Ол 1951 жылы Аралда өмір есігін ашады. Алдымен Қызылорда педаго-гикалық институтының филология факультетінен дәріс алған Биғали Әбдікерұлы Қаюпов бертін келе Алматы халық шаруашылығы институты мен Ресей Федерациясы Президенті жанындағы академиядан қаржы саласы мамандығын иеленген.
Б.Қаюпов 1974-1981 жылдары облыстық комсомол комитетінің хатшысы, Қазақстан ЛКЖО ОК аппарат қызметкері, бөлім меңгерушісі қызмет¬терін атқарып, біліктілігі мен білімін жетілдіре түседі. Ал 1981-1985 жылдары Қазақстан Компартиясы ОК нұсқаушысы, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі төрағасының көмекшісі, Сырдария аудандық атқару комитетінің төрағасы болады. 1987-1992 жылдары Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Биекең кейіннен Арал ауданын басқарды. 1995-1999 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болды.
1999-2001 жылдары Қазақстан Республикасы Прези¬денті Әкімшілігінің ұйымдастыру-бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы, 2001-2007 жылдары «ПетроҚазақстан Оверсиз Сервисез Инк» президентінің бас кеңесшісі қызметін атқарады. Осыдан кейін Қар¬мақ¬шы, Жалағаш аудандарына басшылық жасады. Бүгінде «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» акционерлік қоғамы президентінің бас кеңесшісі.
Ел еркіндігінің 25 жылдығына орай Тұңғыш Президент сайлауына сенімді өкіл ретінде қатысып, ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында заңдарды қабыл-дауға қатысқан Биғали Әбдікерұлымен ашық-жарқын сұхбаттасудың сәті түсті.
– Биеке, еліміз 1991 жылы өз Тәуелсіздігін алып, кемел келешегіміздің жолына түстік. Сіз Тұңғыш Президент сайлауына қатысып, ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары қабылдаған заңдарға өз үлесіңізді қостыңыз. Әңгімені осыдан бастасақ.
– Қазақ елінің бүкіл әлемге мәлім болып, еркін мемлекет ретінде танылуы 1991 жылдың 1 желтоқсаны күні бастау алған болатын. Дәл осы күні еліміз демократиялық негізде Тұңғыш Президент сайлауын өткізіп, Қазақстан халқының 98,78 пайызы өз қалауы бойынша Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты бірауыздан сайлап алды. Бұл күн – ежелден тарихқа есесі кеткен еліміздің шежіресіндегі жұлдызды күн. Еліміздің ғана емес, бүкіл әлемнің ақпарат көздеріне назар салсаңыз, Назарбаев феномені жөнінде оның от пен судай кереғар құбылыстардың қақ ортасынан қылыштай жарып шыққаны айтылып та, жазылып та жатыр.
Бір ғана дерек айтайын. Ресей Федерациясының Президенті В.Путин: «Қазақстан үшін Нұрсұлтан Назарбаев өте ерекше тарихи тұлға. Ол тек Қазақ-станның Тұңғыш Президенті ғана емес, ол – қазақтың, қазақстандық мемлекеттіліктің іргетасын қалаушы» деген баға берген.
Назарбаев Шығыс пен Батыстың, Азия мен Еуро¬паның, капитализм мен социализмнің, тоталитаризм мен демократияның, жоспар мен нарықтың қақтығысқан ортасынан шыққан қайталанбас тұлға.
Президент сайлауы өткен соң арада бес күн өтер-өтпесте тұңғыш Президент Н.Назарбаев сол кездегі Жоғарғы Кеңеске «Қазақстан Республикасының мем¬ле-кеттік Тәуелсіздігі туралы» конституциялық Заң ұсынды. Сол жылдың, яғни 1991 жылдың 16-шы желтоқсаны күні заңға қол қойылды.
