Елбасы кітапханасы Байқоңырда

Елбасы кітапханасының ұйымдастыруымен бір айдан астам уақыттан бері аймақ халқын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек жолымен таныстырып келе жатқан көшпелі көрме Байқоңыр қаласында жалғасын тапты.

№277 мектеп-лицейге орналас­ты­рыл­­ған  көшпелі көрмені тама­шалауға жи­­налған жұртшылық алдында облыс әкі­­мінің орынбасары Руслан Рүстемов сөз сөйлеп,  көрменің маңыздылығы мен мақ­саты және онда қойылған  құнды жәдігерлердің ерек­шелігі туралы баян етті.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева да көрме жайлы келелі пікір қозғады.

– Байқоңыр қаласы тұрғындарына ұсынылып отырған  «Тарихи таңдау. Бас­тамасы» атты көшпелі тақырыптық экскурсиясы Елбасының  өмірбаяндық деректерін қамтып, өткен ғасырдың 60 жылдарында Теміртау қаласындағы ме­талл­ургиялық зауытта жұмыс істеген кезеңнен басталады. Мұнда ҚазКСР Ми­­­нистрлер Кеңесінің төрағасы, ҚазКСР КП ОК Бірінші Хатшысы, Жо­ғарғы Кеңес Төрағасы және Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Пре­зи­денті қызметіне дейінгі тарихи өмір жолын баяндайтын материалдар бар. Бейнешежірелер мен фотосуреттер, мұрағаттық  және басқа да құнды құ­жаттар сақталған. Елбасы кітапханасы құ­рамында мұражайы мен ғылыми ор­талығы, бірнеше университеті бар кешен­ді кітапхана. Онда мыңдаған маман қыз­мет етеді. Кітапханада 30 мың кітап қоры мен Елбасының 1960 жылдардан бері өз үйінде жинаған кітаптары бар. Осы ретте, ерекше бір айта кетерлігі, мұражай қорында сақталған жәдігерлер саны 11 мың болса, біз оның 1 мыңын Сыр бойы халқына таныстыруға ұсынып отырмыз. Осы шараға әкелінген жәдігерлер арасында Елбасының әр жылдары қолданған заттары мен шетелдік жоғары лауазымды меймандар тарту еткен сыйлықтар және түрлі картиналар бар, – деді.

Байқоңыр қаласы әкімшілігі бас­шысының орынбасары Николай Адасев­ өскелең ұрпақ үшін ғана емес, барша қазақстандықтар үшін маңызы зор осындай тағылымды шараны ұйым­дастырушыларға алғысын айтты.

«Елбасы кітапханасының көшпелі көрмесі ұйымдастырған құнды жәді­гер­лермен танысып, мәнді мағлұмат алған қала тұрғындары мен оқушылар үйлеріне үлкен әсермен кетіп барады деген ойдамын. Өйткені, мұндай мүмкіндік көпке бұйыра бермейді. Елбасы жайлы біз әлі білмейтін құнды деректерге қанықтық. Байқоңырлықтар үшін тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор болған Елбасы кітап­ханасы ұжымына айтар алғысымыз зор», – дейді №277 мектеп-лицейі ди­ректоры, Қармақшы аудандық мәсли­­ха­тының депутаты Жұмагүл Тілеуғабылова.

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ.

Байқоңыр қаласы.

Мәдениет 18 мамыр 2019 г. 1 231 0