БАТЫРХАН АТЫНДАҒЫ БАЙҚАУ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

 Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Батырхан Шөкенов атындағы ІІ республикалық «Отан-Ана» байқауы өтті.  Облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық  мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен конкурс Астана қаласының 20, Қызылорданың 200 жылдық мерекесіне арналды.  

Ұлттық эстрададағы тұтас бір дәуірдің бастауында тұрған Батырхан Шөкенов өнер көгінде еркін самғады. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Қазақстанда жарқырап танылған, кейін Ресей эстрадасының жұлдызына айналды. Оның ешкімге ұқсамайтын қайталанбас қалпы, әндері тыңдармандарының жадында мәңгі жаңғыра бермек. Осы орайда Қызылорда қаласында, Батырхан Шөкенов атындағы «Отан-Ана» республикалық байқауы дәстүрлі түрде жалғасын тауып келеді.

Алдымен әншінің шығармашылығы мен ән мұрасын дәріптеуге арналған конкурсқа арнайы шақырылғандар баспасөз конференциясын өткізді. Қазылар алқасының құрамында Сағынай Абдулин, Дильназ Ахмадиева, Ринат Гайсин, Рүстем Нұржігіт секілді өнер жұлдыздары бар. Жиында облыс әкімінің кеңесшісі, қазылар алқасының төрағасы Ержан  Әбдірахманов биыл екінші рет өтіп жатқан байқаудың негізгі мазмұнына тоқталды. Келген қонақтарға алғысын білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ал, Б.Шөкенов атындағы қордың директоры Олжас Байқанов  «В нас вселяют любовь» атты бұрын еш жерде орындалмаған 13 әні енген альбом жарыққа шыққалы жатқанын айтты.

– Соңғы жылдары біз Батырдың жаңа альбомы бойынша жұмыс жасаудамыз. Жинаққа ешкім естімеген жаңа әндер енеді. Бұл әндер жинағы Мәскеуге де жеткізіледі. Жинақтың жарыққа шығуына үлкен топ белсенді  жұмыс жасады, – деді О.Байқанов. 

Батырхан Шөкеновті өнердегі ұстазы санайтын композитор Ринат Гайсин әншімен тығыз әріптестік байланыста болғанын жеткізді.

– Музыкант болу кез келген адамның қолынан келмейді. Қазір әнші көп. Бірақ нағыз әнші аз. Батыр тума талант иесі еді. Оның өнерде өзіндік жолы болды. Батырдың әндерін кез келген әншінің өзі орындай алмайды. Біз ұзақ уақыт бірлесіп жұмыс жасадық.  Батырға арнап бірнеше ән шығардым. Мәселен, бүгінгі конкурста оған арнап жазылған «Астана» әні орындалады. Осы байқау аяқталған соң Прагаға барып, студия архивінде сақтаулы тұрған бірнеше әнін жаңартып, қайта өңдеуді қолға алғалы отырмын, – деді Р.Гайсин.   

Одан әрі Батырхан Шөкеновпен «Арай» тобында бірге өнер көрсеткен Сағынай Абдулин  әнге құштар Батыр жайлы әңгімеледі. Өнерде ағалық қамқорлығын көрген шәкірттері Дильназ Ахмадиева мен Рүстем Нұржігіт «Отан-Ана» конкурсының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып,  мұндай байқаулар жастарға берілген үлкен мүмкіндік екенін жеткізді.

Конкурсқа еліміздің барлық өңірлерінен және Өзбекстан  мемлекетінен 25 орындаушы қатысты. Қатысушылар ереже бойынша екі ән орындады. Бірі өз таңдауы болса, екіншісі – Б.Шөкеновтің репертуарынан. Үміткерлер барын салып, өнер көрсетті.

Көптен күткен конкурс та мәресіне жетіп, қазылар алқасы шешімімен үздіктер анықталды. Бас жүлдені Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Ерік Төленов жеңіп алды. Бірінші орын Қарағанды облысынан келген Гүлнара Көшеноваға бұйырса, ал екінші орынды Батыс Қазақстан облысынан келген Айымбек Сартуков олжалады. Жүлделі үшінші орынды Қызылорда қаласынан қатысқан Индира Бәйімбетова мен астаналық  Күлайым Қайырбаева иемденді. Жеңімпаздарға қомақты ақшалай сыйлық, статуэтка, арнайы диплом табыс етілді.

Ал, Шөкеновтер отбасының арнайы жүлдесі алматылық Сырым Еңсеповке бұйырды. Сырымға Батырханның қолтаңбасы қойылған микрофонды ағасы Бауыржан Шөкенов табыстады. Сонымен бірге облыстық  мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының жүлдесін жерлесіміз Арайлым Маханбетжанова алса, Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналған қала әкімінің арнайы жүлдесімен Ақтөбеден келген Нұртас Омаров пен Сырдария ауданынан қатысқан Шарап Тұрғанәлі марапатталды. Байқауды ұйымдастырушылар атынан қалған қатысушыларға диплом табысталды.

Сара  АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

Мәдениет 19 мамыр 2018 г. 836 0