Халық арасында архив десе, өткен ғасырда ақиық ақын Мұқағали Мақатаев қалыптастырған бір шумақ өлеңнен басқа ешнәрсе ойға келмейтіні хақ. Қазіргі уақыттағы архивтердегі жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде, архив қызметіне жүгінген жанға шаңның емес, келешекте саусақ ізінің өзін табу қиын болары сөзсіз. Оның себебі, біздің ғасыр ақпараттық қоғам дәуірі болғаннан кейін, цифрлық технология, ақпараттық технология, электронды құжат ұғымдарының қолданысқа еніп, архивтердің электрондық деңгейге ауыса бастауы.
Осы орайда архив саласын жетілдіруде әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі тарих, археология және этнология факультетінде архив және құжаттану саласы үшін магистр мамандарды даярлауда, ІТ-Архивтану және құжаттану білім беру бағдарламасы ашылды. Бұл білім беру бағдарламасының ашылуы қазіргі тұрақты да өзгермелі қоғамда, архив ісі мен құжаттануда ақпараттық технологияларды дамыту және оларды енгізуді біз қалай жүзеге асырамыз деген сұрақтың жауабы болды. Білім беру бағдарламасының ашылу мақсаты – архив ісі мен құжаттану саласында заманға сай білімді де білікті мамандар даярлау, олардың білімін жетілдіруде озық ақпараттық технологияларды қолдану арқылы архив пен құжаттану саласын жетілдіріп, еліміздің әлем елдерінің қатарына енуіне ықпал жасау, архивтерде цифрландыру үдерісін жүргізуде қағазбастылықтан арылып, электронды құжаттардың дұрыс әрі сапалы жүргізілуіне жағдай жасауда қажетті мамандарды шығару болып табылады.
Компьютерлік желілік технологияны әмбебап қолданумен қатар, компьютерлік ақпараттық технологияларды да қолдану барған сайын маңызды рөл атқаруда. Қазіргі кезеңде барлық архивтік басқармалар мен құжат айналымын жүргізетін ұйымдар компьютермен басқарылатын жаңа сандық үлгіні енгізді.
Қоғамға қолжетімділік аясында еліміздегі мемлекеттік архивтердің электронды сайттарын толық жетілдіру – ІТ-архивистердің міндеті. Мекемелер мен кәсіпорындарда құжат айналымының заманауи инфрақұрылымын қалыптастыруда технологиялардың рөлі зор. Себебі, қоғамның қай саласы болмасын технологиялардың көмегіне жүгінеді, оған себеп технологияның барлық жағдайда адам қызметін жеңілдетуі. Сондықтан архивтерді басқаруда, құжат айналымын заман талабына сай жүргізуде ақпараттық технологияларды қолдануды күшейту өте маңызды және бұл – ІТ-архивистер мен құжаттанушылардың басты жұмысы.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында көптеген бағдарламалар елімізді көркейту мақсатында қолға алынуда. Солардың бірі – Цифрлық Қазақстан мемлекеттік бағдарламасы. ІТ-Архивтану және құжаттану білім беру бағдарламасының ашылуы осы бағдарламамен тікелей қатысты. Бұл бағдарламаның мақсаты – цифрлық технологияларды қолдану арқылы еліміздің әрбір азаматының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды кешенді бағдарлама. Цифрлық технологиялар ел экономикасын дамытуда және архив ісі мен құжат айналымын нәтижелі жүргізуде аса маңызды рөл атқарады. Бүгінде цифрландыру процесі әлемдегі барлық елдерге әсер етеді. Аталған бағдарламаның бес бағыты бар, соның екінші бағыты – цифрлық мемлекетке көшу деп аталады. Бағдарлама аясында еліміздің барлық материалдық және материалдық емес тарихи және мәдени мұрасының маңызды элементтерін электрондық форматқа көшіру жоспарланған. Қазіргі уақытта дәстүрлі құжаттарды цифрландыру жұмысымен елімізде Қазақстан Республикасының Президентінің архиві алдыңғы орында тұр. Бұл құжаттарды цифрландыру жұмысымен келешек уақытта барлық мемлекеттік архивтермен қоса ведомстволық архивтердің де айналысатыны күмән туғызбайды. Дәстүрлі құжаттарды цифрландырудың нәтижесі электрондық архивтердің пайда болуына жағдай жасайды. Электронды архивтердің пайда болуы – ізденістегі уақыт пен материалдық шығынды қысқартудың ең тиімді жолы. Цифрлық мемлекетке көшу бағыты құжат айналымына да тікелей қатысты. Осы бағыт аясында ІТ-Архивтану және құжаттану мамандары құжат айналымында, ақпараттық технологияларды қолдану, кәсіпорындар мен мекемелерде қағаз түріндегі құжат айналымын азайту және аз уақытта соны жоюды қарастырады.
ІТ-Архивтану және құжаттану білім беру бағдарламасының ашылуының тағы бір себебі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында жариялаған «Архив – 2025» бағдарламасын жүзеге асыру. Осы тұрғыда оларға жүктелетін міндеттер көп болғалы тұр. Өйткені, Н.Назарбаев «Архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру керек» деді. Бұл дегеніміз – ұлттық құндылықтарымызды өскелең ұрпаққа сақтап қалдыру мақсатында жасалатын дүние. Өткен тарихын сақтап, танып-білу – рухани жаңғырудың да басты кілті. Ұлттық тарихи-мәдени құндылықтарымыз сақталмаса, онда ешқандай да жаңғыру болмайды. Осының негізінде ұлттың болашағы үшін архивтік құжаттарды ұрпақтан-ұрпаққа сақтап қалдыруда ІТ-Архивтану және құжаттану білім беру бағдарламасы керек.
Нұртай ӘБДІРӘСІЛОВ,
Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 1-курс магистранты.