Мамыр айының соңғы күндері Алматы қаласындағы Орталық демалыс саябағында дәстүрлі «Бозторғай» балалар шығармашылығы халықаралық конкурсы бар сән-салтанатымен өтті. Биыл жиырмасыншы рет өткен конкурсқа әртүрлі жанр бойынша Қазақстанның барлық аймақтарынан және Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Украина, Армения, Грузия, Әзербайжан, Литва, Латвия, Болгария, Италия, Чехия елдерінен келген 800-ге жуық өнерпаз қатысып, бақ сынады. Ал 1 маусым күні гала-концерт өтіп, онда конкурс жеңімпаздары өнер көрсетті.
Осы гала-концертте 11-13 жас аралығындағы балалар тобында 1-ші орын алған Қызылорда өнер мектебінің «Балбұлақ» халықтық үлгілі би ансамблі де болды. Осы ансамбльдің көркемдік жетекшісі Әсел Ыдырысованың айтуынша конкурстың алғашқы айналымында біздің өнерпаздар ұлттық қазақ биі жанрында «Мәңгілік ел балалары» биін билесе, екінші күні «Нео қазақ» бағытында «Ұлы дала рухы» биін қойған. Осы екі қойылымда да ансамбль құрамындағы 32 бала толық қатысқан. Осылайша таланттар тайталасында өнерлерімен қазыларды тәнті қылған ұл-қыздарымыз өз топтарында 1 орын алып, Болгарияда өтетін «НИЕ-ХХІ век» өнер фестиваліне жолдамаға ие болды.
Әсел Бекзатқызы осы орайда «Бозторғай» балалар шығармашылығы халықаралық конкурсына қатысу, абыройлы, мәртебелі іс болып саналатынын жеткізді. «Бозторғай» лауреаты атану, Қазақстан жас таланттарына өнер әлеміне өмірлік жолдама береді. Сонымен бірге, ол «Балбұлақ» би ансамблінің 19 жыл бойы көркемдік жетекшісі болған Ақмарал Қойшығұлованың атына жылы лебіздерін арнады.
Тағы бір жағымды жаңалық, «Балбұлақ» би ансамблі облыстық «Бозторғай» конкурсында үздік өнерімен «Burabay Summer Fest» балалар мен жасөспірімдер телевизиялық фестиваліне де жолдама алған болатын. Бұл фестивальға басқа да номинациялар бойынша облысымыздың жас өнерпаздары қатысады. Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Бурабай демалыс аймағында өтетін бұл шара Астана қаласының 20 жылдығына арналады. Бурабайдан кейін жас өнерпаздар Астана қаласындағы гала-концертке қатысады деп күтілуде.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».