Керуендер қайта оралады

Планетаның барлық континентерін аралап шығып, өзінің туған өлкесін, әсіресе Қазақстанның оңтүстігі сияқты әсем жерді танып білмеген адамдарды түсіну қиын. Осы өлкенің көрігі Шымкент – ең қонақжайлы қалалардың бірі, шығыс тағамдарымен, тау-өзендерімен, жайнаған пейзаждарымен әйгілі. Бірде-бір саяхатшыны немқұрайды қалдырмайтын жайлы жер. Оған бір барған адам қайта-қайта оралғысы келетін үй.

 

Ұлы Жібек жолының қиылысында орналас­қан Қазақстанның оңтүстігі - Орта Азиядағы ең дамыған өңірлердің бірі болып табылады.

Ежелде керуендер Сайрам сияқты қалалар арқылы, одан әрі шығысқа қарай Тараз, Фер­ғана алқабы, Ыстықкөл және Қытай арқылы өткен. Бұл түрлі халықтар мәдение­тінің ара­ла­­суына себеп болып, оңтүстік өлкеге шығыс сүйкімділігі мен жан таңғажайыбын берді.

Шығыс тамағының таңдаулы дәмі бүкіл әлемнің тамақ талғағыштарының назарын аударады. Хош иісті кәуап, тандыр жұқананы немесе иісі мүңкіген нағыз палау, жанынан қалай өтіп кетесің?! Дамыған инфрақұрылым мен оңтүстік климаттың жұмсақтығы жыл бойы таза ауада түрлі дәмді тағамдардан ләззат алуға мүмкіндік береді. Сіздерді күлім­сіреп, баурап алатын жазғы террасалар, жайлы дәмханалар мен мейрамханалар үй жайлы­лығымен және өте дәмді таңдаулы тағамдармен қарсы алады. Еуропалық және азиялық тағамдарды жақсы көретіндер де аш қалмайды, мұнда шырынды америкалық стейктердің, нағыз итальяндық пиццаның, жапон сушиінің және тағы басқа тағамдардың дәмін татуға болады.

Әрине, оңтүстік өңірдегі туризмді де назарсыз қалдыруға болмайды. Бұл жағынан көркем мегаполис Қазақстанның бірде-бір қаласынан кем түспейді. Бір күн ішінде қар басқан таулардан қызған құмға өте шығуға, мөлдір тау өзенінде шомылып, нағыз мине­ралды судың дәмін татуға болатынын көз алдына елестетуге болар ма екен?

Өзін тау шындарының бойсұндырушысы, батыл рафтшы, құмар аңшы және балықшы ретінде сезінетін белсенді демалыс әуесқой­лары үшін нағыз жұмақ. Оңтүстік Қазақстан­ның табиғаты термалды және минералды көздерге бай, оның шипалы климаты көптеген дерттерді емдеу үшін өте пайдалы. Көптеген санаторийлер және демалыс аумақтары сізге уақытты жақсы өткізуден басқа, денсау­лығыңызды нығайтуға көмектеседі.

Бұған қоса, қалада және оның маңында тарихи және архитектуралық көзтартарлық орындар, қажылық орындары, қорықтар бар.

Шымкенттің өзінде де ойын-сауық орын­дары аз емес. Жергілікті тұрғындардың көңіл-күйі күнтізбедегі күндерге байланысты емес, мерекелік сезім қала тұрғындарының жанына мәңгі тән болып қалған. Көшеде тұнжыраған, жұмысқа асығып бара жатқан адамдар сирек кездеседі, ал егер кездесе қалса, онда ол басқа қаланың тұрғыны. Нағыз шымкенттік еңбекқор, мейірімді және көңілді, өз ісін сүйсінушілікпен орындауды олардан үйренуге болады.

Қала тұрғындары демалуды жақсы көре­ді және дем ала біледі, алуан санды саябақ­тар мен парктер ешқашан бос болмайды. Филармонияларда, мұражайларда, кітапхана­ларда туристер мен қала қонақтары үшін қызықты нәрселер аз емес. Онда таңертең жүгіруге немесе бұтақты ағаштардың көлең­кесінде серуендеуге болатын Орталық сая­бақ, Абай атындағы мәдениет және дема­лыс саябағы, сирек кездесетін өсімдіктер орта­сында отбасылық сейілдерді жасауға болатын Дендропарк, тамаша тоғаны мен жүз жылдық емендері бар «Кен-баба» саябағы көпшілікке танымал. Жақында «Жайлаукөл» көлінің жанында жаңа саябақ ашылды, онда елу метрлік «Altyn eye» шолу доңғалағы орнатылды.

Шымкенттің өлкетану мұражайында, саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау мұра­жайында оңтүстік өлкенің тарихын зерттеуге болады. Гид көмегімен экскурсиялық авто­буста жүргізілетін күн сайынғы турлар негіз­гі тарихи ескерткіштермен, ежелгі архи­текту­рамен таныстырады.

