Туляремия – жәндіктер тарататын жұқпалы індет. Бұл кеселдің өзіне тән арнаулы қоздырғышы бар. Оны «тулярензе» дейді. Тулярензе – өте майда, ол дененің терісі, танау, ауыз және тыныс жолдарының шырышты қабықтары арқылы да өте алады.
Туляремия үлкендермен қатар балаларды да ауыртады. Туляремия қоздырғышы негізінде далада өсіп-өнетін тышқан, қоян, күзен және басқа да жәндіктер мен хайуандар денесін жайлайды. Адамға сиыр, қой, түйе, жылқыға және тағы басқаларға туляремияны жұқтыратын да сол жабайы хайуанаттар.
Ауру адамға қарағанда, малда жеңіл өтеді. Ауырған малды сойғанда немесе пішенді, егін бауларын үйгенде, аударғанда, тасығанда, оларды жайлаған тышқандағы ауру қоздырғышы шаң-тозаңмен көтеріліп, ауа арқылы тыныс жолдарына түсіп, адамды ауыртады. Қыс айларында тышқандар қоймадағы астық пен далаға үйген егін сабандарын паналайды. Міне, сол дәнді астықты тазалағанда, үйген шөп пен сабанды тасыған кезде сақтық шараларын ұмытпау керек. Азық-түлік қоймаларында, нан дүкендерінде, диірмендерінде мүмкіндігінше тазалық сақтап отыру керек.
Туляремия қоздырғышы жұғып ағзаға түскеннен кейін аурудың алғашқы белгілері 3-5 күн, кейде 12 күн өткен соң басталады. Науқастың денесі қызады, ыстығы көтеріліп, қалшылдата бастайды. Басы ауырады, мазасы қашып тынышсызданады. Бұлшық еттері сыздап ауырады. Тамаққа тәбеті шаппайды, ұйқысы бұзылады және түнде денесін ағыл-тегіл тер басады.
Мұрынның қанауы мүмкін, құсық басталады. Егер қоздырғыш ауа арқылы тыныс жолына өтсе, тұмау – сүзек басталады, өкпені қабынтады және көкірек қуысындағы бездерді шошытады. Көз қабағы домбығады, көз қабынып іріңдей бастайды, шаншып ауыртады, көзді аштырмайды.
Қоздырғыш тамақ арқылы жұқса, ол жұтқыншақ бездерін қабындырып – баспа түрінде бөлінеді. Көмекейге қатынасы бар мойын және жақ астындағы бездерді шошындырып ісіндіреді. ауызды ашқанда жақ қарысып ауырып асты жұтындырмайды.
Туляремия ауруы өте жұқпалы болғанымен, дер кезінде емделсе, қорқынышты емес. Емделген науқастар 2-3 жұма ішінде сауығып кетеді, бірақ індеттің салдары біразға созылады. Бәрінен де мал және дала жұмысындағы адамдар індет қауіпі бар жерде алдын ала ектірсе, туляремиядан 5 жылға дейін сақтануға болады.
Жаңаберген ҚАЛИЕВ,
ОСЭСО-ны энтомолог көмекшісі.