ЖҮРЕК ЖҰТҚАН ЕЛАМАН

ЖҮРЕК ЖҰТҚАН ЕЛАМАН Ел тыныштығы жолында қауіпсіздікті қамтамасыз ету әр ер азаматқа жүктелген абыройлы борыш. Ал сол мерейлі міндет кезінде өзінің антына адал болып, қырағылық таныту жүректілікті, батылдықты, батырлықты талап етеді. Бұлар бейқам тірлікте болған кез келген қиыншылықтарда жігіттердің жанынан табылу керек қасиеттер. Мұндай қасиеттер Жанділдаев Еламан Бақытжанұлының бойынан табылады. Ол бүгінгі күннің қаһарманы екені сөзсіз.
Өткен жылы маусымның 5-інде Ақтөбеде лаңкестік оқиға орын алғаны баршаға белгілі. Бір топ қарулы лаңкесшілер қаладағы әскери бөлім мен қару сататын дүкендерге шабуыл жасап, жаға ұстарлық жағдай туғызды. Бүлікшілер қару сататын дүкендер алдында бей-берекет оқ атып, соның салдарынан құқық қорғау қызметкерлері мен бейбіт тұрғындар зардап шекті. Сонымен қатар, олар ұлттық гвардия әскери бөліміне шабуыл жасау үшін маршруттық автобусты басып алып, ондағы көлік жүргізуші мен жолаушыларды түсіріп тастаған. Автобуспен әскери бөлім қақпасын соғып өтіп, территорияға өткеннен кейін бүлікшілер тағы да атыс жүргізеді. Бұл жерде де бірнеше әскери бөлім қызметкерлері жараланған. Ел тыныштығын бұзған жандар суық қарулармен қаруланып, бейбіт күнде бірлігі мығым елдің ынтымағына іріткі салуға тырысты. Алайда, мұндай теріс пиғылдылардың іс-әрекетіне еліміздің қайсар жігіттері тойтарыс беріп, олардың арам ойларын іске асырмай тастады. Олардың қатарында сырдариялық Еламан да ерлік танытып, лаңкестермен бетпе-бет шайқасқан жандардың бірі.
Өзінің абыройлы міндетінде қырағылық танытқан жас сарбаз ауданда хас батырдың есімімен аталатын Аманкелді ауылында туған. Небәрі жиырмадан енді ғана асқан ол №42 Қ.Баймағамбетов атындағы орта мектеп түлегі. 9 сыныпты бітіргеннен кейін Еламан Қызылордадағы политехникалық училищеге оқуға түскен. Үш жылдық оқу орнынан «автомеханик» мамандығын алып шығады. Осыдан кейін оның әскери өмірі басталды.
2013 жылдың көктемінде аманкелділік жасқа әскерге шақыру қағазы келеді. Отан алдындағы мерейлі міндетті өтеу үшін ол аудандық әскери комиссариат арқылы сапқа тұрған. Өз қатарластарымен Ақтөбедегі №6655 Ұлттық ұлан әскери бөліміне аттанып, жас сарбаз атанды.
Мерзімді әскери қызмет кезінде Еламан 1 атқыштар ротасының 2 взводы 3 бөлімшесінің «сарбаз атқышы» болады. Осы қызметте жүріп ол бір жылдық әскери міндетін өтеп шығады. Әскери өмірдің қиыншылығын көріп, қару ұстап ел қорғаны болуға машықтанады. Ел тыныштығын қамтамасыз етуге дағдыланған жас сарбаз мерзімді әскери қызмет аяқталған соң аталмыш бөлімде келісім-шарт бойынша жұмыс жасауға қалады. Сол бойынша әскери қызметші болып, абыройлы міндетін авторотада аға маман-аға жүргізуші қызметінде жалғастырып келеді. 
Аталмыш қызметте жүргенде Ақтөбедегі лаңкестік оқиға орын алды. Ол уақытта Еламан әскери автотұрақ бойынша кезекшілікке тағайындалған. Қарамағында үш сарбаз бар. Оқиға болған күн жексенбі болған соң әскери бөлімде тек жауапты кезекшілер ғана қалған. Сондай қызметте автотұрақтағы әскери көліктерді тексеріп жүргенде радиоқабылдағыштан «Әскери бөлім қақпасына шабуыл жасалды» деген хабар келеді. Төтенше жағдай орын алғанда кезекшілер өзіне бекітілген аймаққа жауап береді. Соған сәйкес, Еламан автотұрақтан алыс кетпей, әскери көліктердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қақпа арқылы төніп келген лаңкесшілер бей-берекет оқ жаудырып, бөлім қызметкерлерімен қақтығысқан. Бүлікшілердің мақсаты – қару мен әскери көліктерге қол жеткізу. Осыған орай, олар әскери қызметшілерге шабуылдап, автотұраққа бет алады. Қарулы топқа қарсы шыққан ішкі қарауыл күштері жетпей, атыс кезінде автотұраққа қарай ығысады. Оларды Еламан автотұраққа кіргізіп алып, лаңкесшілерге қаруластарымен қарсы тұрады. Шұғыл көмек келгенше өзіне бекітілген аймақты қорғайды. Сондай жанкештілік кезінде Еламанға оқ тиген.
– Қарауыл бастығын автотұраққа кіргізгеннен кейін белгісіз адамдардың төніп келе жатқанын байқадым. Қолдарында қарулары бар. Олар бір топ. Қарауыл құрамында үш әскери қызметші, менің қарамағымда үш сарбаз, жетеу болып оларға қарсы тұрдық. Атыс кезінде белгісіз жандардың екі-үшеуі жараланғанын білем. Одан кейін маған оқ тиді, — деді ол шақты елестетудің өзі қиын екенін айтқан сырдариялық жас батыр.
Ауыр жараланған Еламанға дер кезінде ота жасалып, кеуде тұсындағы оқ алынған. Ержүрек жігіт екі айдың ішінде аяққа тұрып, өзінің кезекті демалысына шығыпты. Лаңкестердің оғынан аман қалып, өмірге қайта келген жан жаңа өмірін жаңалықпен бастады. Еңбек демалысында елге Ақтөбеден келін әкеліп, әке-шешесін, бауырларын, ағайын-туысты қуантты. Сонымен қатар, өзінен кейінгі інісі де келін түсіріп, Аманкелдіде қос қуаныш қатар тойланды. 
Оқыс оқиға кезінде жанкештілік танытып, өз міндетінде қырағылық көрсеткені үшін Еламан Жанділдаев ерекше марапатқа ие болды. Жас батыр «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Медальді Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы Руслан Жақсылықов тапсырған. 
Міне, бейбіт күні ел арасына іріткі салуға ұмтылғандарды Еламандай жаужүрек ұлдар тоқтатты. Сындарлы сәтте еш тайсалмай, қарулыларға қарсы тұрған жандар бүгінгінің батыры екені күмәнсіз. Сондықтан оларға деген құрмет те ерекше.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ.
ҚОҒАМ 07 ақпан 2017 г. 766 0