Жуырда облыстық филармонияның камералық оркестрі Балқан түбегіндегі Босния, Герцеговина, Сербия, Венгрия мемлекеттерінде түркітілдес елдердің қатысуымен өтетін камералық оркестрлер фестиваліне қатысады. Кеше камералық оркестрдің гастрольдік сапар алдындағы есеп беру концерті өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов қатысты.
Осыдан үш жыл бұрын облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен өңірлік филармонияда камералық оркестр құрылған еді. Қазіргі уақытта шығармашылық ұжымның репертуары шоқтығы биік туындылармен толыққан. Оркестр әлемге әйгілі шығармалармен бірге, Құрманғазы, Дәулеткерейдің күйлерін де орындайды.
Жиылған ел концертте бір сәт оркестердің мың құбылған иірімді, қарқынға толы әуеніне шабыттанса, бірде нәзік те мөлдір лирикаға елти түсті. Камералық оркестрдің көркемдік жетекшісі – Анар Жаңбырбаева болса, дирижері ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор, композитор – Анвар Акбаров.
– Бүгінде оркестр ұжымы виолончель, контрабас, фортепиано, скрипка сынды музыкалық аспаптармен өнер көрсетеді. Танымал композиторлар ғана емес, Алмас Серкебаев сынды жас өнер иелерінің де туындыларын орындаймыз. Жуырда ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы камералық оркестрінің өнерпаздары бізге келіп, ұжыммен бірге дайындық жұмысын жүргізуде. Бұл – өнер ұжымы үшін өте пайдалы тәжірибе алмасу, – деді Анар Жаңбырбаева.
Иә, жыл басында оркестр ұжымы шетелге шықпақ. Өнер иелері ауқымы кең, айтары мол фестивальдан мол тәжірибемен оралып, елдің рухани қазынасын арттыру мақсатында еңбек ететіні анық.
Айдана ЖҰМАДИНОВА.