Арланды атып алды

Арланды атып алдыЖелтоқсанның 17 күні Рүстем Кенжесариевтің қақпаны құр қалмады. Көптен бері Сумағар каналының бойы мен Қосқұдықтың маңына із тастап, ойқастап жүрген арлан қасқырдың аяғын құрған қақпаны қауыпты. Бұл маң оның мал жайып, егін салатын жері. Ілгеріде әкесі Мырзан да осында малын қыстататын еді. Қаршадайынан ол да атакәсіптен ұзаған емес. Қақпан құруды да әкесінен үйренген-ді. 
Мырзекең бірде атып алған қасқырын ердің үстіне көл¬денең салып, ауылға орал¬са, келінінің бірі ұл бала босанып, сол немересінің есімін Қасқырбай қойғаны бар. 
Сәскенің кезі болатын. Рүстем қақпанын көрейін деп келген-ді. Межелі жер¬ге жақын¬дай бере аты ос¬қырынып, құлағын қайшылай берді, бірдеңені сезген екен жануар. Ауыр сүй¬реткі ар¬ланды ұзата қоймапты. Айнала¬сына қан дақтары жұғыпты. Дереу мылтығын оқтап, ыңғайлана отырды. Ашу¬лы жырт¬қыш ауырсынған-ау, анда-санда аунай қалып, қақпан тістеген аяғын қауып-қауып алғаны байқалады. Жердегі із соны айғақтағандай. Сүйреткі сызған із сексеуілден шыға құм жотасын бетке алды. Қақпаншы ат үстінде барынша сақ отыр. Айтқандай-ақ, топ бұтаның арасынан қарайған қасқыр көрінді. Қақпаны бұтаға кептеліп қалғандай. Түз тағысы арпалысып әлек. Осыны сезген Рүстем атынан түсе бес-алты қадам жақындады да, қақ маңдайды нысанаға алды. Тарс еткен оқ тура қара тұмсықтың үстін тесіп кеткен екен. Мылтық дауысын естіп, осы маңда жүрген аудандық орман шаруашылығының қызметкері Айдархан Әнапияев та келе қал¬ды. Соның жүрдек көлігімен соққан аңын ауылға алып келді. Біз оларға дәл сол мезетте жолықтық. 
– Бұрындары да 2-3 қасқырды қанжығама байлағаным бар, тұрғындардың малына аузын салып жүрген мына жыртқыштың көзін жойғаныма қуанып та тұрмын, – дейді Жаңақорған ауданы Қандөз ауылының тұрғыны Рүстем Кенжесариев. 
Иә, осылай ауыл тұрғыны арлан қас¬қырды қақпанға түсіріп, ақыры атып алды.
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ. 
Жаңақорған ауданы. 

ҚОҒАМ 27 желтоксан 2016 г. 2 509 0