МЕКТЕП НЕГЕ БАТЫР ЕСІМІМЕН АТАЛМАЙДЫ?

Жуырда редакцияға газеттің тұрақты оқырманы Б.Нағымановтан хат келді. Оқырманды толғандырған мәселені зерттеп-зерделеп, тиісті мекемеден жауап алдық. Төменде назарларыңызға сұрақ пен жауаптың мәтінін қоса ұсынып отырмыз. 

Жақында туған жерім Қазалы ауданының Бекарыстан би ауылына жолым түсті. Сол кезде №24 орта мектептің бұрынғыдай Кеңес Одағының батыры, сол жердің перзенті Үрмаш Түктібаевтың есімімен аталмайтынын естіп, көңілім түсіп кетті. Ұлы Отан соғысында қаншама боздақ ұрпағының жарқын болашағы үшін өмірлерін қиды. Ұлы Отан соғысына ауданның өзінен мыңдаған адам қатысып, 5 Кеңес Одағының батыры шыққан. Біз – 1956-1966 жылдар аралығында мектепте оқып, мойнымызға қызыл галстук тағып жүріп, елден шыққан батырларымызбен мақтанып, солардай болуға талпынып өскен ұрпақпыз. 
Үрмаш Түктібаев Қазалы ауданының Түктібаев кеңшарында дүниеге келген. 19 жасында Ұлы Отан со¬ғысына аттанып, неміс-фашист басқыншыларынан советтік Латвия жерін азат ету жолында ерлікпен қаза тапқан. Ерлігі үшін оған Кеңес Одағының батыры атағы берілген. Үрмаш Түктібаевтың өмір жолы және ерлігі туралы кезінде қазалылық жазушы Әлмәмбет Әлішев ағамыз «Батыр болып тумайды» деген кітап жазған. Кеңес Үкіметі кезінде Қазалы ауданынан сол кезде батырдың туған ағасы Қалман Түктібаев және басқа азаматтар Латвияға барып, батырдың соғысқан жерлерінде болып қайтқан. 
Латвияда мектеп, көше және басқа да бірқатар орын батырдың есімімен аталады. Бүкіл Кеңес Үкіметінің ке¬зінде кім екенін білмейтін қазақ баласын шет ел танып жатқанда туған жеріндегі мектептің атауы өзгергенін қалай түсінуге болады? 
Ұлы Отан соғысына қатысушы¬лардың даңқын асқақтату парызымыз. Өткенімізді дәріптеп, ерлерімізді бағалай алмасақ, кейінгі ұрпаққа қан¬дай тәрбие береміз? Мен осы орайда көтерілген мәселеге байланысты құзырлы орындардың пі¬кірін білгім келеді.
Б.НАҒЫМАНОВ, 
«Нағыман и К» ЖШС-ның 
директоры, 
еңбек ардагері.

КОМИССИЯ ОҢ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАЙДЫ ДЕГЕН ҮМІТТЕМІЗ
№24 орта мектеп коммуналдық меке¬месінің әкімшілігі «Нағыман и К» ЖШС директоры Б.Нағымановтың хатына орай мектеп атауына байланысты төмендегіні хабарлайды. 
Мектеп әкімшілігі мектептен неліктен Ү.Түктібаев атауының алынып тасталғанын зерттеу барысында батыр есімінің мектепке министрлік тарапынан бекітілмегенін анықтады. 2013 жылдың қазан айында «Қызылорда облысының мемлекеттік мұра¬ғаты» мемлекеттік мекемесінің директоры Н.Қуанышева бізге 1965 жылғы 29 сәуірдегі Қызылорда облыстық еңбекші депутаттар кеңесі атқару комитетінің №145 санды шешімінің мұрағаттық көшірмесін жолдады. Көшірмеге сәйкес облыстық кеңес шешімін Қазақ КСР Министрлер Кеңесінен бекіту сұралған. Бірақ оның бекітілгені жөнінде ешқандай құжат табылған жоқ. 
Осыдан кейін аудан әкіміне, аудандық білім бөліміне мектепке Кеңес Одағының батыры Ү.Түктібаевтың атын жаңадан беру туралы ұсыныстар жасалып, соның не¬гізінде аудандық ономастикалық комис¬сия ұсынысты мақұлдады. Облыстық ономастикалық комиссиядан да өтіп, респуб¬ликаға жолданды. 
Алдағы уақытта республикалық ономастикалық комиссияның оң шешімі шығады деген үміттеміз. 
А.САДИРОВ,
мектеп директоры.

ҚОҒАМ 21 қаңтар 2017 г. 1 350 0