Өткен жұмада Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қызылорда облысының Азаматтық Альянсы Қауымдастығының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік және азаматтық қоғам: әлеуметтік жаңғырту» атты VІІ аймақтық Азаматтық форумы болып өткені белгілі. Үкіметтік емес ұйымдардың азаматтық қоғамды қалыптастырудағы ролі, олардың жасап жатқан жұмыстарының бағалануы, ақпарат кеңістігінде алар орны, форумда айтылған ой-пікірлер мен ұсыныстар жайында «Мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ-дар арасындағы өзара байланыс» тақырыбында өткізілген сұхбат алаңының спикері, «Руханиятты жаңғырту» қоғамдық қорының төрағасы, журналист Нұрлан Нұрмахановпен әңгімелескен болатынбыз.
Нұрлан НҰРМАХАНОВ,
«Руханиятты жаңғырту» қоғамдық қорының төрағасы:
– Нұрлан Көбегенұлы, елімізде азаматтық қоғам идеясын қалыптастыру мәселесі неден бастау алды? Біз қаншалықты азаматтық қоғам талаптарына сай өмір сүріп жатырмыз?
– Еліміз 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін жария еткеннен кейін тәуелсіздік ұғымымен бірге санамызға демократиялық үрдістер, оппозициялық күштер, кәсіпкерлік нысандары, нарықтық қатынастар секілді жаңа атаулармен қатар азаматтық қоғам институты ұғымы да сіңе бастады. Бұл өткен ғасыр соңындағы қайта құру кезеңінің белгісіндей әсер етті. Керек десеңіз, азаматтық қоғам идеясы тоталитарлық қоғам түсінігіне қарама-қарсы ұғым ретінде қолданылды.
Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің 1996 жылы жазған «ХХІ ғасыр табалдырығында» атты кітабында: «Барлық сфераларда жаңғырту жасамайынша біз тарихи дамудың мәңгі кешігуші бөлігінде қалып қою қаупіндеміз» деп ашып жазған-ды. Яғни, экономика сферасында нарық жүйесін жасау, саяси сферада тәуелсіздіктің жалпы ұлттық институттарын жасаумен қатар азаматтық қоғамды қалыптастыруда шешуші талаптар қоя білді. Міне, арада 20 жыл өтті. Содан бергі уақытта еліміз талай экономикалық және саяси қиындықтарды басынан өткере отырып, дамудың даңғыл жолына түсті. Мемлекет ретінде өзге елдер арасында таныла бастадық. Ұлт ретінде еңсемізді көтердік. Әрине, мұны 25 жыл өз алдына тәуелсіз ел атанған жас мемлекеттің сәтті қадамы деп айтуға болады. Дегенмен азаматтық қоғам түсінігінің қоғамдық санада толық орнықпауы, құқықтық сананы тәрбиелеудің әлде де қажеттігі, жариялылық кеңістігіндегі ақпараттың жетімсіздігі байқалады.
– Сіздің ойыңызша, азаматтық қоғам идеясының жүзеге асуына сәйкес ақпарат кеңістігінде үкіметтік емес ұйымдар әлі өз орнын таба қоймады ма?
– Мен осы мәселені тереңірек зерттеу үшін қоғамдық қордың атынан Қызылорда қаласының тұрғындары арасында екі сұрақ төңірегінде сауалнама жүргізген болатынмын. Оған мемлекеттік қызметкерлермен қатар бірқатар мамандық иелері, педагогтар, студент жастар, кәсіпкерлер, зейнеткерлер, тіпті жұмыссыздар да қатысты. «Азаматтық қоғам дегенді қалай түсінесіз?» деген сауалға қатысушылардың 26 пайызы, яғни 4/1 бөлігі білмеймін, түсінбеймін деп жауап қатты. Ал, жауап бергендердің ойлары әр алуан боп шықты.
Бір пікір білдіруші азаматтық қоғамды «Адамдардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ететін мемлекеттің лайықты әлеуметтік саясаты» десе, екіншісі «Өзіндік ойы, тәуелсіз көзқарасы бар адамдардан тұратын қоғам» деп топшылады. Енді бірі «заң үстемдік құрып, еркін пікір білдіруді», келесісі «әркімнің кез келген мәселеге үн қатуын, ойын ашық білдіруін», енді бірі «еркін, азат адамдардың өмір сүру не тіршілік ету қоғамын» азаматтық қоғамға теліді. «Азаматтық қоғамды жетілдіру әлем елдеріндегідей жолға қойылмаған» деген де жауап болды. Жалпылама алғанда, жауап берушілер азаматтық қоғамның негізінде демократиялық үрдістердің дамуы қажеттігін алға тартқан.
