Түркияны тамсандырған өнерпаздар

Маусым айының 1-10 аралығында Түркияның Кастамону, Болу, Ақсарай және Анкара сынды 4 бірдей қаласында ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының 25 жылдық мерейтойы аясында түркі халықтарының өнер фестивалі өтті.

Өнер саңлақтарының басын қос­­қан шараға Сыр елінен Тұрмағамбет атындағы халық-аспаптар оркестрі қатысты.

Оркестрдің гастрольдік бағ­­дар­­­ламасы Кастамону про­вин­­­­­циясының Таскөпір қала­сы­­­­­нан басталды. Кон­цертке жиналған көрермендер, му­зы­­­­­канттар өнерін ерек­ше ықы­­­ласпен қабыл алды. Өнер­паз­дар орындаған халық әндері мен Қорқыт, Құрманғазы жә­не Әлшекейдің күйлері, клас­си­калық шығар­ма­лар Кастамону   көрер­мендерін тамсандырды.

Биыл ТҮРКСОЙ шешімімен түркі әлемінің мәдени аста­насы атал­ған Кастамону – Түр­кияның солтүстік жа­ғын­дағы көне қалаларының бірі. Оның іргетасы  б.д.д. VIII ғасырда қаланған.

Болу, Ақсарай және Анкара қала­ларындағы концерттер ан­ш­лагпен өтті.

– ТҮРКСОЙ ұйымының аты­нан ор­кестр музыканттарына та­­ма­ша концерттік бағдарлама үшін алғыс айтқым келеді. Қызылордалық халық-аспаптар оркестрінің фес­тивальға қатысқаны бе­кер емес, өйткені, Сыр елі – жыр елі қай­таланбас талант иелеріне бай екенін бәріміз де жақсы білеміз, – деді ТҮРКСОЙ-дағы Қазақстанның өкілі Асқар Тұрғанбаев.

Ансамбль концерті оркес­трдің бас дирижері Кеулімжай Ботабаев пен ҚР Мемлекеттік академиялық сим­фониялық оркестрі мен Н.Тілендиев атын­дағы «Отырар са­зы» ака­де­миялық фольклорлық-этно­­графиялық оркестрінің ди­­ри­­жері Мүсілім Әмзенің бас­қаруы­мен өтті.

Сыр жұртшылығының мақ­та­ны­на айналған оркестр 2007 жылы Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 125 жыл­дығына арналған мерекелік ша­ралар аясында облыстық фи­лар­мония жанынан құрыл­ған. Құрамында 60-қа жуық музыкант жұмыс істейді.

Оркестр репертуарында 400-ден ас­там халық әндері мен күйлері, сондай-ақ, Қорқыт, Құрманғазы, Дина, Қазанғап, Шал Мырза, Бекпембет, Әлшекей, Жалды­бай, Досжан, Төлеген және өзге де қазақстандық және жер­гілікті композиторлардың шығар­ма­ла­ры бар.

«СБ» ақпарат.

Мәдениет 14 маусым 2018 г. 1 621 0