Сөз орайы келгенде айтайын, Жоғарғы Кеңес де¬путаты болған кезімде Тәуелсіздік туын көтерген еліміздің декларациясы, Конституциясы, Туы, Елтаң¬басы мен Әнұранының қабылдауына қатысқаным – жүрегіме мәңгілікке жазылып қалған мақтаныш. Бұл екі адамның бірінің басына бұйыра бермейтін бақ болар. Екіншіден, жоғарыда айтқандай, Жоғарғы Кеңесте «ҚР Президентінің қызметке кірісуі туралы» тарихи қаулының қабылдануына куә болдым. Президент сай¬лауын¬да Елбасымыздың Қызылорда облысы мен Байқоңыр қаласындағы сенімді өкілі болдым. Үшіншіден, сол кезде Арал туралы зерттеу жұмыстарына қатысып, заң қабылдануына өз ұстанымымды енгіздім. Бұл заңды қабылдау айтысты-тартысты болған еді.
1995-1999 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып сайландым. Сол 1995 жылы Парламент алғаш рет қос палаталы, яғни мәжілістің депутаттарын халық, ал сенаторларды жергілікті мәслихат депутаттары сайлайтын болды. Жергілікті мәслихат депутаттарының талғам-таразысына түсіп, сенаторлар қатарында төрт жыл отырып, Тәуелсіз еліміздің көптеген жаңа заңдарын қабылдауға қатыстым. Тіпті, кейбір салалық заңдарды Ресейден де бұрын қабылдағанбыз. Бұл да Елбасымыздың көрегендігі еді. Елбасымыздың ұсынысымен болған бір ғана тарихи шешімді айтайын.
1996 жылы астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру мәселесі халық қалаулылары арасында қызу талқыға түсіп, нәтижесінде, яғни, 1997 жылдың жетоқсан айында көшірілді. Астана қаласының бас жоспарын талқылап, бекітуге қатысқанымды да басыма қонған тағы бір бақ санаймын.
– Тәуелсіздігімізді алғаннан бергі 25 жыл ішінде небір қиындықты көрдік қой. Әсіресе, алғашқы жылдары аса ауыр болып еді ғой?..
– Дұрыс айтасыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өнеркәсіп орындары жарыса жабылып жатты. Ауыл шаруашылығы дотациясыз қалып, ауылдықтардың ахуалы аянышты күйге түсті. Еңбекақы, зейнет¬ақыларын алты айлап ала алмағандардың отбасы¬ларының ала қапшық арқалап асырағандарын да көрдік. Ел осыншама қиындықтарға мойынсұнбай өз таңдаулары – Елбасымыздың соңынан ерді. Қазақтың кеңдігі мен кешірімшілдігінің, мейірімділігі мен табан¬дылығының арқасында өтпелі кезеңнен аман-есен өттік қой. Елбасымыздың өзі: «Қанша қиындық көрсе де, абзалдығы мен сабырлылығын, басқа халықтарға деген сыйлаушылығын сақтай білген халқымды, қазіргідей қиыр-шиыр тарихи сын кезеңде өзім ажырамас бөл¬шегіне айналып отырған тәуекелшіл ұлтымды қалайша мақтаныш етпеспін. Қалайша бас имеспін» деп ағынан жарыла ақтарыла айтқан-ды.
Елбасымыз қолда бар моральдық және экономикалық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, дағдарыс кезеңінен неғұрлым аз шығындармен өтуге, орнықтылықтан ауытқымауға, ұлттық есеюдің мәселелерін өркениетті шешуге, конституциялық құрылысты бұлжытпай сақтауға, ықпалдастық аясын жоғалтпай, оның сипатын жетілдіріп, ауқымын кеңейтіп, әлемдік қауымдастыққа кіруін жеделдетуге бар күш-жігерін жұмсауда. Осының арқасында еліміз тәуелсіздігін алғаннан бергі азғантай жыл ішінде алынған асулар мен атқарылған жұмыстар шаш етектен десек, асыра айтқандығымыз болмас. Қараңыз, 25 жыл ішінде Қазақстан таңданарлық табыстарға жетті. Барлық көршілерімізден оза шаптық. Ядролық жарылыстардың қандай зардаптарына соқтыратыны жайында толық пайымдай отырып, бұрынғы КСРО елдері президенттерінің ішінде ядролық қаруды жойып, Орталық Азия өңірінде ядролық қарусыз аймақ құруға шақырған Елбасымыз болды. Елбасымыздың пәрменімен жабылған Семей ядролық полигоны мил¬лиондаған жанның кеудесіне қуаныш ұялатты. Қазақ¬стан ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қойды, сөйтіп, ядролық қарусыз мемлекетке айналды.
