Жыршылық өнердің жақұты

Ғасырлар бойы ауыздан-ауызға тарап, тот баспай жеткен жыршылық өнерді жалғастырушылар жетерлік. Жан тебірентер терменің мақамын бұзбай, нақышына келтіре орындап жүрген Ақмарал Ідірісова солардың қатарында. Қазақтың қара домбырасының үнін әуелетіп, киелі өнерді дәріптеп жүрген талантты жастың талабы биік. Ол жыршылықтың өшпес жолын қалыптастырғысы келеді. Бүгінде Арал аудандық мәдениет орталығында өнерін шыңдап жүрген бойжеткеннің шерткен күйі мен шырқай салған әнін тыңдарман таңдай қаға тыңдайды.

– Жыршылық өнердің тұғыры қашанда биік. Ол – мазмұны әлдеқайда жоғары, құнды дүние. Қазақтың қазақтығын танытатын да – дәстүрлі әні, күйі, жыры деп білемін. Шетелде эстрадалық ән арқылы сіздің қазақ екеніңізді ешкім аңғара қоймайды және онымен көпті таңғалдыра алмайсыз. Ал, дәстүрлі әніміз, жыр-термеміз ұлттық болмысымызды айшықтайды. Олар да осыған қызығады. Жалпы, өнер – халық тарихының шежіресі. Мұнда адамның қуанышы мен қайғысы бейнеленеді. Кезінде кең өріс алған, әншілік термешілік мектептің қазіргі уақытта жоғалып кетпеуіне бірден-бір апаратын жол – дәстүрлі өнерді кеңінен насихаттау. Ата-бабадан қалған асыл мұраны көкейге тоқып, бойға сіңірсек, қазақ өнерінің тағылымы жалғаса береді. Мен де ақын-шайырларымыздың құнды мұраларын дәріптеуді, дәстүрлі әнді насихаттауды алдыма мақсат етіп қойдым. Мектепті тәмамдай салысыммен өнер әлеміне өзгеше өрнек салуды қалаймын. Эстраданың бір сарындылығынан әнге деген құлшыныстың төмендеуі, кейінгі тыңдаушылар жырды түсінбеуі, дәстүрлі әнді жақын қабылдамауы мүмкін, әрине. Бірақ, қазақы жыр, дәстүрлі музыка өз құнарын жоғалтқан жоқ. Оның үстіне қазақ баласын термемен, жырмен тәрбиелеген. Ақтамберді, Махамбет, Шалкиіз, Дулат жыраулар – соған дәлел, – дейді кейіпкеріміз.

Дәстүрлі өнерді дамыту жолында бағытын айқындаған жас жыршының жеткен жетістігі орасан. Ақмарал – аудандық, облыстық байқаулардың жүлдегері. Шетел сахнасында өнерін паш еткен. 2016 жылы Баку қаласында өткен VII Халықаралық «Мугам» фестиваліне қатысып, арнайы дипломмен марапатталды. Биылғы жылды да жеңіспен бастады. Алматы қаласында қазақ поэзиясының мұзбалағы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 87 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жырлайды жүрек» республикалық байқауында бас жүлдені еншіледі. Сыр сүлейі Жаңаберген жыраудың «Жыр бастау» термесін орындап, қазылар алқасының жоғары бағасына, жиналған қауымның ерекше алғысына бөленді. Гүлжамал Бейсова, Айбек Тәңірбергенов секілді жыршы-термешілерден тәлім алған Ақмаралдың алдағы уақытта да жеңісті жолын жалғастырып, алға қойған арман-мақсатына қол жеткізеріне сенім мол.

Шұғыла Әкім, 
Ш.Уәлиханов атындағы №127 мектеп лицейі
Шиелі ауданы

ы».

Мәдениет 22 ақпан 2018 г. 2 625 0