ШӘКІРТ БОЙЫНА БІЛІМ ДАРЫТҚАН ӘУЛЕТ

ШӘКІРТ БОЙЫНА БІЛІМ ДАРЫТҚАН ӘУЛЕТ

Елбасы Н.Назарбаевтың «Ақыр аяғында, әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалады. Сондықтан, біз әлеуметтік жаңғырту саясатының негізіне шынайы өндірістік еңбекті қоюға тиіспіз» деген сөзі дәл қазіргі қоғам үшін қажет. Бұл орамды ой әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналғанда ғана еліміз әлемнің озық елдерінің қатарынан көрінері анық.

Адал еңбегімен елге танылған адамдар қай салада да кездеседі. Бүкіл бір әулеттің атадан балаға берілетін кәсібі арқылы елдің ризашылығына, құрметіне бөленуі сол еңбектің ақталғанын көрсетеді. Маңдай тер, табан етімен адал еңбек етіп, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық отбасылар көп. Сондай отбасының бірі – Қызылжарма қыстағында тұратын Наурызбаевтар әулеті. Бұл үлкен отбасын жергілікті тұрғындар «ұстаздар династиясы» деп атап кеткен. Өйткені әулеттің отағасы мен отанасы Дауылбай Наурызбаев пен Гүлбаршын Қындыбаева бар ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған жандар. Ерлі-зайыпты ұстаздар қазірде бұл дүниеден өткенімен, олардың ізгі ісін жалғастырушы ұл-қыздары, келіндері жетерлік. Екеуінен өрбіген төрт ұл және төрт қыз бар.

ШӘКІРТ БОЙЫНА БІЛІМ ДАРЫТҚАН ӘУЛЕТ«Бақыттың да, байлықтың да анасы – еңбек» дегенді өмірлік қағидасына айналдырған Дауылбай ағайдың өткен өміржолы кейінгі ұрпаққа үлгі. Қарапайым мектеп мұғалімі болудан басталған педагогтық қызметінде ол аудандық білім беру бөлімінің меңгерушісі, педагогикалық училищенің оқу ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директорлығына дейін көтеріліп, еңбек демалысына шыққанға дейін абыройлы жұмыс жасады. Халық ағарту ісіне сіңірген еңбегі елеусіз қалмады. Ол кезінде «ҚР халыққа білім беру ісінің үздігі» атанғандардың алғашқылар санатында болды. Дауылбай Кенеханұлы қай қызметте болсын ізденімпаздығымен, ерекше білімділігімен, әділ басқарушылығымен ерекшеленді. Ол тәрбиелеген шәкірттер бүгінде елімізге, облысымызға белгілі жандар.

Қазіргі таңда Дауылбай ағайдың үш ұлы құрылыс, біреуі банк саласында қызмет етсе, үш қызы мен үш келіні білім саласында еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеу ісінде жетістіктерімен мақтана алатындай ұлағатты ұстаз қатарына қосылды. Қыздары Жанна мен Лиза Қызылжарма қыстағындағы №144 С.Әлжіков атындағы орта мектепте ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келеді. Олар тәрбиелеген шәкірттер қатарында «Алтын белгі» иегерлері, түрлі олимпиада жеңімпаздары бар. Ал үлкені Алма Наурызбаева да Алматы қаласында осы салада ұзақ жыл еңбек етіп, бейнетінің зейнетін көруде.

Бұл әулеттің келіндері де әулет кәсібін жал­ғаған жандар. Келіндері Әймереке, Сағира, Алтын да ұстаздық жолды таңдаған. Бүгінде Әймереке, Сағира апайлардың отызжылдық тәжірибесі бар.

– Мен бала кезімнен ата-анамның ұстаздық жолда қызмет еткенін көріп өскендіктен болар, оқушы кезімнен мұғалім болуды армандадым. «Ұстаз болу – жүректің батылдығы» деп бекерге айтылмаған ғой. Ата-анамның білім беру саласына сіңірген еңбегі аз емес. Бала тәрбиелеу, басшылықта болу оңай шаруа емес деп түсінемін. Ұстаз болу үшін балаға мейірім, өз ісіңе деген шексіз сүйіспеншілік, ізденіс пен табандылық керек. Бізге әрдайым әкем өздеріңнің жүріс-тұрысыңмен, сөйлеген сөзіңмен, тіпті киген киіміңмен де оқушыға үлгі-өнеге көрсетуің керек деп отыратын. Қазірде осы ұстаныммен өзімнің қасиетті мұғалімдік мамандығымды атқарып келе жатқаныма жиырма алты жыл болыпты, – дейді қызы Жанна Наурызбаева.

Иә, мамандықтың қай-қайсысы да қадірлі, қасиетті. Десе де, барлық сала мамандарын дайындайтын, алғаш қолыңа қалам ұстатып, әріп танытқан, оң мен солыңды, жақсы мен жаманды ажырата білуге баулитын осы ұстаздар қауымы. Керек десеңіз, әр адамның өмірлік қағидалары, ұстанымдары да осы ұстаз берген білім мен тәлім-тәрбие арқылы қалыптасады. Сондықтан да Наурызбаевтар әулеті өздері тәрбиелеген сан мыңдаған шәкірттер арқылы елдің өркендеуі мен дамуына өз үлестерін қосты деп айтуға әбден лайық.

 

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
ҚОҒАМ 29 қазан 2016 г. 896 0