Екіншіден, жоғарыда айтқандай, қилы кезеңде Назарбаевтың Алматыдағы астананы – Арқадағы Ақмо¬лаға көшіру жөніндегі байламына бүкіл ел күдікпен қарады. Сенбеді, сенгілері келмеді. Ал енді бүгінгі Астана келбетіне көз сала қарайық. Айтарға сөз жоқ!
Тәуелсіздікке қол жеткізген тұстағы атқарылған ауқымды шаралардың тағы бірі – қандас бауырлары¬мыздың тарихи Отанына оралуына құқықтық тұрғыдан негіз қалап, сыртқы көші-қон жұмыстарының қолға алынуы еді. Қазақ елінің болашағы үшін маңызы зор осы бір үлкен тарихи үрдістің, яғни ұлы көштің басталуына қозғау салған Елбасына оралман қандастарымыздың айтар алғыстары шексіз. «Елге ел қосылса құт» демей ме атам қазақ. Ендеше, мемлекетімізде жүргізіліп отырған бұл саясаттың өз жемісін береріне сеніміміз зор.
Тағы бір айтпағымыз, ұмытпасам, 2003 жылы Елбасы Қазақстанда бүкіл дүниежүзі дін басшыларының құрылтайын өткізген болатын. Бұл үрдіс жыл сайын өткізіліп келеді. Айтулы оқиға Президентіміздің адам¬заттың соғыссыз, тыныштықта бақытты өмір сүруі жолындағы қаһарман күрескер екендігін тағы да әлемге паш етті. Бұл, сайып келгенде, біздің Елбасының көрегендігі дер едік.
Кезінде Елбасының өзі шетелдік инвесторларды мұнай саласына алып келуі көп игіліктердің бастауы болды. Қазір еліміз мұнай өндіріп қана қоймайды, оны саудалап та жатыр. Дүние жүзінде энергетикалық тапшылық тумауы үшін Қазақстанның мұнайын игеруге әлемдегі алпауыт елдердің қатысуы – Қазақстанның еркін дамуына кепілі.
Бүгінде бүкіл әлемді қаржы дағдарысы қыспаққа алып тұрса да еліміздің экономикасы өркен жайып, әлеуметтік жағдайымыз жыл өткен сайын жақсарып келеді. Алла жазса, алдағы жылы, яғни 2017 жылы Елбасы¬мыздың бастамасымен «ЭКСПО-2017» халық¬ара¬лық көрмесі өткізіледі.
– Еліміз Тәуелсіздігін алғаннан бері Сыр аймағының да адам танымастай өзгергенінің куәсіміз. Сіз осы жылдары, үш ауданды басқарып, осы жұмыстардың басы-қасында болдыңыз ғой?
