«ДАЛА ФОЛЬКЛОРЫНЫҢ АНТОЛОГИЯСЫ» бестомдығы таныстырылды

Жақында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдары «Дала фольклорының антологиясы» бестомдығын жарыққа шығарды. Ұлттық болмыс пен қазақы дүниетанымды бойына сыйдырған бестомдықтың Сыр еліндегі таныстырылуы Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың М.Шоқай орталығында өтті. 

Елбасының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы негізінде шараны «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафед­расы мен «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырды.

Кітаптың бір ерекшелігі, аудио нұсқасы мен ноталары да көрсетілген. Этнографиялық суреттер салынып, оның қасында түсіндірмелер беріл­ген. Бүгінгі заманға лайықталып шыға­рылған кітаптың бір бөлігінде QR-код бар. Сол арқылы ұялы телефонмен қол жеткізе аласыз.

– Фольклор – ұлттық кодымыз. Сәбит Мұқанов «...қазақтың білімінің күші ауыздан түскендей» деп айтқан екен. Ауыз әдебиетінің маңызы осын­да жатыр. Біздің фольклор – тұтас қазақтың дүниетанымын сыйдырған ғажайып дүние. Онда қазақтың жан дү­ниесі жатыр. Ұлттық код деп отырға­нымыз – осы. Қазақта бабалар сөзінен құралған 100 томдық бар. Қазақтан басқа ешқандай ұлт мұндай мол рухани мұраны шығарған емес. Біздің рухани байлығымыз сол 100 томға сыймай, бүгін тағы бір бестомдық шығып жатыр. Біздің рухани дүниеміз өлшеусіз екенін осыдан-ақ білуге болады, – деді шарада сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлы.

Басқосуда филология ғылымдары­ның кандидаты, профессор Ұлжан Жанбершиева мен ҚР Мәдениет қайрат­кері Берік Саймағанбетов бестомдық құндылықтың ерекшеліктеріне тоқта­лып, антологияның баға жетпес мұра екенін айтты.

– Ұлттың жаны, ұлттың болмысы – фольклорда. Әрі біздің ұлтымыздың қандай ақылға, қандай санаға ие болғанын көрсетеді. Дана бабаларымыз айтқан әрбір сөз – құнды дүние. Сондықтан, осы кітаптың біз үшін маңызы жоғары. Оның үстіне, осы салада білім алып жүрген студенттерге таптырмас құрал. Қазақпын деген әр азаматтың қолға алып, танысып шығуға тиіс кітабы, – деді Б.Саймағанбетов.

Мәдениет 08 ақпан 2020 г. 968 0