Жезқазғаннан Сексеуілге дейінгі салынып жатқан теміржол даланы екіге бөліп, бірде жолында кездескен төбені 17 метрге дейін ойып өтіп, бірде жер беті деңгейінен 21 метрге дейін көтеріліп кетеді. Өзендер мен ойпаттар арқылы 12 көпір салынып, жалпы көлемі 30 млн. шаршы метр болатын топырақ төсемінің бойына 244 су өткізетін құбыр тартылды. Осындай үлкен көлемді жұмыс бар-жоғы 16 айда жүзеге асырылды. Ағымдағы жылдың 12 желтоқсанында Жезқазған-Сексеуіл теміржолының екі жақтан басталған жоғары қабатының құрылысы түйістіріліп, айрықша мәні бар оқиға болды.
Игіліктің ерте-кеші жоқ. Десе де қауымның үкілі үмітін дер кезінде ақтағанға не жетсін?! Оған қоса, бұл мыңдаған адамның ырзығын ажырататын кәсібіне айналса ше? Ондайда шын көңілмен «бәрекелді» дейтіңіз айдан анық. Әңгімеміздің өрісі жырақты жақындатқан, ағайынды қуантқан «Жезқазған-Бейнеу» теміржол желісі екендігін ішіңіз сезіп отырған шығар.
Сәл шегініс жасайықшы. 2012 жылдың шілде айы. Тербенбес тауының бөктеріндегі Сексеуілде ерекше серпін байқалады. Жазықта шағаладай баспаналар құрылып, қаз-қатар қазандар асылып жатыр. Буы бұрқыраған дәмді тағамның исі аранынды ашады. Бір шетте алуан үлгідегі көліктер шоғырланыпты. Көкке қалықтаған әсем әуен, құйқылжыған күй атырапты жаңғыртып жатыр. Қарақұрым жұрттың ашық-жарқын қабағына, көтеріңкі көңіліне қарап «той болып жатыр» деп топшалайсыз. Жорамалыңыз шындықтан жырақ емес. Жайшылықта тынысыңды тарылтатын қапырық ауа бүгін қоңырсалқын күйге ауысыпты. Бұл «халық – құдайдың бір аты» дегенді есімізге түсірді. Шараға жиналғандар Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтетін телекөпірді асыға күтуде. Баршаның назары үлкен экранға ауған. Міне, көптен күткен сәт. Өзге аймақтардағы жағымды жаңалықты қамтыған тележүргізушілер «Жезқазған-Бейнеу» теміржол желісінің бастау рәсіміне кезек берді. Ұлт көшбасшысының ақ тілегі, рұқсатынан соң алғашқы шпал төселді. Президентіміздің «Бұл еліміздегі ең ірі жобалардың бірі. Дүниежүзінде мың шақырымнан асатын теміржол құрылысын салып жатқан бірде-бір мемлекет жоқ. Жоба барысында мыңдаған адам жұмысқа орналасады. Мемлекеттің басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын жақсарту» деген сөзіне сексеуілдіктер ду қол ұрды.
Міне, сонан бері санаулы уақыт өтті. Жаз түніндей тым қысқа мезгілде адам айтса нанғысыз жұмыстар атқарылды. Телегей тер төгілді. Маңғаз дала еңбек дүбіріне толды. Нәтижесінде теміржол желісі Жезқазғанға түйісті.
«Жоба бойынша теміржол Абай, Атанши елді мекендерінен өтіп, Жезқазғанға ұласады. Келешекте Сексеуіл тораптық станса болады. Көптеген құрылыстар бой түзейді. Инфрақұрылымы дамиды. Сексеуіл шағын кенттен алып шаһарға айналады» деген пікір қалыптасқан еді. Бекер емес екен. Ғаламат жобадағы ауқымды шаралардың орындалуына «Базис» компаниясы зор үлес қосты. Өлшеусіз жігер-қайрат жұмсалды. Ондаған мың текше метр жерге топырақ төселді. Шпалдар жүргізілді. Теміржол өткелдері, автожол маңындағы көпірде толымды тірліктер тындырылды. Жоспарға сәйкес су, мал өткізу құрылғылары салынды. Төсеніш баурайлары безендіріліп, су құрылғыларының арналары қалыптастырылып, нығайтылуда. Кіші көпір құрылысы аяқталды. Сексеуілден 38 екі пәтерлі тұрғын үйдің, 280 орындық балабақша нысаны салынды. Баршаға қашанда ыждағаттылығымен мәлім компания бұл жолы да мәрттік танытты. Өздеріне бекітілген аумақтағы жұмысты сапалы әрі алғашқылардың қатарында аяқтады.
Мақаланы жазу барысында «Базис-А» құрылыс компаниясы №2 филиалының директоры, Қазақстанның құрметті құрылысшысы Марат Көпешовпен тілдескенімде мекемедегі 500 адамның басым бөлігі жергілікті тұрғындар екенін, қажетті техникалармен жабдықталғанын, жиырмаға тарта мердігер мекеме барын, Қарашеген стансасынан 18 үйдің құрылысы басталғанын, алдағы жылы Абай елді мекенінен 90 орындық балабақша, 22 тұрғын үй бой көтеретінін, теміржол желісінің 241 шақырымын «Базис» компаниясы жүргізгенін естідім.
Бойымды ризашылық сезімі кернеді. Осы ретте ел ағаларының шалымдылығын атап кеткен жөн. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей тапсырмасымен қолға алынған алып жобаны облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған ел ағалары құлшына қостады. Аймақ басшысының ықпалымен «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының президенті Асқар Мамин, басқа да лауазымды тұлғалар Сыр бойына қадам басты. Сексеуілдегі жүздесуде Асқар Ұзақбайұлы Өңірлік даму министрлігі арқылы кентке қомақты инвестиция құйылатынын, көптеген әлеуметтік нысандар салынатынын жеткізген еді. Енді сол уәде орындалатын күн де қыр астында. Жылқы жылынан жұртшылық жағымды жаңалықтар күтеді.
Жұмабек Табынбаев.
Сексеуіл кенті.