БІРЛЕСТІКТЕГІ ЖАҢА МЕШІТ

БІРЛЕСТІКТЕГІ ЖАҢА МЕШІТШиелі ауданының Бірлестік ауылында жаңа мешіт ашылды. «Қалкүл ана шарапаты» деп аталатын бұл имандылық үйі ата қоныс тұрғындары үшін сауапты сый болды.
Елді мекенге кіреберісте орын тепкен имандылық үйі алыстан көз тартады. Мұнарасы мен күмбезі соңғы үлгіде салынған мешіттің ашылу шарасына үш мыңдай жамағат жиналды. Осынау игілікті іске Нәлібаевтар отбасы мұрындық болды. Бар шаруаға басшылық жасаған Ыбырайхан аға әулетінің үлкен ұлы, белгілі кәсіпкер Махмұд Нәлібаев ата-ана рухына тағзым жасай отырып, мешітті анасының атымен «Қалкүл ана шарапаты» деп атауға ұйғарым жасапты.
– Имани құндылықтарды алдыңғы орынға қоятын алтын құрсақты анамыз Қалкүл Бақбергенқызы осы ауылдың тумасы болатын, – дейді «Марсель-групп» компаниясының бас директоры Махмұд Нәлібаев. – Өмірге он екі перзент әкелген Батыр ана бар саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнады. Әкеміз Ыбырайхан екеуі небір қиын күндерді бастан өткеріп, өмірдің өр белестерін бағындыра білді. Қандай жағдайда болса да, олар мұқтаж жандарға қол ұшын созып, елдің қамын ойлаумен өтті. Ата-анамыздың осындай өнегелі тәрбиесін көріп, ізгі жолын жалғаған ұрпақтары бүгін сауапты іс жасап, жұртшылықтың ықыласына бөленудеміз.
Имандылық шарасында елімізге танымал айтыс ақындары сөз сайыстырды. Оншақты жыр дүлдүлдерінің арасынан суырылып шығып, ақтық сында шеберлік байқасқан Сара Тоқтамысова мен Аян Сейітовтің сөз саптаулары мен орамды ойлары өнерсүйер қауымның құлақ құрышын қандырды. Жазушы Қоғабай Сәрсекеев бастаған әділқазылар алқасының ұйғарымымен бас жүлдеге тігілген жеңіл автокөлік ақтөбелік Аянның еншісіне бұйырды. Бірінші орын иесі Сараға 500 мың теңге берілсе, жыр додасына қатысқан қалған ақындардың әрқайсысына 200 мың теңгеден сияпат жасалды.
Сондай-ақ, Нәлібаевтар отбасы ауылда жаңадан ашылған білім ұясына жаңа «Газель» автокөлігінің кілтін тапсырды.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.


ҚОҒАМ 05 қазан 2013 г. 1 615 0