МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ АЯСЫН КЕҢЕЙТУ ҚАЖЕТ

Республикамызда мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту – бүгінгі таңдағы өзекті мәселе. Өйткені, біздің ана тіліміз – Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымызбен қатар біздің елдігіміздің басты белгілерінің бірі болып саналады. Мемлекет болған жерде оның мемлекеттік тілі де болуы  керек. Сонымен қатар Қазақстан Республикасында қолданылатын барлық тілге бірдей құрметпен қарауды қамтамасыз етеді.
Сот істерін мемлекеттік тілде жүргізу сотқа байланысты емес. Өйткені заң бойынша сотқа шағымданушы арызды қай тілде жазса, азаматтардың Конституцияда бекітілген құқықтарын қорғау қағидасын алға тартып, іс сол тілде жүргізілетін болады. 
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың санын 95 пайызға жеткізу міндетін тегіннен-тегін қойып отырған жоқ. Осыған орай барлық қалалар мен аудандарда тілдерді оқыту орталықтары ашылуда. Тіл қарым-қатынас құралы болуымен бірге оны тұтынушы халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, дүниетанымдық ерекшелігін, ұлттық болмысын, рухани-мәдени байлығын, сан ғасырларға созылған даму тарихын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып жеткізуші, жинақтаушы қызметін атқарады. 
Қай заманнан тілге бай халықтың шапқыншылық заманында небір шешімі жоқ дау-дамайларды би-шешендер бір ауыз сөзбен шешкен. Қазақтар сол бір ауыз сөзге тоқтаған. Тоғыз ойдың тобықтай түйінін бір ауыз сөзбен жеткізу, тыңдаушының санасына қондыру – сөз шеберлігінің шыңы. Әрине, өткен жиырма бір жыл ішінде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру жөнінде шаралар жасалмады деп айта алмаймыз. Бірақ нәтижесі мардымсыз. Тілге байланысты Заң шолақ, мемлекеттік тілге қатысты талаптар осал. 
Сот жүйесінде іс қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізу жоспарлары бойынша бірқатар іс шаралар жүзеге асырылды. Дей тұрғанмен, кемшіліктер әлі де жетерлік. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді мақсат еткен соң, талаптарды да жоғары қою керек. Тілдің мәртебесін көтеру үшін құрылған жоспармен тек тіл жанашырлары ғана жұмыс істейді. Сондықтан тек мемлекеттік қызметкерлерге ғана емес, қай мемлекеттік мекеме болмасын іс қағаздарын жүргізетін мамандардың жүз пайызы қазақ тілін меңгергені жөн.
С.ЖАЛҒАСБАЕВА,
Қармақшы аудандық сотының бас маманы. 

ҚОҒАМ 28 желтоксан 2013 г. 1 136 0