«Өткен жылға өкпе жоқ» демекші, 2019 жыл мәдениет саласына айтарлықтай жаңғырулар мен жаңалықтарын тартулады. Бұл жылдың «Жастар жылы» болып аталуына орай және «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыру бағытында 5 халықаралық, 5 республикалық, 35 облыстық конкурс-фестиваль өткізілді.
Әйтеке бидің 375 жылдығына республикалық ақындар айтысы, ғылыми-теориялық конференция, суретшілер симпозиумы, халықаралық «Парасатты поэзия», «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты өнер фестивальдері мен Өзбекстан Республикасында Қызылорда облысының өнер күндері облыс мәдениетінің рухани жетіле түскендігін тағы бір мәрте айғақтады.
Облысымыздағы өнердің қара шаңырағы Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры жастар труппасының 9 жас маманы шығармашылық білімдерін жетілдіру мақсатында Орта Азия елдері ішінен тұңғыш рет Ресей Мемлекеттік театр өнері институтында (GITIS) білім жетілдіру курстарынан өтті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында облыстық филармонияның камералық оркестрі түркітілдес елдердің қатысуымен Босния-Герцеговина мемлекетінде өткен классикалық камералық оркестрлер фестивалінде, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі сәуір айында Ғарышкерлер күніне орай Мәскеудің Кремль сарайында жоғары деңгейде өнер көрсетті.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында өткен жылы тарихи-мәдени объектілерінің қорғалуы мен сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар да өз жүйесін тапты.
Облыстық бюджет есебінен Қышқала, Жанкент, Сығанақ, Сортөбе, Бәбіш мола қалашықтарына археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, облыстық музей қоры құнды экспонаттармен толықтырылды.
Республикалық бюджет есебінен Сығанақ, Жанкент қалашықтарына және Қазалы ауданындағы Ғанибай үйіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, биылғы жылы Ресей музейлері мен архивтерінің қорларында сақталған бірегей деректер негізінде «Хорезм экспедициясының Сыр өңіріндегі зерттеулерінің тарихы» атты кітап-альбомы, өңірдің 189 ескерткіші қамтылған «Сыр бойының сакралды ескерткіштері: мифтер, аңыздар, хикаяттар» атты кітабы шығарылды.
Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы жобасы аясында республикалық Қасиетті Қазақстан ғылыми-зерттеу орталығы тарапынан шығарылған «Қасиетті Қазақстан» кітабының ІІІ томына Қызылорда облысынан 12 жалпыұлттық, 60 өңірлік маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері енгізілді.
Бұл жылы басқарма тарапынан «Village life», «Жыр мұра», «Sacral тур» жобалары жүзеге асырылды.
Өнердің қара шаңырағы Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрына «Академиялық» мәртебесі берілді.
Мәдениет саласы қызметкерлерінің тынымсыз еңбегі мемлекет, өңір тарапынан бағаланып, Қаракөз Ақдәулетова «Құрмет» орденімен, Молдабай Дулатов, Кемеңгер Өтепов «Ерен еңбегі үшін» медалімен, филармония әншісі Үміт Медеуова «Құрмет грамотасымен», театр артисі Залипа Төлепова «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталды. Сондай-ақ, театрдың бас режиссері Хұсейін Әмір-Темір «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атанды.
Облысымыздың мақтанышы, ақын Мұқтар Ниязовтың «Айтыстың ақтаңгері» атануы да Сыр жұртын қуанышқа бөледі.
Мәдениет ошақтарының жай-күйін жақсарту бағытында да айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Арал, Шиелі аудандары мен Қызылорда қаласына қарасты бірнеше округта жаңа мәдениет нысандары пайдалануға берілді.
Мәдениет саласын келер жылда да Сыр елінің рухани қажетін өтеп, халық мұрасын насихаттау, жәдігерліктерді сақтау, жарқын болашақтың іргесін бекемдей түсу бағытында еңбек ете бермек.
Дүйсенбек Аяшұлы