Тәуелсіздік жылдарындағы сот жүйесі

Тәуелсіздік жылдарындағы сот жүйесіТәуелсіз мемлекетіміздің жаңа тарихының бастау алғанына биыл 25 жыл толды. Елбасы егемендіктің алғашқы күндерінен бастап тәуелсіз сот, қуатты құқық қорғау органдарын құруды демократиялық, құқықтық мемлекетті нығайтудың басым бағыттарының бірі ретінде белгіледі.
2000 жылдың 25 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының соттары мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заң сот жүйесін қалыптастыру мен жетілдірудің маңызды қадамы болды. Судьялардың әлеуметтік жағдайы қа¬жетті деңгейде қамсыздандырылып, қыз¬меті материалдық-техникалық жағынан толық қамтамасыз етілді. Тәуелсіз сот жүйесін жетілді¬руде аталмыш заң өз үлесін қосты. Осы уақыт аралығында мамандандырылған соттар құрылды. Алқабилер институты енгізіліп, қамауға алу құзыры прокуратурадан соттарға берілді. Барлық деңгейдегі соттарда электрондық терминалдар мен бейнебайланыс жүйелері, басқа да ғылым мен техниканың соңғы жетістіктері енгізілді. 
Тәуелсіздік таңы атқан 1991 жылдан бастап жүргізілген реформалар дербес сот билігінің қалыптасуы мен орнығуына, сот жүйесінің ұйымдық негіздерінің дамуына, оны кадрлық және қаржылық қамтамасыз етуді жетілдіруге, демократиялық, құқықтық мемлекеттің заңдылық негізін бекітудің қажетті алғышарттары ретінде соттың тәуелсіздігін нығайтуға бағытталды. Республиканың сот жүйесі осы жылдар аралығында құқықтық мем¬лекеттің стандарттарына сай келетін шынайы тәуелсіздікке қарай қарқынды қадам басты. Сот жүйесінде болған түбегейлі өзгерістер баршаның сотқа қолы жетуін қамтамасыз етіп қана қоймай, кез келген тұлғалардың өз құқықтарын сот арқылы жүзеге асыруына жол ашты, азаматтардың сот билігіне сенімін күшейтті.
Егемендік алғаннан кейінгі сот жүйесін реформалау аясында жасалған оң өзгерістер Қызылорда облыстық сотында айналып өткен жоқ. «Елу жылда ел жаңа» демекші егеменді ел басшыларының тәуелсіз сот жүйесін құру бағытындағы бастамалары облыстық сот саласына айтулы жаңалықтар мен серпілістер әкелді. Республикамыз тәуелсіз мемлекет ретінде жариялаған кезеңде, яғни 1991 жылдың 12 наурызында Қызылорда облыстық соты төрағасы болып Б.Асқаров, орынбасарлары болып Б.Сариев пен Ғ.Шыңғысова тағайындалып, 1995 жылдың 20 қазанына дейін қызмет атқарды. Мұнан соң облыстық соттың төрағасы болып М.Ыбраев, алқа төрағалары қызметін Б.Асқаров, Ғ.Шыңғысова, Б.Сариев, Ә.Елібаевтар атқарды. 
2002 жылдан бастап Қызылорда облыстық сотына басшы М. Есжанов, алқа төрағалары Б.Сариев, С.Баймаханов тағайындалды. Міне, осындай сот саласында қызмет атқарған азаматтар жолын қазіргі ізбасар судьялар абыроймен жалғастыруда.
2006 жылдың 10 шілдесінде Қызылорда облыстық сотына төраға болып Шаухаров Қалидола Әділұлы, 2009 жылдың наурыз айында облыстық соттың төрағасы болып Сабырбаев Марат Қалмұратұлы тағайындалып, 2012 жылдың шілде айына дейін қызмет атқарды.
