ТYЛІК КYТІМІ ТYЛЕТУДІҢ ЖОЛЫ

Қазағымның ата кәсібі мал шаруашылығы болатын. Yйір-үйір жылқы, қора-қора қой мен ешкі, яғни, төрт түлік мал өсірген аталарымыздың ақ дастарқанынан сары май мен ақ айран арылмайтын.
Тәуелсіздігін алған еліміз еңсесін тіктеп, құрдымға кетіп бара жатқан ата кәсібіміздің тамырына қайта қан жүгірді. Бүгінде Елбасымыздың тапсырмасына орай мал шаруашылығын өркендетіп, өнімдерін молайту бағытындағы шаруалар шаш-етектен.
Жасыратыны жоқ, Кеңес Yкіметі кезінде мал басын көбейтуге, олардан алынатын өнім көлемін молайтуға мүмкіндігінше жағдай жасалатын. Ол үшін төрт түлік мал басын аман сақтау аса қажет болатын. Содан да кезінде аудан орталықтарында ветеринарлық станса мекемесі болғанын аймақтың байырғы тұрғындары білетін болар. Бұл мекеме арқылы шаруашылықтардағы мемлекет есебіндегі және жеке меншіктегі төрт түлік жануарларға ветеринарлық қызмет көрсетілетін. Яғни, түрлі жұқпалы індеттерге (бруцеллез, туберкулез, тағы басқа қарсы алдын ала егу жұмыстары, мертіксе ота жасау, төлдегенде көмек қызметтері жасалатын. Бұл шаралар мемлекет қаржысы есебінен жүргізілетін. Сондай-ақ, екі-үш ауылдарды қамтитын ветеринарлық учаскелер де жұмыс жасап, тұрғындардың жекеменшігіндегі малдарға ветеринарлық шаралар жүргізуге жауапты еді. 
Жоғарыда айтқандай, еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары барлық салада ауыртпалық болғаны ақиқат. Біз әңгімелеп отырған ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметі жеке және заңды тұлғаларға берілді. Барлық салалармен қатар ветеринария саласына бөлінетін қаржы көлемі де күрт төмендеді. Осыдан да ветеринарлық шаралар өз деңгейінде жүргізілмей, елімізде эпизоотиялық ахуалдың күрделенуіне жол берілді. Бертін келе мал шаруашылығы саласына батыл бетбұрыс жасалып, бүгінде ата кәсібіміз жыл өткен сайын жақсарып келеді.
– Елбасымыздың тапсырмасымен, – дейді бізбен әңгімесінде Сырдария аудандық ветеринарлық станса мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын директоры М.Сүлейменов, – Yкімет өткен жылдан бастап республика бойынша әрбір аудан орталығынан ветеринарлық стансалар ашып, малдарды алдын ала егу мен диагностикалық тексерулер жүргізуді осы мемлекеттік кәсіпорын қолға алды. Осыған орай біздің ауданда да өткен жылдың қаңтар айынан бастап облыста бірінші болып ветеринарлық станса жұмыс істей бастады. Кәсіпорынның материалдық-техникалық базасы мен қажетті құрал-жабдықтарды алу үшін аудан бюджетінен 21 млн. теңге қаржы қаралып, станса ғимараты салынып, дезинфекциялық қондырғы орнатылды. Сондай-ақ, ветеринарлық жәрдем автокөлігі мен басқа да қажетті құрал-жабдықтар алынды.
Айтса айтқандай, бүгінде аудан орталығында ғана емес, 14 ауылдық округте ветеринарлық пункттер ашылып, мал басын сақтау мен емдеу бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде екен. Ауылдық округтердегі ветеринарлық пункттерге үстіміздегі жылы республикалық бюджет есебінен автокөліктер мен құрал-жабдықтар алынып берілген. Осы жерде Yкімет тарапынан осы саланы дамыту үшін қыруар қаржы бөлінетінін айта кетуіміз керек. Демек, барлық жағдай жасалды, енді төрт түлік мал басын көбейту, оның өнімділігін молайту міндеті тұр.
Сырдария аудандық ветеринарлық стансада 58 адам жұмыс жасауда. Бүгінде бұл сала мамандарының аздығынан ветеринарлық шараларды уақытылы әрі сапалы жүргізуге аздап та болса, қолбайлау бар сыңайлы.
Биылғы жылы салаға қатысты мекеме басшылары мен мамандардың қатысуымен осы ауданда облыстық семинар-кеңес өткізілгенін айта кеткен жөн. Семинарға қатысушылар аудандық ветеринарлық стансаның жұмысымен егжей-тегжейлі танысып, аудан әкімдігі тарапынан саланы жолға қоюға барлық жағдай жасалып жатқандығын көрді.
– Менің, – дейді әңгіме үстінде кәсіпорын директоры М.Сүлейменов, – салаға қатысты айтар толғақты екі сауалым бар. Біріншіден, жастарға айтарым – ветеринария саласы бойынша мамандар жетіспеуде. Бұл мамандар «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына енгізілген. Демек, ата кәсібімізді өркендетуге, яғни, төрт түлік мал басын көбейтіп, оның өнімділігін молайтуға үлес қосуға мүмкіндік мол. Екіншіден, мал шаруашылығы мамандарының жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен хабарламаларға қарағанда түрлі жұқпалы дерттерге қарсы вакцина егу, қан алу, бірдейлендіру, паспорттау, таңба басу жұмыстарына немқұрайлы қарап жүргендері де жасырын емес. Демек, мал басын көбейтуге, олардан алынатын өнімдерді сауда орындарына өткізуге және мал ұрлығының алдын алу бағытында жұмыс жүргізуге мейлінше назар аударуымыз қажет.
М.Сүлейменовтің қойып отырған толғақты сауалдары өте орынды. Жасыратыны жоқ, бүгінде үкімет тарапынан ата кәсібімізді дамытуға барынша жағдай жасалғанымен, шешімін табар түйткілді мәселелер де жоқ емес. Шет елдерден асыл тұқымды мал әкелу үрдіске айналып барады. Олардың жерсінбеуі салдарынан қыруар қаржының құрдымға кетпеуіне кім кепілдік береді? Неге атамыз қазақтың асыл тұқымды ақ бас сиырын көбейтпеске? 
Сондай-ақ, мал басын көбейтуге, яғни, олардың қыс қыстаулары мен жаз жайлауларын жасақтауға баса мән берген дұрыс.
Сөз орайы келгенде айта кетейік, ҚР «Ветеринария туралы» Заң қабылдап, оның 25-бабында мал ұстайтын жеке және заңды тұлғаларға мемлекет тарапынан жәрдем көрсету міндеттелген. Демек, үкімет тарапынан қолдау бар. Енді оны тиімді пайдалана білу әрбір шаруаның төл парызы.
Еркін ӘБІЛ.
Сырдария ауданы.

ҚОҒАМ 24 желтоксан 2013 г. 1 081 0