Сырдария аудандық емханасы – жылына мыңдаған тұрғынға медициналық қызмет көрсететін бірден-бір ұйым. Мұнда ем алушылардың сапалы ем алуына сатып алынған заманауи құрылғылар мол мүмкіндік берсе, білікті мамандармен қамтылуы өз алдына бөлек жетістік. Істің тетігі білікті де білімді мамандардың қолында екенін ескерсек, емдеу орнының бас мейірбикесі Гүлзада Мырзабекова өз ісінің білгірі атанған сондай маманның бірі. Өзінің жиырма бес жылдық еңбек өтілінде кәсібіне адалдық танытып, ақ желеңді абзал жан деген атқа дақ түсірмей келе жатқан ол тұрғындардың ықыласына бөленіп жүр.
Гүлзада Қызылорда медициналық колледжін бітірген. Оқу орнын тәмамдап, қолына дипломын алған ол Тереңөзек ауруханасында жансақтау бөлімінің мейірбикесі болып еңбек жолын бастайды. Онан көп ұзамай, яғни, 1991 жылдан терапия бөлімінде еңбек етті. Онда 2005 жылға дейін жұмыс жасайды. 2007 жылы Гүлзада аға мейірбике лауазымына көтеріліп, балалар бөліміне жіберіледі. Ол кездері жағдай қиын еді, жаңа аурухана жайында армандаудың өзі мүмкін емес еді, ескі ғимарат, тозығы жеткен құрал-жабдықтар.
2012 жылы Гүлзада орталық аудандық аурухананың бас мейірбикесі қызметіне тағайындалды. 2014 жылдың маусымында тұрғындар үшін де, аурухана ұжымы үшін де қуанышты оқиға орын алды. Ол қуаныш жаңа әрі заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған емхананың ашылуы еді. Заманауи емхананың ашылып, ел игілігіне берілуі ауыл тұрғындары үшін және медицина қызметкерлері үшін үлкен мақтаныш болғаны сөзсіз.
Гүлзада Мырзабекованың қызметі ерекше және өте жауапты. Олай дейтініміз, барлық аудандық әрі ауылдық мейірбикелер, яғни, орта буын медицина қызметкерлері осы Гүлзаданың бақылауында. Қарауындағы 388 қызметкердің жауапкершілігін арқалау, әрине, кім-кімге де оңай соқпасы анық. Олардың арасында, әрине, көпжылдық жұмыс өтілі бар тәжірибелі мамандар да, оқу орнын кеше ғана бітіріп келген жас қызметкерлер де бар. Жастар тәжірибесімен жұмысқа қабылданғандар да жетерлік. Жастарға білгенін үйрету, аға буын маман¬дармен жастар арасын жалғау – Гүлзаданың жазылмаған міндеті. Онан бөлек, күніне қаншама емделушіні алдынан өткізетіні тағы бар.
Жалпы, емхана қырық мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Жедел жәрдем қызметі де бар.
– Мейрбикелердің жұмысы өте ауыр. Олар тәулік бойы сегіз бөлімде кезекшілікте болады. Ауырған адам¬ның мазасыз болатынын білесіздер. Сондай қиындықтарға қарамастан, мейірбикелер өз қызметтерін мүлтіксіз атқаруда. Ұжым ішіндегі ауызбірліктің ор¬науы, өзара сыйластықтың нығаюы әрине, бас дәрігеріміз Манат Садықованың арқасы. Бас дәрігеріміз ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, әділ әрі өз ісінің адал қызметкері, – дейді Г.Мырзабекова.
Гүлзада да өз ісінің нағыз маманы. Атқарған еңбегі лайықты бағаланып та жүр. 2013 жылы алған «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағы бұл сөзіміздің айғағы.
Айнұр БАТТАЛОВА.