– Өздеріңізге мәлім, өткен ғасырдың сонау 1960-1970 жылдары Арал теңізі келмеске кетіп жатты. Кезіндегі КСРО басшылары осынау күрмеуі қиын толғақты мәсе¬леге көз жұма қараған болатын. Еліміз қалай Тәуелсіздік туын көтерген сәттен-ақ Елбасымыз Арал-анамызды қайтып әкелуге бар күш-жігерін жұмсады. Көрші ел басшыларын Сыр еліне шақырып, тарихи құжат – «САРАТС» жобасын өмірге әкелді. Бүгінде осы жобаның І кезеңі мәреге жетіп, Кіші Аралымыз қайтып келді. Осы жобаның өмірге келуі үшін сонау 1992 жылы «Көкарал» құм бөгетін салуға бастамашы болғанымыз бар. Алла жазса, жобаның ІІ кезеңі бастау алып, 2-3 жылда Арал ауқымы ұлғая түспек. Жобаның бірінші бөлігі жүзеге асқанда Елбасымыздың: «Мен Аралға көмек көрсетемін деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген сөзі күллі әлемді шарлап кетті. Жер жүзі өлген теңізді тірілткен жас мемлекеттің ғажайып мүмкіндігіне қуана қол соқты. Бүгінде облыс әкімі Қ.Көшербаевтың бастамасымен Аралда атакәсіп жанданып, Арал балығы Еуропа нарығына жол тартты.
Бүгінде Сыр аймағы адам танымастай өзгеріске енді. Қаламыз көріктеніп, ауылдарымыз ажарланды. Егін шаруашылығы етек жайып, ата кәсібіміз – мал шаруашылығы да молшылықтың бастау жолына түсті. Орта және шағын кәсіпкерлікке қолдау жасау арқасында жұмыссыздық азайып, ел-халықтың тұрмыс-тіршіліктері де түзеле бастады. Ауылшаруашылықты Сыр аймағы өндірісті өңір болуға де бетбұрыс жасай бастады. Соңғы жылдары «Сексеуіл-Жезқазған» темір жолы мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автома¬гистралі, «Бейнеу-Бозой» магистральды газ құбырының салынуы, шыны зауытын салудың бастама алуы, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін зауыт тәрізді ондаған өндіріс орындарының ашылуы айтқан сөзімізге айғақ болса керек.
«Байқоңыр» ғарыш айлағының әлеуетін тиімді пайдалану да қолға алынып жатыр. Өңірлік табыстың 94,6 пайызы мұнай мен ураннан түсетін облыста эконо-микасын әртараптандыру жұмыстары да қарқынмен жүзеге асырылуда.
Айтқандай, соңғы екі жылда елімізде мұнай өндіру көлемі 4 млн тоннаға төмендеген екен. Осының 2,6 млн тоннасы Сыр еліне тиесілі. Бұл қиындыққа жауап ретінде экономиканы әртараптандырған облыс өңдеу өнеркәсібі бойынша елімізде алдыңғы қатарға шықты. Нақты деректерге жүгінер болсақ, тартылған инвестиция көлемі 14 есеге артыпты. Ал ақ күрішті мәпелеп өсірген Сыр диқандары соңғы төрт жылда рекордтық өнімге қол жеткізіп келеді. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар да жарыса бой көтеруде. Қасиет қонған, құт-береке дарыған киелі өңірдің даңғыл жолмен жүріп, дами түсеріне бек сенімдемін.
Сөз соңында айтарым, Елбасы бастамасымен қолға алынып жатқан «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының іске асырылуы – Тәуелсіз еліміздің кемел келешегінің кепілі. ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында қабылданған «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясы» – Тәуелсіз елдігіміз бен егемендігіміздің өміршеңдігін айғақтайтын тарихи құжат. Декларацияда ширек ғасырда қол жеткізген толағай табысымыз көрсетіліпті. Тәуелсіз Қазақстанды құруда, қалыптастыруда Тұңғыш Президентіміз орасан зор еңбек сіңіргені де айна қатесіз айтылған. Сондай-ақ, «Мәңгілік Ел» құндылықтары аясындағы жеңістерін боямасыз баяндаған ерекше құжат болып табылады.
Отанымыздың өркендеп, жағдайымыздың жақсаруында Елбасымыздың еңбегі ұшан-теңіз. Бұл – біздің тарихымыздың ажырамас ақиқаты.
– Әңгімеңізге рахмет!