Баланы тәрбиелеу – оны бақытты ету

Баланы тәрбиелеу – оны бақытты етуҚоғамдық орындарда кішкентай перзентіне дөрекі сөйлеп, тіпті қол көтеретін адамдарды жиі кездестіруге болады. Араша түскен адамға «менің балам, өзім білемін» деп жауап қайтаратын жас ата-аналарды көріп, іштей қынжыласың. Себебі, баланы ұрып-соғу арқылы тәрбиелеу оның психологиялық және эмоционалды тұрғыда қалыпты дамуын тежейді.  Әйгілі неміс ойшылы Карл Маркс бір сөзінде: «Тәрбиелейтін адам ең алдымен өзі тәрбиелі болуы керек», – дейді. 
Бала үшін ата-анасының әрбір әрекеті дұрыс болып көрінеді. Сондықтан ол ата-анасынан көр¬геннен кейін бауырларын, қонаққа барғанда өзге сәбилерді ұрып-соға бастайды. Осылайша оның түсінігінде ұру қалыпты жағдайға айналады. Соның салдарынан ол ашушаң, өзіне көңілі толмайтын агрессивті болып өседі. Неге? Себебі ата-анасы оны ұрғандықтан, ол өзін жаман адам ретінде есептей бастайды. Бұл баланың қалыпты психологиялық жағдайын нашарлатады. Ең жа-қын адамдарынан жапа шеккен баланың бойында бейтаныс адамдарға, қоғамға деген мейірім мен жылу болмайды. 
Ұрып-соғудың тағы бір салдары – бала өз ойын ашық айта алмайтын, тұйық, адамдармен қарым-қатынастан қорқатын адамға айналады. Жүргізілген сауалнамаға сәйкес, ата-аналар баланы ұру дұрыс емес екенін біле тұра, ашудың ке¬сі¬рінен қолдарына ерік береді екен. Соның нәтижесінде сауалнамаға қатысқан жасөс¬пірім¬дердің 44,6 пайызы жиі шапалақ жегендерін жет¬кізсе, 30,8 пайызы бір рет болса да таяқ же¬гендерін естеріне түсірді. Тек 18 пайызы ғана  ата-анасының ешқашан соғып көрмегенін айтты. 
Отбасындағы ұрып-соғуға қатысты әлемге әйгілі швед жазушысы Астрид Линдгреннің 1978 жылы Германияда айтқан сөзін баян етейік. Оның айтуынша, баланың мейірімді, не қатыгез болып өсуіне ата-анасы тікелей ықпал етеді. 
–  Бір күні маған өзінің басынан өткен оқиға¬сын айту үшін жас ана келді. Ол 5 жастағы баласының кезекті еркелігінен қатты шаршағаны соншалық, баласын далаға шығарып, шыбық тауып әкелуін тапсырады. Біраз уақыттан кейін, көзіне жас толған бала шыбық таба алмағанын айтып, анасына тасты ұсынады. Сол сәтте «мені ұрғысы келген анамның шыбық болмаса да тастың көмегімен-ақ ұратын болар» деп түсінген баласының ойын ұққан ана көз жасына ерік береді. Осы оқиғадан кейін, «баланы ұрып-соғу арқылы тәрбиелеуге болмайтынын» еске салып тұруы үшін тасты ас бөлмесіне қойып қояды, – дейді Астрид Линдгрен.
Жазушының әсерлі сөзінен кейін, әлем бойынша Швеция мемлекеті 1979 жылы отбасында және мектептерде ұрып-соғудан заңды түрде бас тартқан алғашқы мемлекет болды.
Адам бойында бала кезінен дарыған қасиет¬терді өсе келе өзгерту қиынға соғады. Бала жас шыбық тәрізді. Қалай бағып, өсірсең, қай бағытты көрсетсең, солай дамиды және бой түзейді. 
Мүмкін барлығымыздың ас үйімізге кішкене тас қойып қойған жөн болар?

Әсел БЕГМАН,
ҚазМУ-дың 4-курс студенті.

ҚОҒАМ 26 қаңтар 2017 г. 1 306 0