АРХИВ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің халық үшін қолжетімді болуы, оның сапалы орындалуы, атқарылған жұмыстардың жариялылығы – Елбасы мен мемлекет тарапынан қойылып отырған басты талаптардың бірі.

Облысымыздың архив саласының басым бағыттарының бірі – жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша «Мұрағат анықтамаларын беру» мемлекеттік қызметін жүзеге асыру. Аталған қызметтің нормативтік базасы болып «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» және «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңдары танылады. Мұнымен қоса, Қазақстан Респуб­ликасы Мәдениет және спорт министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы №16 бұйрығымен бекітілген «Мұрағат анықтамаларын беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты бекітіліп, осыған орай Қызылорда облысы әкімдігінің «Мұрағат анықтамаларын беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламентін бекіту туралы» Қызылорда облысы әкімдігінің 2015 жылғы 8 маусымдағы №28 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» 2016 жылдың 29 ақпанында №363 қаулысы бекітілді.

Осы Заң талаптарына сәйкес, жеке және заңды тұлғаларға «Мұрағат анықтамаларын беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметі үш бағытта, атап айтқанда, 1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғам, 2) www.egov.kz «электрондық үкiмет» веб-порталы, 3) баламалы түрде мемлекеттік архивтер арқылы жүзеге асырылады.

Облысымыздың архив саласының мамандары бұл қызметті жүзеге асыруда Заң және стандарт талаптарына сәйкес, келіп түскен өтініштердің тіркелуін және олардың мерзімінде орындалуын қатаң бақылауға алған. Себебі, сұраныстарды орындау – архивтегі ең жауапты қызметтердің бірі. Архивтен алынған анықтамалар, көшірмелер, құжаттардан үзінділер азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыру және қорғау үшін қажет.

Архив мекемелеріне келіп түсетін сұраныстар әлеуметтік-құқықтық, тақырыптық, генеологиялық сипаттағы сұранымдар болып үшке бөлінеді.

Жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін әлеуметтік-құқықтық сипаттағы өтініштерге дәстүрлі түрдегі еңбек өтілі, жалақы мөлшері, зейнетақы жарналарының аударылуы, білімі және т.б. жатады. Сонымен қатар, қазіргі уақытта көптеген нормативтік-құқықтық актілердің қабылдануына орай, мүліктік сипаттағы, марапаттау, ұйымдар атауларының өзгеріске ұшырауы сияқты сұраныстар қатары көбеюде.

Әлеуметтік-құқықтық сипаттағы өтініштерді орын­дау нәтижесінде, үстіміздегі жылдың 9 айында облы­сы­мыздың архив мекемелеріне азаматтардан 11976 сұра­ныс түсіп, оның 7749-на қанағаттандырылған жауап берілді. Оның ішінде 3170 сұраныс Мемлекеттік кор­­порация арқылы келсе, электронды үкімет порталы арқылы – 7135 сұраныс, баламалы түрде тікелей архив мекемелеріне 1671 сұраныс түсіп, орындалды. ТМД елдерінен 477 өтініш хат келсе, соның 327-не қана­ғат­танарлық жауап қайтарылып, қалған өтініштерге түсін­дірме берілді. Ал жылдық көрсеткіштер бойынша архив мамандары 13-14 мың сұранысты орындауды жүзеге асырады.

Тақырыптық сұраныстарға тоқталатын болсақ, бұл белгілі бір жағдайға, тақырыпқа, оқиғаға, дерекке байланысты ақпараттар беру сұранымы. Бұл жеке істермен танысу, құжаттардың көшірмелерін беру, әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауының өзгергені туралы. Облысымызға, одан қалды, республикамызға белгілі адамдар туралы құжаттар жинағын шығару үшін, олардың фотосуреттерінің көшірмелерін, өмірбаяндық анықтамалар беру сияқты мәліметтер болып табылады. Мұндай сұранымдар архив мекемелеріне жиі түседі. Өмірбаяндық мәліметтер бұл аға ұрпақты мәңгі есте қалдыру үшін кітаптар шығаруға, мемуарлар жазуға пайдаланылады.

Ал генеологиялық сипаттағы сұранымдар бұл туысқан­дықты белгілеу үшін бір немесе бірнеше тұлға­лардың туысқандық байланысы, отбасының тарихы, тегі үшін керекті ақпарат беру туралы болып табылады.

Архив мекемелеріне мұнымен қоса Қазақстанның өзге аймақтарынан, алыс-жақын шетелдерден сұрау хаттар толассыз түсіп жатады. Әрине, осындай сұраныстардың нәтижесінде кейде жоғын іздеп тапқан, аз ғана архив мәліметтерінен төбелері көкке жететін тұрғындарды көргенде өз мамандығыңның мәртебелі екенін ұғынасың. Адамдардың көздеріне жас үйіретін мұндай жұмыстардың орындалуы рухани, кәсіби қанағаттанарлық сезімін тудырады, өйткені әрбір сұраудың артында адам тағдыры тұр.

Архив қорының сараланып, іріктеліп жинақталуы инемен құдық қазып, тамшыдан теңіз құрайтын үлкен еңбектің нәтижесінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар, архивистер ғылым, білім, мәдениет, өнеркәсіп, БАҚ және басқа да салалар бойынша деректерді жинақтап, сол салалардағы мамандық өкілдері туралы материалдар, кітаптар дайындауға көмектесіп, көп алғыстарға бөленіп жатады. Бүгінде біздің облысымыздың тұрғындары облыстағы архив мекемелерінің ақпараттық-құжаттық әлеуетін танып білді. Біз үшін бұл – үлкен мәртебе.

 

Е. АБДРАХМАНОВ,

Қызылорда облысының

мәдениет, архивтер және құжаттама

басқармасының басшысы.

ҚОҒАМ 29 қазан 2016 г. 815 0