Бүгінгі таңдағы жастар қауымының ілім-білімге құштарлығы, ізденімпаздығы жаныңды жадыратады. Әрі өздерінің айтар ойын, пікір-ұстанымын еркін де нық жеткізетініне іштей ризашылық танытасың. Азат елде өскен осындай алғыр жастың бірі Дінислам Әбілов – Тәуелсіздіктің төл құрдасы.
Есімінің өзінен имандылықтың лебі есіп тұрған жалын жігерлі жігітпен тілдесе қалсаңыз, көп жайтқа қанығасыз. Оның жаста болса көрген-түйгені мол, парасатты жан екенін мойындауға тура келеді. Шалғайдағы Бозкөлдің мектебін үздік бағаға бітірген Дінислам спортқа әсіресе футбол, волейбол, баскетболға құмар болып өсті. Оқушы күндерінде білім сайыстарына қоса түрлі спорт жарыстарында аудандық, облыстық деңгейдегі бәсекелерде топ жарды. Бағы мен бабы қатар жанып, Қаз ҰТУ-дың білім грантын жеңіп алды. Мұнда да спорттан қол үзген жоқ. Университеттің құрама командасы сапында ойнап, бірқатар жетістіктерге жетті.
Алайда Дінисламның басты діттегені білімін онан әрі тереңдете түсу болатын. Алдымен бакалавр, сонан соң магистратурада білімін жалғастырды. Испанияда кейін Италияда іскерлік тәжірибеден өтті. Қайда жүрсе де, өзінің елін мақтаныш тұтып, сол жұрттың тілін, әдет-ғұрпын меңгеруге күш-жігерін салды. Еңбегі босқа кетпеді. Дінислам Күншығарұлы ана тілінен бөлек орыс, испан, итальян, ағылшын тілдерінде емін-еркін сөйлейді.
Көпті көрген көсем болатыны анық. Білім қуған Дінисламның басынан да біршама қызықты оқиғалар өтті. Барселона қаласында әлемдік деңгейдегі даңқты футболшылар Неймар, Суарес, Мессидің ойындарын көзімен көріп, жанкүйер болды. Жасыл алаңда теңбіл допты ұршықтай үйірген танымал футболшылардың қимылына көз ілеспейді. Тірі адам емес, құдды бір машина дерсің.
Көпшіліктің ішінде кімдер жүріп, нендей оқиғалар болмайды дейсіз. Римде Бота есімді қазақ қызының ақша салған әмиянынмен қоса төлқұжаттарын ұрлатып алғанын әлеуметтік желі арқылы білген сондағы қазақ жастары қолұшын созды. Көпшілік қуаттаса, оңға баспайтын іс болар ма?! Қиянда жүрген қарындасқа қажетті қаржы жиналды. Құжаттар да реттелді. Осылайша жат елдегі өндірдей жастар ата-бабасының тар кезеңде жақынын далаға тастамайтын мәрт үрдісін жалғастырды.
– Көпке топырақ шашқаным емес. Еуропада өздерінің астанасын, президентінің есімі кім екенін білмейтін адамдар да бар. Алайда олар Астана қаласы мен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев туралы жақсы хабардар болып шықты. Мұны естігенде кеудемді мақтаныш кернеді. Италияда спорт пен туризм жақсы дамыған. Өте мәдениетті халық. Үйренетін нәрсе көп, – дейді Дінислам ағынан жарылып.
Елдің атын ер шығаратыны даусыз. Тәуелсіздік құрдасының осы жолда табысты болуын тіледік.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.