Биыл Қазақстан халқы үшін ерекше мерейлі жыл болмақ. Пейіліне жері сай кең халықтың ХХІ ғасырдағы ұрпағы тәуелсіз елдің азаматы ретінде еркін ойлап, азат мемлекеттегі айшықты іске куә болуда.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында аудандар мен елді мекендерді аралап, жұртшылықпен жүздескен ақпараттық-насихаттық топ өкілдері егемендік алған ширек ғасыр ішінде мемлекетімізде атқарылған ұлан-асыр шаруалармен қатар, алты Алаштың анасы атанған Сыр өңіріндегі толымды табыстар тасқынын кеңінен сөз етті. Мемлекет басшысының «Мәңгілік Ел» идеясын насихаттап, индустриялық-инновациялық және әлеуметтік бағдарламалардың мәні мен мазмұнына тереңірек тоқталды. Облыстық басқарма басшылары мен бөлімдердің білікті мамандарымен және аудандық мәслихат депутаттарынан жасақталған ақпараттық-насихаттық топтар 2 күн бойы Жаңақорған, Шиелі аудандарын аралап, маңызды мәселелерді түсіндірумен қатар, тұрғындардың түрлі сауалдарына да байыпты жауап бере білді.
ЖАҢАҚОРҒАН:
Жаңақорған ауданының орталығында өткізілген кездесуге ардагерлер, кәсіпкерлер мен ауылшаруашылық құрылымдары өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері мен тұрғындар қатысты. Жиынға «Нұр Отан» партиясы Жаңақорған аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты М.Балқожаев төрағалық жасап жүргізіп отырды.
«Нұр Отан» партиясы ҚОФ төрағасының бірінші орынбасары, топ жетекшісі И.Құтықожаев өз сөзінде «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын іске асыруда орасан зор жұмыстар атқарылғанын айтты. Және де экономика мен қоғамды дамыту барысында қағидатты жаңа құқықтық орта қалыптастыратын жаңадан қабылданған және өзгерістер мен толықтырулар енгізілген заң нормаларына түсіндірме берді.
– Азаматтар бойындағы отаншылдық пен сабырлылық, қасиеттері елдің елдігін сақтауға, мемлекетімізді одан әрі дамытуға ұласады. Бұл ұрпағымыздың болашағы жарқын сенімі, – деді ол.
Ал, «Тұрғын үй құрылыс банкінің» бизнесті дамыту бөлімінің маманы М.Сынасапова баспаналы болудың мүмкіншіліктерін кеңінен әңгімеледі. Жиын соңынан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы З.Шермағамбетов, кент тұрғыны С.Мұсабаев және басқалардың сауалдарына нақты жауаптар берілді.
ШИЕЛІ:
Шиелі ауданында ақпараттық-насихат жұмыстары бір мезгілде 3 бағытта қатар жүргізілді. Алғашқы топқа аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов жетекшілік етіп, Сұлутөбе, Тартоғай аумағындағы ауылдық округтер мен бекеттерден бастап, 7 ауылдың халқымен жиын өткізді. «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрғасының бірінші орынбасары П.Махамбет бастаған ақпараттық-насихаттық топ Бәйгеқұм, Жөлек, Ортақшыл секілді 8 ауылдың тұрғындарымен жүздесті. Шиелі ауданындағы жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы И.Байкенжеев бастаған келесі бір топ 8 елді мекенде болып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жөлек ауылында тұрғындармен кездесу барысында облыстық мәслихаттың депутаты Р.Ысқақова ағымдағы жылда облыс бюджетінің едәуір өскендігін жеткізді.
Иіркөл ауылдық округіндегі аудандық мәслихат хатшысы Әшім Оразбекұлы ауданда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берсе, облыстық мәслихат депутаты Тілеуберген Шаутай облыстық сессияларда қаралған мәселелер мен шешімін тапқан жұмыстар туралы айтып өтті. Облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Қайрат Тоғызбаев ауылшаруашылық мақсатындағы жерді пайдалану тәртібіне қатысты мәселелерді егжей-тегжейлі мәлімдеді. Ал үшінші ақпараттық-насихат топ Бестам ауылынан бастап, Жуантөбе, Жиделіарық, Еңбекші, Ақмая, Төңкеріс, Керделі ауылдық округтерінде болып, ширек ғасыр аралығында елімізде атқарылған жұмыстарға шолу жасап, әрбір елді мекен мен ауылдардағы білім, денсаулық мәселелеріне жасалған қамқорлықтарды нақты мысалдармен толықтырды.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған, Шиелі аудандары.