АРМЫСЫҢ АСЫЛ ТЕКТІМ, ЖЫЛҚЫ ЖЫЛЫ

«Барлық жаратылыс Уақыттан қорқады, Уақыт пирамидалардан қорқады» деген сөз бар. Бұл  пирамидалардың мықтылығын дәріптеу үшін ғана айтылған. Ұлы Уақыт – бір Жаратушыдан өзге күллі ғаламның әміршісі. Өйткені, Уақыттың өзі сол Жаратушының туындысы. Оның әр өлшемі ғаламда әр түрлі. Мысалы, миғражда бір ғасыр уақыт біздің қас-қаққанымыздай ғана, ал, Жер бетінде ол – жүз жыл.
Міне, біз жаңа жүзжылдықтың он екі айдан тұратын тағы бір жылын Уақыттың уысына салып, табалдырықтан аттаған тағы бір жаңа жылына төрелік бергелі отырмыз. Бұл – Жылқы жылы.
Жылқы табиғатында қасиетке бай – тазалықты, сергектікті, бейбітшілікті, еңбекті сүйетін жануар. Қанаты жоқ демесең, құспен жарыса алатын жылқы қазаққа қай заманнан-ақ дос болған. Аяғын  таралғыға шіреп құйындай шапқан қазақ даласындағы жауынгерлерді алғаш көрген еуразиялықтар таңғалысқан. Еліне барып олардың суретін салғанда ат үстіндегі адам мен жылқының денесін біріктіріп жіберген. Осы қиялдан «кентавр» пайда болған.
«Жылқымінездес» деген тіркес те тек қазақта айтылады екен. Жылқының өзін былай қойғанда, Жылқы жылы да қазаққа мамыражай тірлік, байлық пен бірлік, бақыт пен береке ғана сыйлаған жомарттығынан танбаған. Келіп жеткен 2014 жылды болжаушылар да жаңа жылды шаруаға жайлы, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан табысты жыл болады деп отыр.
Өткен Жылан жылы да Сыр аймағы жұртшылығы үшін айшықты өрнектер қалдырды.
Өңір ресурстарының ерекшелігін өте жетік білетін қайраткер Қырымбек Көшербаевтың аймақ тізгінін қолға алуы өткен жылдың басты айшығының бірі болды.
Облыс әкімі әуелгі жұмыстарының бірінде шыны зауытын Ақтөбе облысынан салу туралы Yкімет қаулысының қайта қаралуына мұрындық болып, жобаның өз облысымызда жүзеге асуына бастамашылық жасады. Қ.Көшербаев тұрақты жұмыс орнын ашуды, салық саласы базасының нәтижелі кеңеюін, әлеуметтік-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуді әр деңгейдегі әкімдер жұмысының үш өлшемі деп қарады. Осы себептен жергілікті кәсіпорындарға шет елдік жұмыс күшін тарту екі есеге азайды.
Yдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламасының аясында «Бейнеу-Сексеуіл-Жезқазған» теміржолының құрылысы қарқынды жүргізілді. «Баласауысқандық» ванадий кен орны өз өнімін беріп отыр. Бұл күні облыстағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,2 трлн. теңгені құрауы осындай еселі еңбектің нәтижесі.
Облыс орталығының өзінде ғана құрылыс жұмысының көлемі 2012 жылмен салыстырғанда 111 пайызға артып, жыл басынан бері 92,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Сонымен бірге, облыс әкімі экологиялық таза әрі бәсекеге қабілетті өнімге қол жеткізу, Қызылорда күрішін әлемдік деңгейге көтеру бағытындағы жаңа бастамалар мен нақты іс тетіктерін жүзеге асырды. Соның бірі  – облыста Күріш консорциумының құрылуы. «Қазагро» және «Агробизнес – 2020» мемлекеттік бағдарламаларының шеңберіндегі тиімді пайдаланылған мүмкіндіктер мен мемлекет пен жеке әріптестік қағидалары күріш шаруашылығын кешенді дамытуға қызмет етті.
Ауыл шаруашылығын серпінді дамытуда еңбек ырғағын тоқтатпай, ерен күш-жігер біріктіре білген «Абзал и К» толық серіктестігінің жетекшісі Абзал Ералиевтің еліміздің ең жоғары атағы – «Еңбек Ері» алтын жұлдызын кеудеге тағуы Сыр еңбеккерлеріне көрсетілген құрмет болды.
Бүгінгі жеңісіміз кешегі өткен туған жер перзенттерінің бізге қалдырып кеткен игіліктері мен үлгі-өнегесінің ізі екені аян. Сондай ерлердің өмірлік ұлағатын ұрпақ бойына сіңіру, осы реттегі халықтық іс-шаралар да назардан тыс қалған жоқ. 2013 жылы Т.Есетов, Қ.Қазантаев, И.Әбдікәрімов, Цай Ден Хак секілді Сыр саңлақтарының мерейлі күндері  аталып, олардың тұғырлы тұлғалары ұлықталды.
Облыс басшысы туған өлкеге деген тағы бір перзенттік борышын тарихи маңызы зор ескерткіштерді ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұралары тізіміне енгізу бағытындағы жұмыстарымен паш етті. Сығанақ, Жанкент, Шірік-Рабат  қалашықтарының орнына археологиялық жұмыстар толассыз жүргізіліп келеді. Сығанақ қаласын қалпына келтіріп, оны ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру идеясы – бүгінге ғана емес, ұзақ келешекке де ұлағат болар іс.
Түркі дүниесіне ортақ тұлға Қорқыт атаның біздің жерімізден мәңгілік қоныс табуы, адамзат өмірінде алғаш аспан қақпасы болған алтын тұғырлы Байқоңырдың осы өлкеден орын тебуі – Сыр елінің байлығы мен бағы. Біз осы жетістіктерімізді өзге көзге көрсете білуіміз керек. Бұл мақтаныш үшін емес, халқымыздың рухани қуатын әйгілеу үшін қажет. Сондықтан осы екі қасиетті орынды «ЭКСПО-2017» көрмесінің толыққанды объектісіне айналдыру үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Әркім өз қазанында қайнаса, оның қасиетін кім сезінсін. Облысымыздың өркендей түсуі үшін сырт жұртпен іскерлік қарым-қатынас жасау қашаннан бергі үрдіс. 2013-тің қазан айында Польша республикасына іссапар ұйымдастырылып, темір жол саласы үшін қосалқы бөлшектер шығаруға байланысты бірлескен кәсіпорындар құруға уағдаласылды. Ал, қараша айында облыс әкімі Татарстан Республикасына сауда-экономикалық миссиясын көздеген іссапар ұйымдастырып, жақсы үрдісті жаңғырта түсті.
Тарихтың құзырына өтіп бара жатқан жыл осындай қадау-қадау өрнектерімен ерекшеленді. Сыр астанасы Қызылорданың келбеті көріктеніп, көшелері кеңейді. Гүлзарлардың көзі жайнап, гүл өңді жерлестеріміздің жүзінде бақыт табының дөңгелене қалғанын байқайсыз.
Бұл – жаңа келген жыл қуанышы. Бұл – жылқы жылынан күтер мол үміттің шуағы.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

ҚОҒАМ 31 желтоксан 2013 г. 1 113 0