Ауылшаруашылық кооперативтері өнім өндіру мен өңдеудің жаңа мүмкіндіктерін ашады

 Ауылшаруашылық  кооперативтері өнім өндіру мен өңдеудің жаңа мүмкіндіктерін ашадыЖуырда Жаңақорған ауданындағы шипажайдың мәжіліс залында облыс ауыл шаруашылығы мамандарының семинар-оқуы ұйымдастырылды. Аудандық ауыл шаруашылық бөлімдерінің басшылары, ауыл әкімдері және де кейбір шаруашылық төрағалары ша­қы­рылған қысқа мерзімді семинар-оқу екі кезеңде ұйымдастырылды.
Шараның алғашқысына 81 адам қатысса, екіншісінде 75 маман ауыл­шаруа­шылығы саласының ал­дында тұрған басты мәселелерді ше­шудің жолдарын бірлесе іздесті. Онда Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министр­лігі «Ұлт­тық агралық ғылыми білім беру орталығы» мен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Қазақстанда ауыл­шаруашылық кооперативтерінің үл­гі­ле­рін құру және енгізу» туралы нұсқаулығы басшылыққа алынып, ке­зең­дегі мәселелер егжей-тегжейлі сөз етілді. Қысқамерзімді курста Қазақ ғылым академиясының ғы­лыми қызметкерлері; экономика ғылымының докторы, профес­сор Ғалымжан Мәдиев, ауыл шаруа­шы­лығы ғылымының кандидаты Серғали Мырзағұловтар лекция оқып, уақыт тудырып отырған талаптың мән-жайына тоқталды. Сондай-ақ, жергілікті ма­ман­дардың сауалдарына жауап берді. 
Еліміз тұрғындарының басым бөлігі ауылдық жерлерде тұрады. Және олардың көпшілігі атакәсіп – ауыл шаруашылығынан қол үзбей, мал өсіру және егін салумен шұғылданып келеді. Жекешелендірудің алғашқы жылдарында көктемдегі көктей қаулай көбейген шағын шаруа қожа­лықтары мүмкіншіліктерінің шек­теулі екендігі аңғарылды. Бірінің техникалық құрылымы әлсіз, кей­бірінде қаржылық  жағдай қолбайлау, олар үшін  өндірген өнімін саудаға шығару да салмақ.  Мұның өзі, сайып келгенде, халықтың әлеуметтік жағдайларына кері әсер етері сөзсіз. Сондықтан да Елбасы тапсырмасына сай, Ауыл шаруашылығы министрлігі бас болып, шеткі елді мекендерде ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйым­дастыру арқылы  онда шағын және орта кәсіпорындардың өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндік  туғызуды ойластыруда.  
Нақты кезеңде Қазақстанда 300 ауылдық тұтыну кооперативтері (АТК), 1143 өндірістік кооперативтер (ӨК) және 346 су тұтынушылардың селолық тұтыну кооперативі (СТСТК) бар. Ауыл ­шаруашылығы құрылымдарының жұмысын талдау барысы, ұсақ шаруа­шы­лықтармен салыстырғанда не­ғұр­лым ірі ауыл шаруашылығы өн­ді­ріс­тік коо­перативтерінің экономикалық тиімділігін және жоғары өнім өндіретіндігін көрсетеді. Осылай ірі тауарлы кәсіпорындар өз ар­тықшылықтары арқылы жалпы ауыл шаруашылығының дамуына серпіліс беруі тиіс. Осы жерде ғалымдар келтірген бірер мәліметке назар аударып көрелік. Атап айтар болсақ, қазіргі уақытта республикамызда 191,5 мың агроқұрылым мен 1,6 млн үй шаруашылықтары ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысады. 
Және де еліміз бойынша инвес­тициялардың жалпы көлеміндегі ауыл шаруашылығының үлесі 2,3% аспайды. 2014 жылы орта есеппен бір ауылшаруашылық кәсіпорнына 73,4 млн теңге, ал шаруа қожалықтарында небәрі 4,3 млн теңге жалпы өнім келді. Еңбек өнімділігі шаруа және фермер шаруашылықтарында 5,7 млн теңге деңгейінде, ал тұрғындар шаруа­шылығында қарапайым технологиялар қолдануға байланысты 0,7 млн теңге болды. 
Сондықтан да қалыптасқан тәжіри­бені негізге ала отырып, ауыл шаруа­шылығы кооперациясын дамыту  «ұсақ тауарлылық» мәселесін жеңудің негізгі бір жолы болып есептеледі. Астанадан келген ғалым-мамандар осындай жайттарды ортаға салып, ауылдағы атакәсіппен шұғылданушыларға ой салды. Қазақ ұлттық аграрлық уни­вер­ситетінің ғалымдары ауылда қызмет көрсететін кооперативтерді құру және өндіріске енгізу бойынша барлық ауылдық тауарөндірушілерге кеңестік және тәжірибелік көмек беруге дайын екендігін де ескертуді ұмытпады.
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.
Жаңақорған ауданы.

ҚОҒАМ 03 желтоксан 2016 г. 923 0