Жолтай Әлмешұлының драмасы Түркістанда сахналанды

 Жерлес жазушы-драматург Жолтай Әлмешұлының «Мұңмен алысқан адам» драмасы Түркістан қаласында сахналанды. Көрерменге көзайым болған автордың жаңа шығармасын Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрында Қостанай облыстық І.Омаров атындағы қазақ драма театры қойды. Аталған шараға шаһар көрермендерімен қатар облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев пен шығарма авторы Жолтай Әлмашұлы да қатысты.

Кіндік қаны тамған жерін аңсамайтын қазақ болушы ма еді, адамның басы Алланың добы демекші тағдыр талайымен кешегі қиыншылық күндері кімдер елінен жырақтап, қиырға кетпеді, мұхит аспады деңіз. Әсіресе, мың өліп мың тірілген (Жұбан Молдағалиев) қазақ халқының басына түскен ауыртпалық пен нәубет күндер әлі ұмытылмақ емес. Бай-құлақ деп қуғындалған бақуатты жандар шыбын жанын аманаттап, Қытай асты, ауғанды паналады, Түрікке барып тасаланды. Кәзір Тәуелсіздік алған елімізге сағынышын арқалап келіп қауышып, оралман атанып жүргендер де сол кешегі   қандастарымыздың ұрпағы. Соңғы жиырма жыл көлемінде өте өнімді еңбек етіп жүрген жазушы- драмматург жерлесіміз Жолтай Әлмешұлы міне осы тақырыпты нәзік тұсынан қозғайды. Кешегі аласапыранда Франция жеріне беріп паналаған жасөспірім Асан онда жақсы өмір сүргенімен үнемі ойынан туған елін шығара алмайды. Оның үстіне арада қаншама жылдар өтіп, қарттық шағы да келіп жетті. Төрінен көрі жақындағанын ойланған қарт   секемдене береді. «Япырай, туған жерімнің топырағына шынымен табаным бір тимей кете ме?» деп уайымдайды. Ат жерде туылып, жат болып өскен ұлдарына қарттың қайғысы қабырғаларына бата қоймағанына қайран қала алмайсыз. Шындық осы. Осылай жылдар өте береді. Алайда, Жаратушының жібіткені шығар кіші ұлы Елжан әкесін туған елімен қауыштыруға бейілді болады. Мұны драмматург жан дүниені қозғар сәтті лебізбен актер аузына салады. Драмма соңына қарай тартысты оқиға тіптен ширығып, нанымды суретелгенінен болар, театрда көзіне жас алып отырған көрермендер қатары өзімізді де ерте кеткендей.

–Қарттың жағдайы жан дүниеме барынша қатты әсер етті. Демімді ішіме алып, енді не болар екен деп ширығып отырдым. Бұл спектаклді тереңірек түсінуіме өзімнің де бірнеше жыл бойы жақын шетелде тұрғандығымның әсері де тиген шығар, дегенде драмматург жақсы дүние жазған, ал Қостанай облыстық драмма театрының әртістері өте нанымды ойнап, шеберлік көрсетті, – дейді жетпіс жастын асқан Түркістан қаласының кәзіргі тұрғыны Сейдамбек Намазбекұлы өз әсерімен бөлісіп.

 «Жазушы бұл шығармасында ұрпақ, ел мәселесін көтереді. Драманың жазылғанына жиырма жылдан асса да, өз маңызын жоймаған. Аталған шығарманы қасиетті Түркістан жерінде сахналаған І.Омаров атындағы қазақ драма театрының талантты актерларына түркістандық көрермендер атынан шексіз алғысымды білдіремін», - деді қойылым соңында сөз алған облыс әкімінің орынбасары М.Отарбаев. Сондай-ақ, ол облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының атынан драматург - жазушы Ж.Әлмашұлың иығына шапан жапты.

Шара соңында шығарма авторы Ж.Әлмашұлы «Мұңмен алысқан адам» қасиетті мекен Түркістан өссе, көркейсе екен деген бала күнгі арманнан туған шығарма екенін айта келе, ықыласпен тамашалаған көрермендерге ризашылығын жеткізді.

Иә, жазушының шығармасы оқырманы мен көрерменінен қолдау тапса, бақытты. Бұл орайда Жолтай Әлмешұлының жұлдызы жоғары десек жаңылыспаймыз. Бірнеше прозалық және драматургиялық шығармалардың авторы атанған Жолтай «Ұмытылған ұрпақ» (1992), «Найзашың» (1996), «Сұлуды сүю» (1999), «Оянған ұрпақ» (2002), «Пенде мен періште» (2004), «Күлкі мен көз жасы» (2007), «Тірі жан» (2008) «Тар дүние» (2011), «Жеті жебе» (2012), «Ел мен Елес» (2014) т.б. секілді прозалық және драмалық шығармалар жинақтары арқылы көпшілікке кеңінен таныс. Оның пьесалары Астанадағы Қ. Қуанышбаев атындағы драмтеатрда («Бәйтерек басындағы кездесу»), Қызылорда («Сүю серті»), Түркістан («Абақты - ғұмыр»), Жетісай («Ай астындағы алтын шаһар»), Қостанай («Мұңмен алысқан адам»), Қарағанды («Сәкеннің соңғы сапары») т.б. драмалық театрларында үздіксіз сахналанды. Жоғарыда аталған «Мұңмен алысқан адам» драмасы күні кеше Тәшкен қаласында көрермендерімен қауышты. «Тәуелсіздік толғауы» атты драмалық шығармалардың республикалық жабық бәйгесінде 3 - дүркін жүлдегер атанды. Кезіне облыстық «Сыр бойы» газетінде қызмет істеп, қалам тербеген жерлесіміздің тарихи публицистикалық «Сұлтанбек Қожанов» (1994), «Нәзір Төреқұлов» (1996), «Қызыр қонған Түркістан» (1998), «Әуезовтың жұмбақ әлемі» (2005), т.б. тарихи - зерттеу кітаптары да құнды дүниелер.

Н.Назымханұлы, 

 Түркістан қаласы
Мәдениет 10 маусым 2019 г. 662 0