ЖЫЛҚЫ ЖЫЛЫНДА «ЖАРҚЫРАҒАН ОРХИДЕЯ» СӘНДЕ

Міне, 2014 Жылқы жылы да келіп жетті. Жаңа жылдан жақсылық күтетін қауым, әсіресе, қыз-келіншектер заман талабына сай киінуді ұмытқан емес. Әлемнің белгілі сәнгерлері Лондон, Милан, Нью-Йорк, Парижде өткен сән апталығында Жылқы жылының басты киім үлгілерін паш етті. Тон және теріден жасалған сырт киімдермен қатар, қанық түс, арт-принттер, яғни, көлемді суреттері бар көйлектер және тор көзді киім үлгілері биылғы сәнге айналмақ. Отандық дизайнер Аида Қауменованың айтуынша, тор көйлекті қызыл шілтермен бірге қолданса, әйел затына тән нәзіктікті көрсетеді. Шілтермен бірге 2014 жылы матаның ханшайымы аталатын барқыт, мақпал маталардан тігілген киімдер сәнге енеді. Ал ұзындыққа  келсек, салтанатты кеште жерге дейін төгіліп тұрған көйлек кисеңіз, күнделікті өмірге тізеден төмен көйлек не белдемше таңдаған дұрыс. Соңғы кезде әйел заты бұрынғыдай ашық киімнен гөрі шамалы жабық жүргенді ұнатады. Бұл сәнге айналып келеді. Әрине, ол дене бітімнің кем-кетік тұстарын жасыруға ыңғайлы. Дегенмен, бұл түбегейлі оранып алу емес, талғаммен киіну болып табылады. 
Сәнді киінудің сырын ашқан дизайнерлер Жылқы жылы  ашық жасыл және көк түске басымдылық беріліп отырғанын айтады. Оны ұтымды пайдалануда бірқатар кеңестерді есте ұстаған жөн. Мәселен, қазақтың қыз-келіншектері көбіне қара торы болып келеді. Сондықтан қара көк киімдер, қою түсті киімдер жараса бермейді. Егер көк түсті киім кисеңіз, міндетті түрде оған ашық түсті аксессуарлар таққан дұрыс. Әрине, қымбат гауһар тастардан бастап, інжу, маржан сәннен қалған емес. Әрбір қарапайым көйлек не кофтаның сәнін аша түсетін мойын әшекейін ұмытпасаңыз болғаны. Күнде болмаса да, салтанатты кештерде шашыңызға ерекше әшекей бұйымдарын тағып жүрсеңіз, бұл сіздің сән әлемінен хабардар екеніңізді көрсетеді. Биылғы жылы сонымен қатар, «жарқыраған орхидея» түсі барлық маусымда сәнде болып, ең жиі қолданылатын түске айналады. Демек, күлгін, алқызыл түстердің реңктері махаббат, сенімділік, көңіл-күйді білдіріп тұрғандай әсер етеді.
Ал, ерлердің киім үлгісіне келсек, көптеген сәнгерлер қара түсті киімдердің орнына қара-көк түстің басқанын айтады. Бұл түстегі киімдер теңізшілердің әскери формасы іспетті, қайратты әрі мәртебелі көрінетінін тілге тиек етеді. Белгілі дизайнерлер 1930 жылдардағы сән үлгісі арамызға қайта оралғанын да жасырмайды. Киім ілгішіңізде міндетті түрде пиджак, пальто және шатыраш жейде тұруға тиіс. Костюмнің шатыраш болуы жігіттерді сырбаз әрі сымбатты көрсетеді. Ерлерге арналған жеңіл күртешелер кезекті маусымда да айналымға шығуда. Костюмдер мен түкті шатыраш пальтолар күз-қыс маусымында өтімді болады. 
Әйелдер арасында, сонымен бірге, ерлер арасында осы жылы ең сәнді шаш үлгісі ретінде ұзын кекіл мен буылған ұзын шаш саналмақ. Өтіп бара жатқан Жылан жылында сәнді етіп өрілген бұрым қолданылса, ұзын шаш иелерін Жылқы жылы көп кездестіруге болады. «Каре» шаш үлгісі біртіндеп өз маңызын жояды. Макияж жасауда ашық түстер қолданылады. 
Ғаламтор беттері бойынша дайындаған: Айсәуле САҒАТБЕКҚЫЗЫ.

ҚОҒАМ 07 қаңтар 2014 г. 1 571 0