12 қаңтардан бері әр күні Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінің көрме залында сырбойылық суретші Амангелді Кененбаевтың «Сұлутөбе» атты шығармашылық көрмесі өтіп жатыр. Ол 28 қаңтарға дейін жалғасады.
Көрменің бұлай аталуы бекер емес. Қылқалам шеберінің туып-өскен жері – Шиелі ауданының Сұлутөбе ауылы. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаладағы Мемлекет басшысының туған жер туралы толғамы Амангелді ағаға әсер етпей қоймапты. «Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – дейді Елбасы. Осыдан кеп суретші пайғамбар жасына жеткенше салған дүниелерінің ішіндегі таңдаулыларынан жеке көрме өткізу туралы ойға тоқтаған. Шара Қызылорда қаласының 200 жылдығы мен Астана қаласының 20 жылдығына арналды.
Көрмеге бас-аяғы жетпіске тарта картина қойылған. Туған жер табиғатының сұлулығы суретшілерді әрқашан тебірентіп, шығармашылығына шабыт беріп отырады. Амангелді аға да солай. Сұлулық – табиғат егізінің сыңары десек, оны аша білген суретші – нағыз өнерпаз, адам жанының көріпкелі. Кейіпкеріміз айналасындағы әрбір сәтті қалт жібермеуге тырысады. Орыс суретшісі П.Крылов: «Өнерді жарты күшпен көтере алмайсың, оған бар күшіңді салуың керек», – деген екен. Сол айтқандай, А.Кененбаев бейнелеу өнеріне бар күшін, уақытын, өмірін арнап келеді.
– Бүкіл әлемдегі біздің миымыз жететін, жетпейтін сұлулықты Алла тағала жаратты. Сөйтіп, адамдарға «осыларды көре біліңдер» деген сияқты. Біз соның мыңнан, тіпті, миллионнан бір бөлігіне татымайтынын ғана бейнелей аламыз. Өйткені, бүкілін дәлме-дәл көшіріп алуға адамның шамасы жетпейді. Таңның атуы, күннің батуы секілді табиғат құбылыстары маған керемет әсер сыйлайды. Кез келген адамға да солай шығар деп ойлаймын. Тек соған құштар бола білу керек, – дейді суретші.
Амангелді аға өзі армандаған салаға бірден келе қойған жоқ. Мектепті бітіргесін гидромелиоративтік техникумда оқыды. Одан кейін ауыл мектебінде сурет пәнінен сабақ берді. Киномеханик те болды. Тек 1978 жылы Ә.Қастеев атындағы Шымкент өнер училищесіне оқуға түсіп, 1982 жылы үздік диплом алып шықты. 1983 жылдан бастап туындылары облыстық, республикалық және шетелдік көрмелерге қойыла бастады. Халықаралық пленэр және симпозиумдардың қатысушысы. Облыс әкімі стипендиясының иегері. Бірқатар мүсіндік және монументалды объектінің авторы. КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Суретшілер одағы облыстық филиалының төрағасы, ҚР Мәдениет қайраткері.
Кейіпкеріміз әлемнің бірнеше мемлекетінде өткізілген көрмелері өзіне ерекше әсер сыйлағанын айтады.
– Ең алғаш рет, 1986 жылы жұмыстарымды Чехословакияға жібергенім есімде. Шет елдерге содан бастап және үздіксіз шығып келемін. 1987 жылы КСРО Жас суретшілер одағына мүшелікке қабылдандым. Ал келесі жылы бір ай бойы жас суретшілердің бүкілодақтық симпозиумына қатыстым. Осыдан кейін өзіме сенімділік пайда болды, – дейді Амангелді аға.
Өзі айтқан сенімділік оны өрге сүйреді. Кеңес одағы кезінде социалистік мемлекеттердің біразындағы көрмеге картиналары қойылды. Бертін келе еңбектері Лондонда, Парижде, Нью-Йоркте, Токиода шетелдік көрерменнің қызығушылығын оятты. Суретші туындыларының ішіндегі елеулісі бүгінде Париждің төрінде тұр. Ол – Алаш қозғалысының қайраткері, қазақ ойшылы, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, Түркістан автономиясын құрушы Мұстафа Шоқайдың бюсті мен ескерткіш-тақтасы. Амангелді аға одан да басқа қазақтың көптеген тарихи тұлғасын сомдап, тас тұғырға қондырған.
– Адам қанша қартайса да көңілі жас боп қалады. Өнер адамдары өмір бойы соның арқасында әлемге, айналасына жүрек көзімен қарайды, – деген суретші үнемі ізденісте болу адамды алға жетелейтініне сенімді.
Содан болар, ол әлі күнге өнімді еңбек етуге ұмтылып келеді. Алматыда жеке көрмесін өткізу жөнінде ұсыныс түскенде қуана келіскен. Айтуынша, алматылықтардың қызығушылығы аса жоғары. Күн сайын көрермен үзілмейтін көрінеді. Аталған шараны ұйымдастыруға септігін тигізген Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейі, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен өзі еңбек ететін көркемсурет галереясының ұжымына алғысы зор. Алдағы уақытта мұндай көрмелер Астана мен Қызылорда қаласында да ұйымдастырылмақ.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».