Осы шуақты өлкенің осындай алуан түрлі мәдени өмірге ие тұрғындары мұңлы, селқос немесе ашулы болар ма?! Мұндағы халық асықпай, толық және әсерлі өмір сүреді.

Шымкент пен оның маңайының тарихы өз білімін кеңейткісі келетін саяхатшыларды осы күнге дейін қызықтырады. Түркістан, Отрар, Сайрам және Сауран қалаларына жыл сайын сан мыңдаған туристер мен қажыға барушыларды өзіне тартады. Түркістан оңтүс­тік өлкенің ең ежелгі қаласы деп есептеледі. Ол мұсылман ақыны Қожа Ахмет Иассауи арқасында әйгілі болды. Ертеде бұл қалада таққа отыру рәсімі өтетін, келіссөздерді жүргізу үшін алыстағы елдерден елшілер жолданатын қазақ хандығының астанасы болған. Ақын қайтыс болғаннан кейін Темір­ланның бұй­рығы бойынша «Қожа Ахмет Иассауи» кесе­несі салынды. Осы кесенені салған кезде, салынған нысандарды дауыл бірнеше рет қиратқан деген наным бар. Сонда Темірланға алдымен Иассауидың рухани тәлімгеріне кесене салу қажет екендігі туралы түс кіреді. Осылайша көне Отырар жерінде Арыстан баб кесенесі салынды. Мүмкін сондықтан да қажыға барушылар мен туристтер ең алдымен Арыстан баб кесенесіне, ал содан кейін Түркістанға барады.

Ежелгі Отырар қаласының орны осында Темірлан соңғы баспанасын тапқанымен және әлемге әйгілі ойшыл, философ Әбу Насыр Әл-Фараби дүниеге келгенімен әйгілі. Арыстан баб кесенесінің жанында Үкаш ата құдығы орналасқан. Құдықтың ерекшелігі, ондағы суды алатын тесік тік емес. Кінәсіз адам құдықтан толық шелекті оңай алады, ал кінәлі адам оны бос немесе тесілген түрде алып шығады деп есептеледі.

Шымкенттің тағы да бір қызықты ауданы – санғасырлық Сайрам. Ақ өзендегі ежелгі қала өз тарихына, онда ортағасырлық ғалымдар мен ислам қайраткерлері жерленген ескі кесенелер мен ескерткштерге бай. Әйгілі кесенелер – Ибрагим ата мен Қарашаш ана кесе­нелері Ахмет Иассауи құрметіне салынған.

Ежелгі Сауран қаласының тарихы сан ­ғасырлы, ғалымдар арасында ол туралы осы күнге дейін дау-талас толастар емес. Қала Қазақстанның «Мәдени мұра» мем­лекеттік бағдарламасына кіреді, онда бүгінгі таңға дейін археологиялық қазу жұмыстары жүргізілуде. Қазу жұмыстары кезінде табыл­ған түрлі заттардың сынықтары қалада мектептер болғанын, ал қала тұрғындарының білім деңгейі жоғары болғанын куәландырады. Қала алты метрге дейінгі деңгейде биік қабырғамен қоршалған сопақ алаңша болып табылады. Сақталған ортағасырлық қираған үйінділер қазіргі уақытта адамдарға ескі қала­ның барлық күш-қуатын көрсету үшін қайта жаңғыртылды.

Шымкенттің төңірегінде Азиядағы ең ескі «Ақсу-Жабағылы» қорығы орналасқан. Ол Қазақ­стандағы алғашқы қорық. Қорық Ақсу және Жабағылы атты екі өзеннің арасына орналасқан. Оның бірегейлігі алуан түрлі бояулардан тұрады. Өсімдіктер дүниесі әр алуан: қылқан жапырақ және арша орманына ауысатын құрғақ дала, тау шындарын безендіретін биік тау алқабындағы көгал. Бұл жерді табиғи жағдайларда жануарлар мен құстардың сирек кездесетін түрлері мекендейді, жойылып кету қауіпі төнген өсімдік түрлері де өседі. Нағыз флора мен фауна корольдігі. Бас айналдыратын тасқынды өзендер мен сарқырамалар, шуақты көгілдір аспанның бейнесі шағылатын тау көлдері. Табиғат пен көркемдікті бағалай білетін адамдар мұнда өздері үшін жұмақтай жерді табады. Ал, Қаратау тауларында ең жас табиғи қорық орналасқан. Таудың басында тастан «тақ» салынған, оған кез келген адам отырып, айна­ладағы көркемдікті бірнеше метр биіктіктен тамашалай алады. Таудың таза ауасы, шипалы өсімдіктері мен қайнар суы Қаратау қорығының бар күш-қуатын ұштастырады. Бай өсімдік әлемі жүздеген біре­гей өсімдік­терді қамтиды, олардың кейбі­реулері қызыл кітапқа енгізілген. Қорықтың фаунасы жабайы жануарлар мен құстарға толы, олардың құрып кету қауіпі төнген түрлерін қазір сақтауға тырысады.

