Тарихи бар жәдігер

Танып-білген адамға Арал тарихының тамыры тереңде, тағдыры әріде жатыр. Табиғат пен тіршілік, теңіз бен адам тағдырына қатысты бұл өңірдің өзгелерден бөлек өз заңдылығы бар.

Арал теңізі жайлы мәліметтерді жиналуы негізінен орыс ғалымдарының тарихымен тығыз байланысты. Теңіз бен оның төңірегі алғаш рет «Үлкен сызу кітабы» мен Москва мемлекетінің картасынан ( 1627 ж.) толық орын алған. Онда Арал «Көктеңіз» деген атпен берілген. Хвалин теңізінен Көктеңізге дейін күн шығысқа қарай 250 шақырым, ал Көктеңізден Сыр өзенінің сағасына дейін де 250 шақырым. Көк теңіздің ені 60 шақырым..., суы ащы делінген. Ал, Аралды ғылыми зерттеу тарихы XIX ғасырда басталды.   Арал теңізін  зерттеуге тәжірибелі теңізшілер, жау жүрек капитандар іріктеле бастады. 

1717 жылы I Петрдің бұйрығымен князь Бекович-Черкасский жетекшілік ететін арнаулы экспедиция жасақталды. Олардың міндеті Астрахан арқылы Хиуаға жетіп, Арал теңізі мен Әмудария бойындағы өз жолдарын зерттеу болды. Бірақ патшаның тапсырмасы орындалмай қалды. Хиуаның ханы Шерғазы экспедицияны жоқ қылды. Ұрыста Бекович-Черкасский қаза тапты. Алайда орыстар Орта Азияға кіру талабынан бас тартқан жоқ. I Петр өлгеннен кейін 1734 жылы Кирилловтың басшылығымен жаңа экспедиция дайындалып, оларға  «Арал теңізіне айлақ пен қарулы кеме жеткізу, теңізді зерттеу, сауда жүргізу үшін теңіз жолын ашу» жөнінде тапсырма берілді, алайда бұл тапсырманыда орындау мүмкін болған жоқ.          

1848-1849 жылдары әскери теңізші әрі зерттеуші А.И.Бутаков экспедициясы Арал теңізінің су айдынын алғаш рет толық зерттеуге келді. А.Бутаков - адмиралдар династиясынан шыққан  ержүрек теңіз офицері, 1828-1829 жылдары орыс-түрік соғысына қатысып конт-адмирал, ал  1848 жылы вице-адмирал шенін алған.

А.Бутаков бастаған экспедиция 1848 жылы 26 шілдеде Сырды бойлап, адамзат тарихында тұңғыш рет ұлы теңіз қақпасын ашты, сонау Санкт-Петербургтен Азия түкпіріндегі сол жылы тұңғыш рет тасы қаланған Орынбор бекінісіне Арал теңізін зерттеушілер тобымен ай жарым уақытта жетті. Экспедицияның азық-түлік, қару-жарақ, жабдық артқан көлігінен жер қайысты, атты көлікке 30000 түйеден тұратын керуен келіп қосылды. Бұған 565 қазақ көш бастаушы болды. Экспедиция құрамында штурман К.Е.Поспелов, штабс-капитан А.И.Макшеев және айдауда жүрген атақты ақын, суретші Т.Г.Шевченко болды.

1848-1849 жыл аралығында А.Бутаков Арал теңізінде жүзген сәттерін, оның тереңдігін, ағысының жылдамдығын, желдің бағытын қолжазбасына түсіріп, Ресей жағрафиялық Қоғамы арқылы патшаға ұсынып отырған.

Арал теңізінің географиялық жағдайын зерттей келе, оның 6-7 бал теңіз дауылдарына қарамай «Константин», «Николай» атты шағын шхуналармен ұлы теңізді зерттеп картаға түсірді, осы күнгі «Барсакелмес» аралының оңтүстігіндегі аралшық «Бутаков мүйісі» аталса, батысында «Константин», «Николай», Ф.Беллингсгаузен, М.Лазарев  арал шықтарына аттар берілді.

  А.Бутаков зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Аралдың гидрогеографиялық сипаттамасы жасалды. Картографиялық материалдар, физикалық география, геология, геоботаника мәліметтері жинақталды. Құмсуат мүйісіндегі морфологиялық байқаулар негізінде А.Бутаков теңіз деңгейінің ауыткуларының жағалық террасалардың қалыптасуына әсерін дәлелдеді. Экспедициясы яқталғаннан кейін  А.И.Бутаков пен К.Е.Поспелов гидрографиялық карта құрастырды, ол 1850 жылы басылып шықты, Арал флотилиясына «Обручев», «Перовский» екі кеме жасатып, 1854 жылы кемелер теңізге жіберілді.

  А.Бутаков Арал теңізі түбінің сипатын, тұрақты ағыстардың бағыттары мен жылдамдықтарын зерттеуге он бес жылын жұмсады. Ғалым Сырдарияның төменгі ағысына жақын жолбарыс бар екенін, сексеуілдің қалын болып өсетінін айтады. Аралды зерттегені және оның картасын құрастырғаны үшін А.Бутаков Орыс географиялық қоғамының Демидов сыйлығына ие болды.

  Арал аудандық тарихи-өлкетану музейінде зеттеуші-теңізші А.Бутаковтың 1850 жылғы алғашқы картасы және  күміс қасығы сақтаулы. Күмістен жасалған шай қасықтың ұстайтын тұтқасының көлемі 3х1,7 см, биіктігі 14 см, ені 2х3 см. Ресей зауытында жасалған. Гүл өрнегі бар. Шай ішетін басы ойықша келген, одан кейінгі жағы тұтқаға дейін сопақтау келген. Бас жағының артында гүл өрнегімен безендірілген. Қасықта «А-Қ 1847 ж. 84 якорь теңізшінің бедері» салынған. Көне жәдігерді Арал теңізі, Райым бекінісінде жұмыс жасаған экспедиция мүшелері пайдаланған болар деп ойлаймыз.

             

              Гүлнар  Каримолдақызы,

     Арал аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері.

     

 

    

Мәдениет 28 ақпан 2020 г. 501 0