Екінші «Үкіметтік емес ұйым жайында, олардың атқаратын қызметі туралы не білесіз?» деген сұраққа жауап берушілердің 32 пайызы, яғни 3/1 бөлігі білмейтіндіктерін жасырмады. Білгендерінің кейбірі ҮЕҰ-дарды кәсіпкерлермен шатастырған. Ал, нақты жауап беруге тырысқандардың қатарында, бірі «Үкіметтік емес ұйымдар – еліміздің дамуының қозғаушы күші. Олар әлеуметтік, мәдени, діни салалардың жұмысын атқаруда белсенді түрде атсалысады» деп жауап қатса, енді бірі «Бірнеше жылдан бері түрлі деңгейдегі шараларды атқарып жүрген үкіметтік емес ұйымдарды білемін. Олардың арасында өз жолдарын, өз бағытын тапқандары бар. Дегенмен де кейбір үкіметтік емес ұйымдардың бірін-бірі қайталауы, аса қажетті тақырыптарды қамтымауы ойландырады» деп, пікір білдіргендер бар.
– Сонымен үкіметтік емес ұйымдардың өз жұмыстарының бағалануы қай деңгейде? Олар өз деңгейлерін көрсетуде ақпарат құралдарын тиімді пайдаланып жүр ме?
– Сауалнама жауаптарынан байқағанымыз, қатысушылардың 30 пайызы ғана өз пікірлерін еркін жеткізген. Және де жауаптардан ҮЕҰ жобаларын ақпараттандыруда БАҚ пен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы өзара байланыстың әлсіздігі, соған сәйкес жауап бере алмағандығы сезіледі. Азаматтық қоғам институттарына тән ерекшеліктердің арасында мүдделері әр түрлі әлеуметтік топтардың қоғамдық дамуға әсерін қамтамасыз ету және жария кеңістікті кеңейту арқылы адам санасының потенциялын бұғаудан босатуды бүгінгі ҮЕҰ-дар назарда ұстамайтыны байқалады, болмаса жариялылық кеңістігін жаулап алуға қауқарсыз.
Әлбетте, ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Біздің облыста тынымсыз жұмыс жасап келе жатқан ҮЕҰ-дар баршылық. Олар әлеуметтік тапсырыстарды орындауда белсенділік танытып жүр. Алайда бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланыс деңгейі көңіл көншітпейді. Бұл олқылықты кейбір ҮЕҰ басшылары: «Біз ақпарат құралдарына шығуды мақсат тұтпаймыз, өз-өзімізді жарнамаламай-ақ жұмыс жасап жатырмыз» деп түсіндіргісі келеді. Әрине, артында мақсатты тобы бар үкіметтік емес ұйымдар өз дәрежесінде жұмыс жасап жатқанын жоққа шығаруға болмас. Бұл жердегі мәселе, олардың ақпарат деген не, оның қоғамдық пікір қалыптастырудағы, қоғамның дамуындағы ролі қандай екенін түсінбегендігінде жатыр.
ҮЕҰ-дың жарық көрген ақпараты, біріншіден, ақпарат кеңістігінде сол ұйымның бар екенін танытады, екіншіден, жасаған жұмысын өзге қаншама ұйымдардың танысып, пікір алысуына жол ашады, үшіншіден, ақпаратқа шыққан жұмысының бағасын біледі, жетістігі мен кемшілігін саралайды, төртіншіден, кейбір теріс не бұрыс ақпараттарға тосқауыл бола алады, яғни дұрыс ақпаратпен аудиторияны қамтамасыз ету арқылы қоғамның дамуына дұрыс жол сілтейді. Бір дұрыс әрі толыққанды ақпарат арқылы әрбір үкіметтік емес ұйым қоғамдағы орнын белгілеп алады.
