мәселелерді арнайы ашып суреттеген фильмдерін апарады.
Көпшілігі саяси астарын түсінбейді. Бұл – әлемдік өнер кеңістігінде ұлттардың жеке амбициясын үлкен экранда насихат түрінде қорлау. Ұлт мүддесі алдындағы ұстанымдарың дұрыс бағытта болғаны маңызды. Рухын жығып бермеу, артық кетпеу, қиянат етпеу. Режиссерлар да саяси сауатты болса, игі.
Идеологияның басты күші – санаға төңкеріліс жасау. Игі істерді насихаттау. Адамдық, ар ісіне адалдықты өз биігіне көтеру. Көрерменді жүйелі түрде бір мақсатқа жұмылдыру. Адамзаттың мәдени-рухани қарым-қатынасын арттыру, танымдық тұрғыдан үлкен рөл атқару, игі істерге үлес қосуға ықпалдасу, ақиқат пен әділдіктің шынайы жанашыры болу – идеологияның басты темірқазығы.
КИНО – БИЗНЕС
Кино – сөзсіз бизнес. Іскер киногерлер мақсатын көпшілік аудиторияның сұранысына жұмылдырады. Қаржы табады. Прокаттағы қазақ фильмдерінің оқиғасы тым арзан деп талқылап жатамыз. Кәсіпкерлер ең алдымен ұсынатын өнімді аудиторияның сұранысына қарай икемдейді. Демек, сұраныс бар.
Кинотеатрға көрермендер көбінесе, күнделікті күйбең тірліктен сергу, рухани демалу мақсатында барады. Қабылдауға жеңіл, эмоциялар сыйлайтын фильмдер өтімді. Алайда, көрермендердің өресі тең емес. Өмір туралы ой салатын жаңа фильмдерді іздеп баратындар да бар. Бүгінгі дәуір Кеңес заманындағыдай кинотеатр жүйесін идеология көзі ретінде қолданып отырған жоқ. Нарық талабына сай өнім ұсынуда еркіндік бар. Бүгінгі кинотеатр жүйесі – бизнес көзі.
Алайда, өнім ұсынушылар оның сапасына тікелей жауапты. Сатылымы жақсы деп рухани жауапкершілікті ұмытуға болмайды. Азғындықты насихаттау, сапасыз идеяларды тықпалау – бұл рухани қылмыс. Сатудың басты шарты – ақша қуып, ашкөздіктің соңына түсу емес, оның барлық мәдени талаптарына сай, нарыққа, аудиторияға пайдалы әрі сапалы өнім ұсыну.
Қазіргі фильмдерде ең бірінші динамика маңызды. Екінші – идея. Үшінші – жеткізу тілің. Қызықсыз болса, қарамайды. Көрерменді экранның алдында қинап ұстай алмайсың. Таңдау еркіндігі бар. Өткен тарихқа қарағанда, келешектегі ғарыштық хикаялар қызықты. Фантастика. Бізде бұл жанр дамымаған. Киногерлерге көбірек іздену керек.
Шеберлігі жетпей жататын кездер болады. Ескі сарын ешкімге қызық емес. Күн сайын дамудың жаңа жолдарын таңдауымызға тура келеді. Тәсілдер. Ерекшеліктер. Жеткізудің жолдары. Бүгінгі ғарыштық ғасырдың тілі де бөлек. Ойлау жүйемізде күрделі құбылыстар жүріп жатыр. Отандық киногерлер осыны мойындауы керек. Әлемде не болып жатыр көбірек зерттеп, ізденіп, әрбірден соң халықаралық прокатта қандай бағыттағы фильмдер жетістікке жетіп жатыр соны бақылау маңызды.
Көрермендердің өресі өскен. Қазір ешкім ақымақ емес. Алданбайды. Әрбір адамның қолында ұялы телефон арқылы әлемді басқарудың тетігі тұр. Жаңалықтардан хабардар. Әр елдің үздік фильмдерінің үлгісін қарайды. Салыстырады. Ой түйеді. Қорытындыға келеді. Өзіміздің отандық фильмдерге баға береді. Көңіл толмайтын құбылыс жоқ емес.
Егер осы «өнер, идеология, бизнес» үшеуінің тұғырын бір мақсатқа біріктіре алатын шеберлік болса – онда сөзсіз халықаралық прокатта да мойындаламыз. «Оскар» алған туындылардың көпшілігі осы үш тұғырдың өлшеміне сай болған соң ғана мықты. Бізде бір талабы ескерілсе, екінші жағы өкінішке орай, ақсап жатады.
Гүлзат КӨБЕК,
киносыншы, Өнертану PhD докторы, «Тұран» университетінің профессоры.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |