Театр өнерінің сардары

      Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, майталман сахна шебері, ұлтымыздың рухани кеңістігінде айрықша орны бар дара тұлға, Қазақстанның Халық әртісі Хұсейн Әмір-Темірдің дүниеге келгеніне биыл 80 жыл толды. Қызылорда облысының мемлекеттік архивінде Хұсейн Әмір –Темір Жұсіпұлының жеке тектік қор құжаттары сақтаулы.

         Ол 1940 жылы 17 қаңтар күні Қызылорда облысы Сырдария ауданы  А.Тоқмағанбетов ауылында дүниеге келген. 1945-1957 жылдары Тереңөзек қыстағындағы М.Калинин атындағы орта мектепті бітірген. 1961 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік өнер институтының театр факультетіне түседі.  Ол атақты режиссер, Қазақстанның халық артисі Асқар Тоқпанов ұстаздық еткен актер бөлімінде оқиды. Шығармашылық өмір жолын 1963 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы Алматы академиялық Жастар театрында бастайды. Оқумен қатар сахна саңлақтарынан актер өнерінің қыр-сырын үйрене түсті. 1965-1967 жылдары Қарағанды қаласындағы С.Сейфуллин атындағы облыстық драма театрында еңбек етіп, екі жыл ішінде оннан аса роль ойнап, еңбекқор жас екенін таныта білді.        

         Ол 1967 жылы өзінің туған өлкесіне қайта оралып, Қызылорда облыстық қазақ драма театрына актер болып қабылданды. Маусым сайын ірі рольдер сомдап, қаһармандық бағытта жазылған кейіпкерлер бейнесін жасады. Бұл Хүйсейін Жүсіпұлы өнерінің жан-жақты дамуына, шеберлігінің әр қырынан көрінуіне мүмкіндік туғызды. Алайда, ол екінің бірінің жүрегі даулап бара бермейтін режиссура әлеміне бет бұруды жөн санады.

Біліктілігін одан әрі арттыру және қазақ өнерін, оның ішінде режиссураны дамыту мақсатында 1970-1972 жылдары Мәскеудің А.Луначарский атындағы Мемлекеттік театр өнері институтының (ГИТИС) екі жылдық жоғары режиссерлық курсын оқып бітірді. Онда А.Товстоногов, О.Ефремов, Ю.Любимов, А.Эфрос тәрізді алып режиссерлардың спектакльдерін өз көзімен көріп, үлкен тәжірибе мектебінен өтті. Сөйтіп, 1974 жылы облыстық драма театрының бас режиссер болып тағайындалды. Репертуар актер шеберлігі мен режиссер мүмкіндігін жан-жақты ашатын тұғыр екенін жақсы түсінген бас режиссер театр репертуарының бай болуына үлкен мән берді.

Хұсейн Әмір-Темір әлемдік драматургияның алтын қорына батыл қадам басып У.Шекспирдің «Король Лир» трагедиясын сахнаға шығарды. Аталған спектакль үлкен шығармашылық табыс ретінде өз бағасын алды. Одан кейінгі жылдары қойылған Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен Махаббат», А.Чеховтың «Апалы-сіңілі үш қыз», И.Эркеннің «Сау басына сақина», И.Друценнің «Ең киелі қасиет» спектаклдерінің кейіпкерлері қазақ тілінде саханаға шығып, сәтті өтті. Ізденпаз режиссер М.Әуезовтың, Ғ.Мүсіреповтың, Т.Ахтановтың, С.Жүнісовтың, Қ.Мұхамеджановтың, Қ.Мұқашевтің пьесаларын сахналап, ұлттық драматургияны насихаттауға зор үлес қосты. Көп жылғы шығармашылық еңбегі үшін режиссер «Еңбек ардагері» медалімен, Қызылорда облыстық атқару комитетінің грамотасымен марапатталды.

         1992 жылы Хұсейін Әмір-Темір Алматы облыстық Б.Римова атындағы қазақ драма театрына театр ұжымының шақыруымен барып, Талдықорған театрын он бір жылдан астам басқарды. Осы уақыт ішінде  20-дан астам спектакль, дала сахналарында оннан аса театрландырылған көріністерді қойды. Заманның қиыншылығына, репертуардың тапшылығына қарамастан Хұсейн Әмір-Темір басқарған жылдары Талдықорған театры республика көлеміндегі шығармашылық әлеуетті қарымды ұжымның біріне айналды. Театр үш мәрте республикалық фестивальдердің лауреаттығын жеңіп алса, режиссер де 1996 жылы Е.Домбаевтың «Қор» комедиясын, 1998 жылы Т.Әліпбайдың «Қанды ғасыр» трагедиясын қойғаны үшін «Ең үздік режиссер» номинациясымен марапатталып,  2000 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.

           2003 жылы Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының шақыруымен Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының келді. Мұнда ұжымның көркемдік жетекшісі болып қызмет етті. Хұсейн Әмір-Темір қойған Т.Әліпбайдың «Исатайдың барында» драмасы үшін театр ұжымы алғашқы рет республикалық фестивальдің лауреаты атанып, жүлделі екінші орынды қанжығалады. Театр ұжымы тың дүниелерді сахнаға әкеле бастады. 2005 жылы режиссер қойған «Макбет» спектаклі Қызылорда қаласында өткен ХІІІ республикалық театр фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды.

         Режиссердің философиялық тұжырымға негізделген шабытты ізденістері қазақ сахнасына ойлы спектакльдердің келуіне жол ашып, тапқырлығы репертуар таңдауда ғана емес, актер творчествасын жетік меңгеріп, оларды батыл ізденістерге жетелей білуінде нақты көрініс тапты. 2008 жылы Ақтау қаласында өткен ХУІ республикалық театрлар фестиваліне Хұсейн Әмір-Темір коллективін Тауфик аль Хакимнің «Сұлтанның сасқаны-ай», 2010 жылы Орта Азиялық мемлекеттерінің ІІІ Халықаралық фестиваліне «Мұстафа Шоқай» спектаклімен қатысты. Ал 2012 жылы Туркия Республикасындағы Кония қаласында өткен «Мың тыныс, бір үн» деп аталатын халықаралық театрлар фестиваліне Түрік драматургі Тургай Нардың «Төбекөз» спектакльдарымен қатысып, Қызылорда театры үлкен абыроймен оралды. Сонымен қатар ұстаздықпен айналысып, 2014 жылы М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжінің қасынан ашылған актер курсын бітірушілерге дәріс берді.

         Көп жылдық адал еңбегі үшін 2010 жылы Хұсейн Әмір-Темір «Құрмет» орденімен, 2015 жылы ТМД халықаралық парламент ассамблеясының «Достастық» орденімен марапатталды. Оған Қызылорда облысының және Сырдария ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Хұсейін Әмір-Темір өз ісіне шын берілген, маңайындағы адамдарға жақсылығын аямайтын адамгершілік тұғыры жоғары азамат. Оның адалдығы, сыпайылығы, іскерлігі, биік зерделік қабілеті кейінгі буын өкілдеріне үлгі-өнеге.

Э.Жүсіпова,

Қызылорда облысының мемлекеттік

архивінің архивисті.                                                                                      

           

Мәдениет 17 наурыз 2020 г. 970 0