Тәуелсіздік жылдарында Қызылорда облыстық сотының жұмысы бірден жақсарып кетті деуіміз жалған болар. Сот жүйесін жақсартуда ғимараттар, жаңа үлгімен жабдықталған сот залдары, компьютерлер, білімді қадрлердің жетіспеушілігі байқалды. Барлық аудандарда дерлік партия, кеңес органдарынан босаған көрнекті ғимараттар соттарға беріле бастады. Қаланың ең көрікті жері - қала алаңында орналасқан әсем ғимарат соттарға берілді. Бұл ғимаратта Қызылорда облыстық, қалалық, №2 қалалық, мамандандырылған ауданаралық экономикалық, әкімшілік соттары орналастырылды. Әділдікті бір жерден табатын әсем ғимаратқа қала халқы келе «Сот билігі Сарайы» деп атап кетті.
Соттарда судьялар мен мамандардың жұмыс атқаруына барлық мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалып, соңғы үлгідегі компьютерлер іске қосылып, жаңа жиһаздармен жабдықталды. Өткен тарихты бағалай отыра облыстық сотта әр кезеңде қызмет атқарған аға ұрпақ өкілдеріне құрметіміз әрқашанда шексіз. Олардың сіңірген еңбектері мен жасаған игі істері ізбасар ұрпақтың жадында болуы шарт. Осы алдыңғы ұрпақ аға, апаларымыздың салып кеткен әділеттік сара жолында әділеттіліктің туын берік ұстап, заңды бұлжытпай орындау арқылы халыққа қызмет жасау әрбір сот судьясының жадында және оны солай атқаруды мақсат тұтамыз.
Тәуелсіздік жылдарының алғашқы кезеңінде соттардың материалды техникалық қамтамасыз етілуінде қиыншылықтар болғанымен, типтік үлгідегі жаңа сот ғимараттарын салуды қолға алды. Сондай жаңа ғимараттың бірі Қызылорда облысының Шиелі және Қармақшы аудандарынан бой көтерді. 
Сот кеңселері жұмыстарына жаңа серпін беріліп, ұйымдастырушылық жаңа талап қойылды. Нәтижесінде 2007 жылдың қорытындысымен Қызылорда облыстық сотының кеңсесі республикада ең үздік танылып, ҚР Жоғарғы Сотының арнайы құрмет дипломымен марапатталды. 
Егемендік жылдарында сот жүйесін мамандандыру арқылы сот төрелігінің әділдігіне қол жеткізу жұмыстары толассыз, кезең-кезеңімен жүргізілді. Республика аумағында 2002 жылдың ақпан айында мамандандырылған экономикалық соттар өз қызметін бастаса, 2004 жылдың қыркүйек айында әкімшілік соттар, 2010 жылдың қаңтар айында қылмыстық істер жөніндегі соттар, 2012 жылдың ақпан айында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттар құрылып, қазіргі уақытта сот әділдігін атқаруда тыңғылықты жетістікті көрсетіп, мамандандырылған салалары бойынша сот практикасын нық қалыптастырып, сот әділдігін жүзеге асыруда қойылған талап үдесінен шығып отыр. 
Елбасы 2010 жылдың 29 қаңтардағы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында еліміздің заңдарын ізгілендіруді мақсат етіп қойды. Соттар балама жаза түрлері мен бітімгершілік рәсімдерін қолдануға кірісті. Дәл осы жылдың 18 тамызындағы «Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі ша¬ралар туралы» Жарлығында «Қылмыстық сот ісін жүргізуде бітімгерлік рәсімдерді кеңейтуге, оның ішінде медиация институтын дамытуға, сондай – ақ, жеке ашық айыптау қылмыстық істерінің санатын кеңейтуге» тапсырма беріп, 2011 жылы дауларды шешудің қосымша әдісі ретінде «Медиация туралы» заң қабылданды. 
Сонымен бірге, осы жылдар аралығында жаңадан заңдар қабылданды. Атап айтқанда, 2014 жылы Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық, Қылмыстық процестік Кодексі, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексі қабылданып, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілсе, 2015 жылдың 31 қазанында Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық процестік Кодексіне бүкіл жұртшылықтың алдында жариялы түрде қол қойып, аталған Кодекс 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді. Бүгінгі таңда белсенді түрде Әкімшілік процестік кодексінің жобасы талқыға түсуде. 