Шымкенттен 50 шақырым жерде Біркөлік шатқалы бар. Шатқал бойымен мөп-мөлдір Біркөлік өзені ағып жатыр. Оның таза мөлдір салқын суы шатқалдың жасыл алқабын суландырып тұрады. Осы өлкенің ауасы адам денсаулығына қолайлы әсер ететін фитон­цидтерге толы. Бұл – тыныс алу органдарын, жүйке жүйесін, жүрек ауруларын емдеу үшін қолайлы жер.

Мөлдір өзендер ағатын, таутекелер, аюлар, тіпті қар қабыланы да кездесетін көр­кем Сайрам-Су шатқалы өзінің екі түсті көлімен әйгілі. Бір қызығы, көлдің бір жағы көгілдір, ал екінші жағы – ақшыл-көгілдір. Бұл жайында тамаша аңыз бар. Аңыз бойынша, осы тауларда бір тайпа тұрған. Тайпаның көсемі ханмен құдаласып, оған қызын бермек болған, бірақ қыз мұны естіп, әжесінің батасын алып, қарапайым бақташымен қашып кетіпті. Қош айтысарда кемпір немересіне көгілдір тасы бар сақинаны және жылан тәрізді көк білезікті сыйға тартқан. Бұған қатты налыған әкесі қайсар қыздың соңынан қуғыншылар жіберді. Жастар құтыла алмайтынын түсініп, құшақтасты да бір-бірінен айырылмауға уәде берді. Қыз жерге сақинаны тастаған кезде, сол жерде көгілдір түсті малахитті көл пайда бола кетеді. Содан кейін ол жерге білезігін тастады. Ол жерде шексіздік белгісі болып табылатын сегіздік түріндегі көл пайда болды.

Шымкенттің жанында Ақмешіт үңгірі бар. Ағаш өсетін, құстар үшып жүретін ең құпиялы жер. Жылдың кез келген кезеңінде үңгірдегі 9-15 градусқа жуық бір ғана температура. Оңтүстік төңірегі түрлі аңыздармен әйгілі, бірақ дәл осы үңгір туралы әңгімелер ең көп. Оның бірінде жоңғарлар шабуылы кезінде үңгірде балалар мен әйелдер тығылғаны туралы баяндалады, екіншісінде бұл адамдар мен малға шабуыл жасайтын айдаһар үңгірі болғаны туралы баяндалады. Үңгір бақылаушысының сөзі бойынша, ертеде бұл жерде жерасты жолдары бар мешіт болған, үңгір өзінде осы жерде оқылған мыңдаған дұғаларды сақтайды және ғажайып күшке ие. Аурулар осында өз денсаулығы туралы, әйел­дер ең жоғары сыйлық – ана бақыты туралы дұға оқиды.

Осы аймақтағы тағы да бір көркем жер – Шымкент қаласынан 40 шақырымда орналасқан Қазығұрт тау массивінде орна­ласқан, аңыз бойынша Нұх кемесі осында келіп тоқтаған. Осы оқиға құрметіне қазіргі шебер­лер ағаштан және металдан «ұшатын кемені» жасады, оған көтерілгенде ұшы-қиыры жоқ даланы және айбынды тауларды көруге болады. Туристердің ең сүйікті жері Ата-Ана тауы оларды өз жұмбақтылығымен тартады, халық оны Адам мен Хауа деп атайды. Жартас екіге қақ жарылған және одан өткен адам кінәсіз болып, яғни оның ойы таза деп есептеледі. Өту жолының ені кей жерде 30 см-ге жуық. Кейде толық адам одан оңай өтеді, ал арық адам тұрып қалады.

Жанында тағы да бір жартас бар, ана құрсағы нышаны. Егер 13 жасқа жетпеген бала осы үңгірден өз бетімен өтсе, ол бақытты және оның дені сау болып өседі деп есептеледі.

Шынында Шымкент аумағында және оның төңірегінде әдемі жерлер көп. Бұл – жұмбақты және құпияларға толы өңірдің кішкентай ғана бөлігі. Бай табиғи және рухани әлемді көру үшін алты қырдың астына бару қажет емес. Осы жұмақ жерлер әр уақытта мыңдаған адамдарды өзіне тартқан. Ұлы керуендер осында баспана мен қонақжайлылықты тапқан. Түрлі құрлықтардан шыққан қажыға барушы­лар мен саяхатшылар осында ұмтылған.

Оңтүстік өлке қазір де жақсы демалысты бағалай білетін барлық адамдар үшін ашық. Қала қарқынды өсуде, туризм дамуда, тау­ларда, шатқалдарда, өзендер мен көлдерде тамаша демалыс аймақтары ашылуда.

Шымкент тек қазақстандықтардың ғана емес, таяу және алыс шетел тұрғындарының на­за­рын өзіне аударып, туристтік орталыққа ай­налуды жоспарлайды.

Оңтүстік өңірдің қарышты дамуын, осын­да болған туристердің қызығушылығын бақы­лай отырып, керуендер қайта оралып келе жатқаны туралы сенімді айтуға болады!

 

Александра Окорокова.
ҚОҒАМ 29 қазан 2016 г. 804 0