Форум және пайым

АУҚЫМДЫ МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕЛДІ
Форум және пайымҚазіргі таңда азаматтық қоғам туралы түрлі көзқарастар, түрлі түсініктер бар. Дегенмен, азаматтық қоғам мемлекет пен азаматтар арасындағы сұхбатты жүзеге асырады. Қазақстанның қарқынды дамуы азаматтық қоғамның әлеуетіне, азаматтардың белсенділігіне тікелей байланысты. Біздің еліміз түрлі салалар бойынша көптеген мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен әріптестік орнатып, өзара ынтымақтастықты жолға қойған. Мұның барлығы еліміздегі әлеуметтік салаға, азаматтық қоғамның қызметіне оң әсерін тигізуде. 
Елордадағы Ұлттық музейде өткен VІІ Азаматтық форум Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында үйымдастырылды. Дәстүрлі түрде өткізілетін форум барысында ҮЕҰ-ның бүгінгі атқарып отырған қызметі мен оның мемлекет үшін маңыздылығы айтылды. Қазақстан бойынша 18 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым бар болса, оның 40 пайызы ғана белсенді жұмыс жасайды екен. Премьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов алдағы жылы белсенді әрекет еткен ҮЕҰ-ға сыйақы берілетінін мәлімдеді. Сонымен қатар форум жұмысында әлеуметтік сала ішіндегі білім беру жүйесі ерекше сөз болды. Бұл салада жаңғыртудың жаңа кезеңі басталғаны туралы да баяндалды. Әсіресе, техникалық мамандықтар бойынша қосымша білім беру қызметі мүлдем аз болғандықтан, осы олқылықтың орнын толтыруға азаматтық сектор және бизнес құрылым өкілдерін аталған қызметке қосылу қажеттігі назарға ілінді.  
Форум жұмысы мемлекет пен азаматтық қоғамның ортақ мүддеге түсіністікпен бірлесе ұмтылуы кемел келшектің кепілі екенін тағы бір айқындап берді. 
Сапура СӘРСЕНБАЕВА,
«Жаңа серпіліс»
қоғамдық қорының директоры.

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ ҚЫЗМЕТІ МАҢЫЗДЫ
Азаматтық қоғамды қалыптастыру, дамыту бағытындағы жұмыстар тәуелсіздік жылдарында қолға алынған ауқымды шаралардың бірі ретінде сипатталады. Сондықтан да биылғы «Азаматтық қоғам дамуының жағдайы және перспективалары» тақырыбында өткен VII форум жұмысы еліміздің мерейлі мерекесі қарсаңында ұйымдастырылды. 
Форум аясында қаралған өзекті мәселенің бірі – Қазақстанға келген отандастарымызды әлеуметтік бейімдеу.  Мемлекет пен ҮЕҰ өз әлеуетін бұл мәселеде дұрыс қолдана алмай отырғаны айтылды. Биылғы жылы елімізге 11 мың отбасы көшіп келген екен. Отандастарымыз құжаттарды рәсімдеуде әлі де болса көмекке зәру. Дәл осы мәселеде үкіметтік емес ұйымдардың ролі ерекше. Сондай-ақ, маңызды шара барысында мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылын және әлеуметтік қызмет көрсету сапасын жетілдіру мәселелері талқыланды. 
Әлемде түрлі құбылыстар орын алып жатқан кезде, ең басты міндет – бірлігімізді сақтап, ел игілігі жолында аянбай еңбек етуде азаматтық қоғамның қызметі қашанда маңызды болып қала бермек.
Тоғжан ӘЛИЕВА,
облыстық «Азаматтық Альянс» қауымдастығының өкілі.

ҚОҒАМ 29 қараша 2016 г. 741 0