Зерікпейтін зергер

Зерікпейтін зергерМыңдаған жылдар бұрын өмір сүрген ата-бабаларымыз жер қойнауының құпиясын аша да, оның бар асылын пайдалана да білген. Тұрмысқа қажетті тұтыну бұйымдарын, сан алуан әсем әшекейлерді, қару-жарақтарды жасаған. Бұл мұра атадан балаға мирас болып, бізге дейін үзілмей жалғасып келе жатқан ұсталық және зергерлік кәсіпті қалыптастырды. Қазіргі таңда он саусағынан өнер тамған, киелі де бірегей ұсталық кәсіпті жалғастырып жүрген азаматтар аз емес. Соның бірі ерекше дарын иесі – Табиғат Тұрғынбаев.

 

Табиғат бала кезінен шеберліктің шыңына жетуді армандағанын айтады. Басында ол құрақ көрпе тігумен айналысса, кейіннен сәндік әшекей бұйымдарын жасауға бет бұрған. Бүгінде Табиғат зергерлікпен де айналысып, жеке тігін цехының жұмысын дамытуға да атсалысуда.

Зерікпейтін зергер– Мектеп табалдырығында жүргенімде тігінші болсам дейтінмін. Колледжді де тігін өндірісі және киімдерді модельдеу мамандығы бойынша тәмамдадым. Алайда уақыт өте түрлі тастар мен алтын-күмістен құйылған әшекейлерді бар ынта-жігерімен дайындайтын шеберлер мен ұсталық-зергерлік кәсіп туралы мағлұмат жинай бастадым. Өзімнің бұйымдарымды дайындап, конкурстарға қатысуға бел будым. Бірде Астанада өткен республикалық "Шебер” конкурсында Серікқали Көкенов есімді белгілі алматылық зергермен таныстым. Ол кісі алдағы уақытта мені шыңдап, ұстаздық ететінін айтқандағы қуанышымды жеткізе алмаймын. Осылайша белгілі зергерден мол тәжірибе жинауға мүмкіндік алдым. Қазір өзімнің дүниелерімді дайындап, сатылымға шығарып жүрмін. Жұмыс барысында қолданып отырған әр материалымның түр-түсіне ғана емес, түрлі қасиетіне де мән беремін. Әшекейлерді әспеттеуде көбіне күмісті қолданамын. Себебі оның қасиеті медицинада да дәлелденген, – дейді Табиғат.

Табиғаттың айтуынша, оған өзінің қолынан шыққан дүниелер ешқашан ұнамайды. Мұны ол қалыпты жағдай деп біледі. Өйткені өз-өзіне көңілі тоқ шығармашыл жан тоқырауға ұшырауы мүмкін. Жерлесіміз ерінбей еңбек еткеннің жұмысы жемісті болатынына сенеді. Және сол жолда аянбай еңбек етуге даяр.

Зерікпейтін зергерБұрынғы өткен бабаларымыз зергерлерді ерекше құрмет тұтқан деседі. Мысалы, бір отбасы қызын ұзатып, құтты орнына қондырар кезде зергерді арнайы шақыртып, оған бастан-аяқ қыз жасауына қосатын әшекей-бұйымдарды соқтырған. Соңғы жылдары елімізде ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдар қайта сәнге айналды. Ересектермен қатар жастар да осыған ерекше назар аударып, қызығушылық танытуда. Әсіресе қыздар ұзатылу тойында қазақы нақышпен әшекейленген көйлек киіп, әдемі тастармен зерленген бұйымдар тағуға құмартады. Бұл – көңіл қуантарлық жағдай.

 

М.Снадин.
ҚОҒАМ 29 қазан 2016 г. 1 114 0