Партияның Жалағаш аудандық филиалы мен «Жас Отан» Жастар қанаты аудандық бөлімшесінің ұйымдастыруымен «Ұлы Дала Қазынасы» партиялық бағыты аясында ұлттық өнерді дәріптеу мақсатында «Дәстүрлі ән өнері – ұлттық өнердің қазынасы» тақырыбында домбырамен ән айтатын 14-20 жас аралығындағы қабілетті жастар арасында байқау болып өтті.
Шараны «Нұр Отан» партиясы Жалағаш аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Мұстафаева ашып, қазақ халқының бай мұрасының бірі – дәстүрлі әндер екенін айтып, байқауға қатысушы жас өнерпаздарға сәттілік тіледі.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені №201 мектеп-лицейінің оқушысы Бағдәулет Бақытұлы жеңіп алды. І орын №115 негізгі мектеп оқушысы Орныққан Пазылға, ІІ орын №202 орта мектеп оқушысы Жақсылық Ешмұрат пен №246 орта мектептің оқушысы Аружан Мыңбайға бұйырды. Үшінші орын жүлдесін №32 орта мектеп оқушысы Әсел Қуандық пен №232 орта мектеп оқушысы Ерқанат Мұңайтпас алды. Байқауға қатысқан барлық өнерпаздар партия филиалының арнайы «Алғыс хатымен» марапатталды.