ТАЗАЛЫҚТЫ СҮЙЕТІН БАТЫРБЕК

Кешегі кеңес дәуірінде облыстың ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен азаматтарға Батырбек Ысқақовтың есімі жақсы таныс. Ол сол кезде  ең жас директордың бірі болды. Қырықтың қырқасына шыққанға дейін қос шаруашылықты басқарған іскер басшымен қызметтес болған, аралас-құралас жүрген азаматтар оның еңбекқорлығын, ұйымдастырушылық қабілетін, арының тазалығын, ел мүддесін жоғары қоятын тамаша қасиетін  жақсы біледі. Өзге «қызыл директорлар» секілді артық дүниеге қызықпаған, өзі өмірінде артықша тұрмыстық жағдай жасамаған Батекең бар білімін, күш-жігерін,  ұйымдастырушылық қабілетін  қоғамның  дамуына арнады.  Сондықтан ел алдында абыройы асқақ азаматтың кісілігіне тұлғасы, көркіне көңілі, парасатына ақылы сай десем, қателеспеймін. 
Батырбек Ысқақов 1950 жылы Жаңақорған ауданының қазіргі Қожакент ауылында мұғалімнің отбасында дүниеге келген.  Алматы қаласындағы зоотехникалық-малдәрігерлік  институтын бітірген соң еңбек жолын «Талап» кеңшарындағы  №2 фермада зоотехник болудан бастаған. Мұнан кейін «Түркістан» кеңшарында бас зоотехник, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында  аға зоотехник қызметтерін атқарды. 
1981 жылы халық депутаттары аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары-аудандық жоспарлау комиссиясының төрағасы қызметін атқарып жүрген оны аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы  Ахметжан Жанпейісов өзіне шақырды.
– Батырбек, – деді аупартком хатшысы. – Біраз жыл өзіңмен қызметтес болып келемін. Байқаймын, біршама тәжірибе жинақтап, ысылып қалған сияқтысың. Маған іскерлігің, ұйымдастырушылық қабілетің  ұнайды. Өзің орда бұзар отызда екенсің. Нағыз жұмыс істейтін кезің бұл.      
«Аудан басшысы нені меңзеп отыр», – деп Батекең іштей ойланды.   
– Біз «Келінтөбе»  кеңшарының директорын босатуға ұйғарым жасап отырмыз, – деген Ахметжан Жанпейісов әңгімесін сабақтай түсіп. – Өзің  білесің шаруашылық аудандағы күріш өсірумен айналысатын іргелі құрылым. Алайда, соңғы жылдары  кеңшардың жағдайы төмендеп, ауданды артқа тартып отыр. Бюро мүшелерімен директорды босату жөнінде  ақылдастым. Орнына сені ұйғардым. Бұған бюро мүшелері де келісім берді. Сенің не айтатыныңды да түсініп отырмын. Алайда, көпшілік сенің қолыңнан келетіндігіне сенім білдірді.  «Көз қорқақ, қол батыр» деген емес пе?! 
Аудан басшысына «Сенімдеріңізді ақтауға тырысамын», – деп уәде берген жас директор аяғына керзі етікті киіп алып, жұмысқа жең сыбанып кірісіп кетті. Шынында да жеткілікті басшылық болмаған соң жұмыс босаңсып кеткен екен. Алдымен темірдей тәртіп орнады. Қолынан іс келетін кадрлар іріктелді.  Жаңа директордың «қара қылды қақ жаратын» әділдігінен қаймыққан табанының бүрі жоқтар бойларын аулақ сала бастады.  «Алма піс, аузыма түс» дейтін жалқаулар етек-жеңдерін жинады.  Көпшілік оның  өз ісіне адал, қолының таза, кемшілікке төзбейтін, жетістікті жіті бақылайтын басшы екенін аңғарды. Уақытпен санаспай жұмысты жүйелі жүргізген Батырбектің еңбексүйгіштігіне, турашылдығына, шыншылдығына, арының тазалығына көзі жеткен ауыл тұрғындары оның айтқанын екі етпейтіндей жағдайға жетті. Осындай ұйымдастырушылықтың нәтижесінде сол жылдың өзінде шаруашылық мемлекетке астық тапсыру жоспарын абыроймен  орындады. Көптен бері астық бере алмай келген шаруашылықтың мұндай табысқа қол жеткізуі елдің еңсесін көтеріп, халықтың жұмысқа деген ынтасын арттырды.   Мұнда егінмен қатар мал шаруашылығы да дамыды. Соңына халықты ерте білген жас  директор экономикасы тұралап қалған шаруашылықты 5 жылдың ішінде аяғынан тік тұрғызып, аймақтағы алдыңғы қатарлы шаруашылық қатарына қосты. Әрине, бұл айтуға ғана оңай.  
Батырбектің жас та болса, іскерлігіне тәнті болған аудан басшылары оны «Төменарық» кеңшарының директорлығына ауыстырды. Бұл кеңшарды да ол 1992 жылға дейін 6 жыл басқарып, алдыңғы қатарға шығарды.     
Бұдан соң аудан әкімінің орынбасары-аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, аудандық көпсалалы коммуналдық шаруашылығы кәсіпорнының директоры, аудан әкімі аппаратының бас маманы, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің меңгерушісі  қызметтерінде болса, қазір аудан әкімі аппаратында төтенше жағдайлар жөніндегі бас инспектор қызметін абыройлы атқарып келеді.   
Бүгінгі кейіпкеріміздің құдай қосқан қосағы Қаныгүл Бижанова:  «Отасқанымызға қырық жылдай уақыт болды. Отағасының басты ұстанымы – еңбексүйгіштігі, шыншылдығы, арының тазалығы болды. Ол қанша лауазымды қызметтер атқарса да, артық дүние жинаған жоқ. Балаларын да осылай үйретті. Олай дейтінім,  біз қарапайым тұрдық. Өзгелер сияқты қолын кірлеткен жоқ. Тазалықты сүйді.  Содан да болар оның артынан сөз ерген жоқ»-дейді..  
 Бақытты жандар өнегелі ұрпақ өсірді. Алматы қаласында тұратын ұлдары  Қадырбек пен Рахым, бірі – «Атамекен» фирмасында, екіншісі – жеке кәсіпкер. Мейрамбек облыстық жол полициясында жұмыс істесе, Анарбек Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімінде учаскелік инспектор. Қызы Мөлдір Қызылорда қаласында тұрады. Батекең ұрпақтарының барлығы жоғары білім алған.  Олардан немере сүйіп отыр. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген осы. 
Пахмаддин Айнақожаев, 
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Жаңақорған ауданы.

ҚОҒАМ 24 желтоксан 2013 г. 1 004 0