...Айбатты бол, ақылды бол, арлы бол,
Мейлі дертті, мейлі дымсыз жарлы бол.
Ең бастысы – көркем, асыл мінезбен,
«Менмін» деген адамдардың алды бол.
Бұл туындының авторы – он тоғыз жастағы Динара. Ол осылай жалынды өлең оқығанда елең етпеген жан қалмады. Ойы орнықты, сөзі салмақты екен. Біз онымен «Қалалық мәдениет үйлері, клубтары және халықтық ұжымдар» МКК-на қарасты «Зағиптар қоғамы» ұйымдастырған зағип жастар арасындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауында таныстық. «Болашақ» колледжінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алатын бойжеткеннің әні де, сәні де ерекше екенін байқадық. Өзі айтпақшы, мінезі – көркем. Бірақ, қос жанарының біреуі ғана 10 пайыз көруге қауқарлы. Талантқа талас жоқ емес пе?!
Астананың 20 жылдығы, Қызылорда қаласының 200 жылдығы аясында Алаш қозғалысының қайраткері, ақын М.Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуына орай өткен «Мен жастарға сенемін» облыстық көркемсөз оқу байқауында Динара Ешниязова І орынды жеңіп алды. Ал ІІ орынды Құралай Мылтықбай, ІІІ орынды Меруерт Көбейсінова мен Бақытгүл Іргебаева иеленді. Байқауда Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандары мен облыс орталығынан қатысқан сегіз жас үш кезең бойынша өлең оқыды. Күдігін үмітке, уайымын батылдыққа айырбастаған жандардың өнері де, жігерлі даусы да көрерменге ой салды.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».