Білім беру саласына елеулі өзгерістер енгізіп жатқан қазіргі кезеңде мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру ісін жаңа сапалық деңгейге көтеру міндеті - бүгінгі күннің көкейкесті мәселесі. Осы өзгерістер, үздіксіз білім беру жүйесінің алғашқы сатысы болып саналатын мектепке дейінгі ұйымдарда болашақ ұрпақтың дүниетанымын дамытуға, жеке тұлғасын қалыптастыруға сәбилік шақтан бастап толық жағдай жасауды, тәрбиелеу мен білім беруге аса жауапты қарауды, басты міндет етіп қойып отыр.
Жаңартылған білім беру мазмұнына көшуде, мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш білім берудің сабақтастығын қамтамасыз етудің жолдарын айқындаудың да маңызы зор. Осы ретте «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесінің тұрақты дамуы: қазіргі заманғы тенденциялар, отандық тәжірибе, келешегі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Оқу жұмысы және әдістемелік қамтамасыз ету департаментінің директоры Бақыткүл Иманбекова, «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы, Адамның үйлесімді дамуы институтының «Рухани адамгершілік білім беруді енгізу» бөлімінің бастығы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Аршагүл Рысбаева, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасынің бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев және Қарағанды, Ақмола, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарынан арнайы мамандар, білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтар мен тәрибиешілер қатысты.
Маңызды шараның ашылуында облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов сөз алып, жиналған қауымды алда келе жатқан еліміздің мерейлі мерекесімен құттықтап, сәттілік тіледі.
– Дана халқымызда «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген сөз бар. Әлемдік бәсекеге қабілетті болу үшін отандық білім беру жүйесіне, ең алдымен жаңа технологиялар енуі қажет. Білім саласы бойынша кейінгі үш жылда ҰБТ көрсеткішінен республикада соңғы орыннан бесінші орынға тұрақтады. Колледж түлектерін жұмыспен қамту көрсеткіші 76,7 пайызға жетіп отыр. 2014 жылдан бастап аймақ экономикасына білікті маман дайындау мақсатында Ресейдің белгілі жоғары оқу орындарымен байланыс орнатылуда. Қазір Ресей елінде 390-нан астам қызылордалық жас білім алуда. Қазіргі уақытқа дейін 4400 Сыр елінің оқушысы «Серпін» бағдарламасы бойынша еліміздің түкпір-түкпіріндегі орта арнаулы және жоғары оқу орындарында білім алуда. Аймақ басшысының қолдауымен мектеп жасына дейінгі 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндер 2015 жылы 100 пайыз балабақшамен қамтылды. «Балапан» бағдарламасын Қызылорда өңірі бес жыл мерзімінен бұрын аяқтап отыр. Бүгінгі таңда мектепке дейінгі ұйымдар саны 708-ге жетті. Оның 463-і балабақша, 249 шағын орталық бар. Сыр елінің 47 мыңнан астам бүлдіршіні мектепке дейінгі білім берумен қамтылып отыр,–деді Н.Сейітқалиұлы.
Басқосу барысында ҚР Парламенті Сенатының депу¬таты Мұрат Бақтиярұлы бейнетүсірілім арқылы конференция жұмысына сәттілік тіледі. Мұнан кейін «Өрлеу» «БАҰО» АҚ Оқу жұмысы және әдістемелік қамта¬масыз ету департаментінің директоры Бақыткүл Имам¬бекова баяндама жасады.
– Ата-бабамыз баланың тәрибесіне айрықша мән бергенін білеміз. Елбасы өз Жолдауында: «Мен өскелең ұрпақтың озық білім алуы үшін көп күш жұмсадым. «Балапан» бағдарламасы жүзеге асырылып жұмыс жасауда. «Бар жақсылық – балаларға!» ұраны барша ата-аналар үшін басты қағидаға айналуы керек»деп атап көрсеткен болатын. Бүгінгі конференцияның киелі Сыр жерінде өтуі тегін емес. Өйткені, бұл өңірде облыс әкімшілігінің ұйымдастыруымен 3 және 6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 2015 жылы 100 пайызға жетіп, республика бойынша жоғары нәтижеге қол жеткізді. Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру балабақшадан басталады. Әлемнің озық елдері ерте бастан- ақ бұл мәселені қолға алған, –деді баяндамашы.
Мұнан кейін «Пилоттық білім беру ұйымдарында «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру Бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі бағыттары» тақырыбында педагогика ғылымдарының докторы, профессор Аршагүл Рысбаева, «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына мамандар дайындаудың өзектілігі» тақырыбында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры, профессор Бақытхан Әбдікәрімов, «Мемлекеттік-жекеменшік әріптес¬тіктің маңызы» тақырыбында облыстық мәслихаттың депутаты, «Шұғыла - 1,2,3» балабақшаларының құрыл¬тайшысы Сейітқали Алшынбаев баяндама жасады.
Конференцияның тәжірибелік жұмыстары Қызылорда қаласындағы «Ер Тарғын», «Шұғыла-1», «Сыр еркесі», «Сыр жұлдызы» балабақшаларының базаларында өз жалғасын тапты. Бұл шара онлайн жүйесі арқылы бүкіл республика өңірлеріне көрсетілді.