Атақты адамдардың есімі мен ата-тегін иеленген балаларымыз аз емес. Біздің өңірдің өзінде Мағжан Жұмабай, Нұрсұлтан Назарбаев, Олжас Сүлеймен, Мақпал Жүнісова секілді жас буын өсіп келеді. Осындай ырымдап қойылған аттың бірін Әліби есімді он бір жасар қызылордалық алып жүр. Ал, оның әкесінің аты – Жангелді.
Кеңес үкіметінің прогрессивтік қадамдарын құптап, өз өмірін қазақ халқының өркендеуіне арнаған тарихи есім, халық комиссары Әліби Жангелдин туралы бәріміз білеміз.
Біздің Әліби болса балабақшада жүріп-ақ сурет салумен әуестенген. Қазір Қызылорда қаласындағы №197 орта мектептің 4-сыныбында оқитын ол өзінің көрген мультфильмдеріндегі кейіпкерлерді қағазға айнытпай түсіреді. Қалалық оқушылар сарайындағы сурет үйірмесіне барады. Үйірме жетекшісі Жұпар Сейітбекова оның болашағынан зор үміт күтетінін айтады.
Анасы Гүлназ Беркінбаева былай дейді:
– Әліби тиянақтылықты жақсы көреді. Ойға алғанын орындамай тынбайды, кітап жинағанды ұнатады. Түн жарымында тұрып алып, сурет салатыны бар. Оның үстінде мінез-құлқы да өзгеше, ылғи да жан-жағына алаңдап, тыным таппайтыны қызық.
Айтса айтқандай, қызық баланы біз арнайы іздеп тауып алдық. Әңгімеге тартпақ болып едік, ол қабырғадағы суретті көшіріп сала бастады. Бірақ салғанына өзінің көңілі толмады, ал, маған ұнады.
...Көзімді оның салған суреттерінен әрірек тастадым. Болашақ қазақ кескіндеме өнерінің бір шыбығы көктеп келе жатқандай көрінді.
Р.ДҮЙСЕНҰЛЫ.