ЗАМАН АҚИҚАТЫН АЙШЫҚТАҒАН

Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрда жазушы М.Сәрсекенің “Тендерге түскен келіншек” драмасы сахналанды. Тақырыбының өзі ойды сан-саққа жүгіртетін қойылымды тамашалауға бұл жолы мемлекеттік қызметшілер келді.
Драмада заманның теріс тұстары ашылды. Уақыт өткен сайын құндылықтардың өзгеріп отыратындығы, қоғамдағы жемқорлық кеңінен баяндалып, несие, адамзаттың басына түскен ауыртпалық, арлыны ақшаның алдында бас идірген қу заман бейнеленді. Терең мағыналығымен құнды қойылымда көлікпен кісі қағып кеткен жалғыз ұлдарын пара беріп соттан құтқармақ болып шарқ ұрған ерлі-зайыптының тағдыры баяндалды. Олардың өмірі бір күнде өзгерді. Осылайша, әйелі жас кезінде өзін құлай сүйген Мырзабектің көмегіне жүгінді. Есесіне, отағасымен ажырасып, шылқыған байдың айтқанын екі етпеуге келісті. Анасын саудалап, түрмеден құтылған безбүйрек ұл мен келін сансырап қалған әкені қаңғытып та жіберді. Бір кездері бір әулеттің бәйтерегі болған әкесі көше кезіп кетті. Тек атасын шексіз жақсы көретін немересі ғана бұл дертке дауа бола алды. Қоғамның мейірімсіздігін көрсеткен шытырман оқиғада “Кім кінәлі? Заман ба, әлде адам ба?” деген сауалдар маза бермеді. Сағила, отағасы Таубай, Айнагүл келінді, тергеушімен үй-іші арасындағы делдал Жорабекті сомдаған театр актерлері де шаңырақты ортаға түсірген мұндай құрбандықтың мәні жоқ екенін қалың жұртқа жеткізіп, салмақты ой тастағандай болды.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
Мәдениет 27 қараша 2017 г. 886 0