– ҮЕҰ мен БАҚ арасындағы өзара байланыстың жайын айтып қалдыңыз. Сонда ақпарат құралдары үкіметтік емес ұйымдардың шараларын ақпараттандыруда құлықсыз болғаны ма?
– Рас, ақпарат құралдары үшін шараның өзекті, қызықты болғаны керек. Олар өз аудиториясына – оқырманына, көрерменіне, тыңдарманына тартымды ақпарат беруді көздейді. Десек те, бұл тұрғыда мәселе бар. Мәселен, әр кез халық жағында жүретін ҮЕҰ басшылары өзекті мәселе қозғап, сұхбат бергенде өткір қозғалған әңгіме жария етіле бермейді. Ұйым басшыларының БАҚ-қа ренжитін тұсы осы. Кешегі аптада өткен форум аясында да осы мәселе айтылмай қалған жоқ.
Әңгіменің екінші жағы, ақпарат құралдары өмірде, қоғамда кездесетін теріс әрекеттер мен келеңсіз құбылыстарды көрсету арқылы қоғамдық пікірді қалыптастыруға ұмтылады. Осы қызметін пайдаланып, БАҚ-пен тиімді байланыс орнату мақсатында ҮЕҰ-дар өзара бірлесіп, бір мәселеде ортаға ой тастап, мінберден үн қатуды ескере бермейді. Қоғамда адамдардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету арқылы оның азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру азаматтық қоғамға тән екенін ұмытпауымыз керек.
– Тығырықтан шығар жол қайсы?..
– Әр түрлі қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің шын мәніндегі тәуелсіздігі мен дербестігі болуы шарт. Сыни көзқарас пен қоғамдық пікірлер үшін жариялылық кеңістігінің қажеттіліктері, сонымен бірге БАҚ-пен бірге қоғамдық белсенділіктердің әлеуметтік заңдастырылған формалары – ашық, бетпе-бет пікірталастар мен митингілер, жиналыстар мен адамдардың таңдауға еріктілігін жария білдірушілік азаматтық қоғам құрылымына кіреді. Бұл тұрғыдан қарағанда, үкіметтік емес ұйымдар өздеріне жүктелген міндетті адал атқарғанда ғана, БАҚ-ның қоғам алдындағы жауапкершілігі жоғары болғанда ғана қоғамда өз орнын таба алады және қоғамның дамуына өз үлесін қоса алады.
– Сұхбат алаңында қандай ой-пікірлер, нендей ұсыныстар айтылды?
– Сұхбат алаңында көп мәселелер қозғалды. ҮЕҰ-дар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап алынды. Сонымен бірге ой-пікірлер еркін айтылып, салихалы сұхбат болды. Шынын айту керек, әрбір мемлекетік органдарда үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жасайтын маман бар, бірақ ұйымдармен байланыс жоқ. Сондықтан «әрбір мемлекеттік мекемемен Азаматтық Альянс Қауымдастығы меморандумға отырса», «мемлекеттік мекемелерде жарияланатын жобалар жыл сайын еш өзгерместен қайталана береді, соған сәйкес жобаларға жаңашылдық енгізілсе», «әр жылдың аяғында жұмсалған қаржының нақты есебі беріліп, ашықтық орын алса», «келесі жылы Азаматтық Альянсқа да бөлек ғимарат беріліп, белсенді ҮЕҰ-дар бірге отырып, жұмыс жасаса» деген ұсыныстар айтылды.
Тағы бір айтарым, алдағы жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс негізінде үкіметтік емес ұйымдардың қызметі ақпараттандырылса, меншік иесіне қарамастан мемлекеттік газеттермен қатар мемлекеттік тапсырысты орындайтын тәуелсіз басылымдарға медиа-жоспар аясында жыл соңында үкіметтік емес ұйымдардың жылдық есебі туралы жариялау қамтамасыз етілсе дұрыс болар еді. Сосын бізде талдау, сараптау, бағалау деген кемшін түсіп жатады. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ҮЕҰ-дың жұмыстары жыл аяғында құзырлы басқарма басшылығы мен тәуелсіз сарапшылар тарапынан толыққанды сараланып, шынайы мониторинг жасалынып, тиісті баға беріліп отырса, ұйымдардың жұмысына серпін берер еді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан:
Назерке САНИЯЗОВА.