Кейде бір жерден екінші жерге бару үшін қоғамдық көліктерден бөлек, таксидің көмегіне жүгінеміз. Такси жүргізушісі ойлаған жеріңе көтеріңкі көңіл-күймен, әрі аман-есен жетуіңе тікелей ықпал етеді. Дегенмен, бүгінде жолаушы өміріне салғырт қарайтын, көлік жүргізушілерін жиі кездестіруге болады. Кейбір такси жүргізушілерінің көлік жүргізіп келе жатқан кезде ұялы телефонмен сөйлесуі, тіпті темекі тартып, көлігіне мінген адамның денсаулығына зиян келтіруі үйреншікті жайтқа айналып бара жатыр. Сонымен қоса, жанына ұялы телефонын қойып, жолда фильм көретін таксисттер де бар.
Осындай оқиғаға куәгер болған Алматы қаласының тұрғыны 25 жастағы Балауса Маратқызының сөзінше, біресе жолға, біресе ұялы телефонындағы киноға қарап отырған таксист, көлігінде жолаушы отырса да еш қымсынбаған.
– Жұмысыма кешігіп бара жатқан соң, таксиге отырған едім. Аздан соң, қарасам, такси жүргізушісі соткасынан киноны қосып қойып, көлік жүргізіп келе жатыр. Мен ескерту айтсам да фильмді өшірмеді. Жүргізушіні жарты жолдан тоқтатып, басқа таксиге міндім, – дейді Балауса Маратқызы.
Мұндай көріністер жүргізушылердің жолаушы өміріне деген жауапкершілікті сезінбейтінін білдіреді. Әрине, таксисттердің бәрі сондай демейміз. Бірақ көбісі өз жауапкершілігін сезін¬бейді. Жолда қысылмай, ұялы телефонмен сөйлесіп отырады. Заң бойынша, көлік жүр¬гізу бары-сында ұялы телефонмен сөйлесуге тыйым салынған. Алайда, ешкім ол заңды сақтамайды, ал сондайларға ешқандай бақылау жүргізі¬мейді.
Қызылорда қаласының тұр¬ғыны 32 жастағы ¬мұға¬лім Сәуле Мақсат-қызының пікірінше, жа¬уап¬кершілік адамға тәрбие ар¬қылы бері¬леді. Сон-дықтан әр ата-ана перзентіне жауапкершілік се¬зімін сыйластық пен көр¬кем тәрбие арқылы бере білуі керек.
Осы орайда Алматы қаласының тұрғыны Даша Стрекозованың басынан өткен оқиғасын баян етейік. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында өте сыпайы, әрі тәрбиелі такси жүргізушісіне жолыққанын жазады. Ең қы¬зығы, көліктің ішінде салқындатқыш қосылған, алдыңғы орындықтағы арнайы сөмкеде құрғақ және ылғал майлықтар, түрлі тәттілер, газдалған және газдал¬маған су қойылған. Такси жүргізушісі 61 жастағы Берік Ахметов өзінің Семейден келгенін, осында отбасымен тұратынын, осындай игі бастамамен қоғамды сәл де болса, жақсы жаққа өзгертуге талпынғанын айтыпты. Оның сөзінше, көлікке су мен кішкене конфет қою соншалықты шығын әкелмейді. Керісінше адамдардың көңіл-күйін көтеруге септігін тигізеді.
– Мәселен, көлікке мінген адамға шын ниетіңмен тәтті ұсынсаң, ол қуанып қалады. Өзің де қуанышты адамдарды көріп, жақсы көңіл-күйде боласың, – дейді такси жүргізушісі.
Даша Стрекозова болса, қоғамды осындай ауқым¬ды болмаса да, ізгі ниеттен туындаған кішкентай әрекеттермен өзгертуге болатынын жазады.
Енді статистикаға жүгінейік, Қазақстанда жыл сайын 3000-нан астам адам жол апатынан қаза табады. Мысалы, 2014 жылы жүргізушілердің қателігінен 18 828 жол апаты тіркеліп, апат кесірінен 2331 адам көз жұмған. Ал 2015 жылдың 9 ай көлемінде 13 723 жол апаты тіркеліп, 1792 адам қайтыс болды. 2016 жыл¬дың 5 ай көлемінде жол апатынан 731 адам көз жұмып, 9045 адам түрлі жарақат алған.
Бұл фактілер көлікші жауапкершілігін арттыру қажеттігін көрсетеді. Олардың жолда фильм көріп, шылым шегіп, не ұялы телефонмен сөйлесіп отыруынан осы сандардың еселене түспесіне кім кепіл?
«Жол жүру ережесі» Заңының 591-бабына сәйкес, көлік жүргізушісіне ұялы телефонды қолдануға қатаң тыйым салынады. Заң бұзылған жағдайда 10605 теңге көлемінде айыппұл салынады. Сонымен қоса, жоғарыда айтылған Заңға көлік жүргізушісіне шылым шегуге тыйым салатын жаңа өзгерістер енгізілуде. Себебі, шылым шегу кезінде де жүргізушінің ойы бөлінеді. Жүргізушінің көлік жүргізумен қоса, шылым шеккен жағдайдың 70 пайызында темекі түтіні көзге кері әсер етіп, оның бағдарлану қабілетін төмендетеді. Жалпы, көлік жүргізу-шілердің шылым шегуіне әлемнің 100 мемлекетінде заңды түрде тыйым салынған.
Әсел БЕГМАН,
ҚазМУ-дың 4-курс студенті.