ЖЫЛҒА ТІЛЕК

Өрілсін ақ тілекпен жыр тұғыры,
Төгілсін өң-жүзімнен күлкі нұры.
Он екі мың шақырым аламанды,
Келдің бе артқа тастап, Жылқы жылы.
Ала кел далама құт, аулыма бақ,
Бере гөр жанға байлық, саулық абат.
Сенем мен сенің текті туымыңа,
Арқар жон, арыстан төс, шәулі қанат.
Өзіне құлап ауған көңілім шын,
Қияға тастамаған серігімсің.
Қазақты кім дейтұғын біреу болса,
Жүйрігім, сені көріп мені білсін.
Бәйгеде жан аямай теріңді үгіп,
Кетесің ақ боранға көмілдіріп.
Көшпелі көрмесіндей қолөнердің –
Құраны ер, қайыс жүген, өмілдірік.
Жылқы десе төселер мақтанға тіл,
Белді бу, білегіңді көкпарға  түр.
Заманның бейбітшілік бедері бол,
Шойын тұяқ, шот маңдай, шоқпар кекіл.
Отынан мейірімнің үйің ысып,
Қарағым, ақ қаңтарда киін ішік.
Тағы бір жаңа жылға тілек айттым,
Сапырып қымызыңнан құйып ішіп.
Д.АЯШҰЛЫ.

ҚОҒАМ 31 желтоксан 2013 г. 1 436 0