Сондай-ақ, биыл өтетін республика судьяларының кезектен тыс VІІ съезде судьялардың жаңа әдеп кодексі қабылданады деп күтілуде.
Сот жүйесі үшін маңызды шаралардың бір ретінде судьялар съездерінің өткізілуін айтуға болады. Тәуелсіздігімізді алғаннан бері республика судьяларының 6 рет съезі өтіп, онда алда атқарылуға тиіс ауқымды шаралар белгіленген болатын. Әр съездің қорытындысында сот жүйесі судья лауазымына лайық кадрларды іріктеудің жаңа стандарттары пайда болды. «Судья әдебі» кодексі қабылданды. «Судьялар әдебі» кодексі алғаш рет судьяларының бірінші съезінде 1996 жылы қабылданып, содан бергі уақытта бұл кодекстің нормалары жетілдірілді. Қазіргі қолданыста жүрген «Судьялар әдебі» кодексі, 2009 жылы 18 қарашада Астана қаласында өткен судьялардың бесінші съезінде қабылданды. 
Өткен жылы Елбасы жариялаған «100 нақты қадамда» сот жүйесіндегі сот-құқықтық реформаға айрықша  назар аударылды. Бес сатыдан тұратын сот құрылымы үш сатылық жүйеге көшті. Сот¬тарға қойылатын талап күшейді. Судьялық қызметтің аса үлкен жауапкершілігі бар екендігіне басымдық жасалды. Ұлт жоспарының екінші бағыты заңның үстемдігін қамтамасыз ету саласына 19 жаңалық енгізіліп, оның 11 қадамы, яғни 16-26 қадамдар республикамыздағы сот жүйесін реформалауға қатысты мәселелерді қамтыды. Және бүгінгі күні ол іс жүзінде жүзеге асуда.
Мемлекетті демократиялық тұрғыда тиімді сот жүйесінсіз дамыту еш мүмкін емес. Бұған соңғы жылдардағы тәуелсіз сот билігін қалыптастыруға бағытталған жаңа реформалар айқын мысал бола алады. Сот қарайтын даулы істер саны жыл санап өсіп келе жатқандығы статистикалық деректерден мәлім. Бұл барлық даулы мәселе заң арқылы шешімін табатын құқықтық демократиялық қоғамның талабы екендігі белгілі. Статистикалық мәліметке сүйенсек, Қызылорда облысы соттарына қылмыстық істер бойынша 2016 жылдың 10 айында 1491 қылмыстық іс түсіп, өткен жылдан қалдыққа 86 іс қалды. Оның ішінде 952 адамға қатысты 817 үкімдер шығарылып, 580 адам жөніндегі 498 іс өндірістен қысқартылды. 83 іс 87 адам жөнінде прокурорға кері жолданған, заңмен тыйым салынған әрекеттерді есі дұрыс емес халде жасаған 8 адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған.  
Азаматтық істер бойынша 2016 жылдың 10 айында аудандық және оған теңестірілген соттарының өндірісіне 19624 талап арыз. Есепті кезеңде  аудандық және оған теңестірілген соттарға 10394 әкімшілік іс түсіп (2015 ж. 10 айы – 14971 іс), өткен жылмен салыстырғанда 3121 іске немесе 37,4  пайызға азайған. 
Әкімшілік жауаптылыққа 9088 адам тартылып, 828 адам жөніндегі істер қысқартылған. 
Жиырма бес жылға жете тарихы бар еліміздің сот жүйесінде осы саланың беделін арттырып, қарапайым халықтың үдесінен шығу мақсатында қыруар жұмыстар атқарылғанына барлығымыз куәміз. Біздің ең басты мақсатымыз, халықтың сотқа деген сенімін арттырып, тек заң шеңберінде әділ сот төрелігін жүзеге асыру десек, заңдағы жаңа өзгерістер осы мақсат үдесінен шығады деп нық сеніммен айтуға негіз береді.
Нұрлан ҚАЙЫРБЕКОВ,
Қызылорда облыстық сотының төрағасы 
ҚОҒАМ 12 қараша 2016 г. 995 0