Ауыл театрының тарландары

Ұзақ жылдар бойы Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйінің директоы қызметін атқарған еңбек ардагері Жанділда Баймұратовты халықаралық театр күнімен құттықтап, қоңырау шалғанмын. Қашан көрсеңде ағеден қалпынан танбайтын ағам қуанып қалды. Сәл нәрсеге көңілі көк аспанға шарықтап, болмашыға жасып қалатын шынайы өнер адамына не  дерсіз?

Көз алдыма өткен ғасырдың 80-жылдары елестеді. «Қазақстанның 40 жылдығы» кеңшарында жаңадан еңселі мәдениет үйі салынып пайдалануға берілген болатын. Бұған дейін шағын да жатаған клубқа көзі үйренген  тұрғындарға  ақ кірпіштен қаланған, биік сахнасы, атшаптырым көрермендер залы, кең кабиеттері бар мәдениет үйі ертегідегі хан сарайындай көрінгені де рас. Ауылдың кино механигі, марқұм Жаңабай Төлешов өз ісінің нағыз шебері саналатын. Ауданға келген  тартымды кинофильмдерді  шаруасына мығым, пісентті ағамыздың арқасында өзге ауылдардан бұрын біздің қырықжылдықтың тұрғындары тамашалап жүрді. Сол кезеңдегі ауыл бозбалалары, менің құрдастарымның сотқарлығын мойындауға тура келеді. Көше тентектерінің топқа бөлініп, жанжалдасуы жиілеп кеткен еді. Сондай күндердің бірінде мәдениет үйіне қаладан Жанділда Баймұратов  директорлыққа келді. Орташа бойлы жұқалтаң жүзді жігіт ағасы  іскер адам екен. Ауыл халқына  ақжарқын қалпымен тез сіңісіп кетті.  Жастармен де тіл табысып, мәдениет үйінде өзі ұйымдастырған  үйірмелерге тартты. Менің де қыр соңымнан қалмай жүріп, драма үйірмесіне қатысуға көндірді. Алғашқыда  жүрдім-бардым қарағанмен кейін қызығушылығымыз арта бастады. Бір қызығы, жастар дайындық кезінде Жанділданың айтанын екі етпей орындайтын. Осылайша көзін ашқан бұлақтай ауыл  мәдениеті соны серпін, өзгеше күшпен алға қарыштады. Ауыл өнерпаздары аудан көлеміндегі мекемеаралық сайыстарда алдыңғы лектен табылып жүрді.

Жанділда Баймұратов басқаратын мәдениет үйінің жанындағы драма үйірмесі өздері дайындаған спектакльдерді алғашқыда ауыл ішіне, үйренісе келе өзге елді мекендерге, кейін аудан орталығына, көрші ауданға сахналап жүрді.

1989 жыл. Баймұратов Арал ауданының орталығында өтетін халық театрлары байқауына қатысуға тәуекел қылып, бақ сынауға бекінді. Өңшең сен тұр, мен атайын дейтін бұрыннан атақ-дәрежесі бар ұжымдар қатысатын байқау оңайға түспейтіні айдан анық. Бұл сынға Оразбек Бодықовтың «Қарақұм трагедиясы» атты спектаклі таңдап алынды. Межелі күн жетіп,  байқауға барған ауылдың өнерпаздары қазылар алқасының төрағасы, қазақтың тұңғыш режиссері, даңқты Асқар Тоқпанов, мүшелері танымал биші Шара Жиенқұлова, халық әртісі, белгілі әнші Бикен Римова сынды есімдері баршаға мәлім өнер майталмандары екенін білгенде қатты састы. Мұны түсінген есімі елге мәлім өнер иесі,  марқұм Жәдігер Тұрсынов ауыл өнерпаздарына арнайы келіп, сәттілік тілеп, қайраттандырып қойды. Спектакль  сәтті шықты. Қазылар алқасының төрағасы Асқар Тоқпановтың «ауыл жастарының сахна мәдениетін меңгеруі, ойыны өте жоғары деңгейде» деген бағасын естігенде қуаныштарында шек болмады.  Қазылар алқасының шешімімен сол кездегі  Қазақстанның 40 жылдығы атындағы ауылдың драма ұжымы халық театры атағына ұсынылды.

Мәдениет үйіне Жәкеңнен кейін дарынды әнші Ғани Дармағанбет басшылық жасағанда драма үйірмесі өзінің халық театры атағын қорғап қалды. Қазіргі таңда Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйінің директоры қызметін Марат Жақсылықов атқарады. Атап кетерлігі, Әлжан Арнұр есімді  өнерлі жас жігіт режиссерлық ететін ауылдық мәдениет үйінің жанындағы  халық театры Қазалы ауданындағы елді мекендер арасында осындай жоғары атағы бар бірден-бір ұжым. Күні кеше аудандық байқауда Арнұр Әлжан жеңімпаздар қатарынан табылды. Бүгінде Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйіндегі драма, ән, би, терме үйірмесінде көптеген өрендер өнер жолына тағылым алуда. Талаптарың оң болсын!   

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

Жанқожа батыр ауылы. 

 

Мәдениет 29 наурыз 2019 г. 2 332 0