« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |
Өткен жылдың қоңырқай күзі болатын. Телефоным шырылдап қоя берді. «Аға, амансыз ба?» деген даусынан бірден таныдым. Оралдағы Еркін інім. Хал-жағдай сұрасқан соң өтініші барын айтты.
– Тыңдап тұрмын.
– Оралға келіп, Дәулеткерей атындағы оркестрмен концерт қойсаңыз, қалай болады?
Қапелімде не дерімді білмей, ол қалай болар екен деп күмілжіп тұрғанымда:
– Оның не қалайы бар? Бұрынғы шығармаларыңызды тарта аласыз ба? – деді.
– Иә, тартамын.
– Ендеше, солардың партитураларын жіберіңіз, қалғанын кейін сөйлесеміз.
Бір-екі күннің ішінде сұраған партитураларын жібердім. Бірақ өзім әлі де күмәнданып жүрмін. Бұл қалай болар екен? Бұрын-соңды оркестрмен жеке шығармашылық кешімді өткізіп көрмеппін, ол туралы ойланып та көрмеппін. Анда-санда көне домбырамды алып сүртіп-сүртіп қоямын. «Шығармашылық кеші несі? Ол жақта мені кім танып, кім керек етіп жатыр?» деген ойлар мазалай берді.
Сөйтіп жүргенде қаңтар айының орта тұсында Еркіннен хабарлама келді. Үлкен афишаға менің табақтай бетімді жапсырып, шығармашылық кеші өтеді деп шығарып қойыпты. Мәссаған! Дереу өзіне хабарластым.
– Ау, Ереке, мынау не?
– Не болушы еді, афиша, қаланың бірталай жеріне ілінді. 27 ақпанда шығармашылық кешіңіз өтеді. Келсеңіз болады, – деп күлді.
Бір үміт, бір күдік. Еркін оркестрді дайындап қойыпты. Оркестрмен бір күн дайындалып, ертеңіне концертке шықтым. Бәрі ойдағыдай болды. Концерт жақсы өтті. Ермек Қазиев, Қырымгерей Қажымов, Хатимолла Бердіғалиев сынды елімізге кең танымал өнер тарландарымен танысып, дәмдес болдым. Асылхан, Аңсар, Ақылбек, Ақсамал, Гүлден есімді іні-қарындастарыммен таныстым. Концерттен көтеріңкі көңіл-күймен қайттым. Кәсіби мамандар жетіспейді, оркестр құрамы шағын, жалақылары мардымсыз, сонда да болса, оралдық өнерпаздардың өнерге деген құлшынысы мен ниеті тәнті етті. Кетерімде оркестрдің қобызшылар тобы мен домбырашылар тобының концертмейстерлері, келінім Жәмила Нұрымбетова мен Аңсар Бердіғалиевке ризашылығымның белгісі ретінде бір-бір шығарма жазып беремін деп уәде берген едім. Домбыра мен оркестрге арнайы «Көшпенділер» күйін жаздым. Оркестрдің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі Еркін Нұрымбетов редакциялап концертте орындатыпты. «Күйіңіз тамаша, сәтті шығыпты» дегенге мәзбін. Көп ұзамай Жәмила үшін қобыз бен фортепианоға арнап «Ақ келін» шығармасын жаздым. Бәрі бірдей қайдан жақсы бола берсін, үнсіз қалғанына қарағанда, сірә, ұнамай қалған болу керек.
Орал қаласында іргетасы 1987 жылы қаланған халық аспаптар оркестрі 2000 жылы филармония құрамына ресми бекітіліп, көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болып Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қырымгерей Қажымов тағайындалды. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын домбырашы, этномузыкатанушы, қазақ халық аспаптары оркестрінің дирижері мамандықтары бойынша үздік бітірген Еркін Нұрымбетов, еңбек жолын Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінде бастап, 2001 жылы Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының шақыруымен Ғ.Құрманғалиев атындағы филармонияға келеді. Оркестрдің екінші дирижері болып тапжылмай он жыл қызмет етті.
Оркестр 2003 жылы «төре күйлерінің атасы» атанған Дәулеткерей Шығайұлының есімін иеленді. Оның қазіргі көркемдік жетекшісі және бас дирижері Еркін Нұрымбетов – кемеліне келген, елімізге кең танылған дирижер, композитор. Күйші-домбырашы ретінде бірнеше республикалық конкурстың лауреаты. Ш.Қажығалиев, Н.Тілендиев, М.Төлебаев, Б.Рзаханов атындағы республикалық конкурстардың бас жүлдегері. Еліміздің барлық оркестрімен шығармашылық концерттерін өткізді. 30-дан астам ғылыми-танымдық мақала, 10 шақты кітап, оқу құралын жазды. «Астана-Бәйтерек», «Елім менің», М.Төлебаев атындағы конкурстарда «Балдырған» шығармасы, «Қазақстаным" әні, «Мыстан кемпір» пьесалары лауреат атанып, жүлделі орындарға ілінді. «Оралым – асыл қазынам» әні Отан тақырыбындағы үздік әндер қатарында болса, «Теректі толқыны» әні ауданның ресми әнұраны ретінде орындалып жүр. 500-ге жуық ән-күйді өңдеп, оркестрге түсірді. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры сахналаған «Құрманғазы», «Махамбет», «Мезгілсіз келген махаббат», «Сақал саудасы» спектакльдерін музыкамен көркемдеді.
Ұстаз ретінде Еркіннің ондаған шәкірті республикалық домбырашылар сайыстарында лауреат атанып үлгерді. Жасы 45-ке енді толған Еркіннің қыруар жұмысты қалай атқарып жүргеніне, қайдан уақыт табатынына таңдасбасқа шараң жоқ. Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, қауымдастық профессоры лауазымдарына тынымсыз еңбекпен жеткен Еркіннің адами болмысы да биік.
Сырда туып Алматыда білім алған, еңбек жолын Оралда бастап, сол өңірдің өнерінің қарыштап өсуі жолында еселі еңбек еткен, өмірі өнермен өрілген Еркіннің ендігі арманы – оркестрді академиялық оркестр деңгейіне жеткізу.
Төлепберген ТОҚЖАНОВ,
күйші-композитор.
« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |