ӘСКЕРГЕ БАРУДАН ЖАЛТАРАТЫН ЖАСТАР ДА БАР

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бүгінгі жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу мемлекеттік  идеологияның темірқазығы болуы тиіс» деген болатын. Қоғамның қозғаушы күші саналатын жастарға қашанда жігер мен қайсарлы мінез тән. Алайда, қазіргі күні өзінің азаматтық парызын орындаудан, әскерге барудан жалтаратындар қатары азаймай отыр.
Мәселен, облыстағы шағын аудандардың бірі Жалағашта әскер қатарына шақырылған 486 азаматтың 281-і түрлі себептерді сылтауратып, Отан алдындағы міндетін өтеуден жалтаруда. Жалпы, жыл басынан әскерге шақырылған 4385 азамат болса, оның 1216-сы келмеген. Жастардың денсаулығы да бүгінде сыр беріп тұр. Биылғы жылдың өзінде облыс бойынша 1927 мектеп жасындағы азаматтың 853-і ғана өз денсаулығына көңіл бөлетіндігін байқатты. Осындай өзекті мәселелер облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен өткен жастар саясаты жөніндегі облыстық комиссияның отырысында айтылды. Сондай-ақ, комиссия отырысында жастарды патриоттыққа тәрбиелеу және әскерге тарту мақсатында атқарылған шаралар, Арал ауданы бойынша мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы, ҚР Президенті жанындағы және облыстық жастар саясаты жөніндегі Кеңестерде берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы сөз болды. 
Жастарға патриоттық тәрбие беру бағытында атқарылған жұмыстардан хабардар еткен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Ерлан Мұратбай бірқатар түйінді мәселелерді де тілге тиек етті. Оның айтуынша, Үкімет қаулысына сәйкес бастапқы әскери дайындық пәніне 136 сағат бөлінген, алайда қазір Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы бойынша ол 68 сағатқа қысқартылған. Сонымен бірге, аталған пәнді оқыту 10-шы сыныпта басталады. Бұл өз кезегінде 5 күндік далалық оқу-жаттығу жұмыстарының сапасына әсер етуде. Тағы бір айта кетерлігі, аудандарда патриоттық үйірмелердің аздығы, бастапқы әскери дайындық пәні бойынша ғылыми жобалардың ұйымдастырылмауы да әскери қызметкерлерді алаңдатуда. 
Ауылдық елді мекендердегі әскерге шақырылушы азаматтарды аудан орталығындағы шақыру комиссиясына жеткізу де біршама қиындықтар туындатып отырған секілді. Жергілікті басқару органдарына аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімдер арқылы өтініштер берілгенімен, «баяғы жартас сол жартастың» күйін кешуде. Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарында және Байқоңыр қаласында қорғаныс істері жөніндегі бөлімде жергілікті басқару органдарының жанындағы пункттер қарастырылмаған. Әскерге шақырылушы азаматтар медициналық комиссиядан қаралғанда  қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының жеке кабинетінде өткізуге тура келетіндей де жағдайлар кездесуде. 
Әскерге шақыру бойынша облыстағы көрсеткіші төмен аудан Жалағаш болса, Арал ауданы бойынша шақырылғандар –351, оның 190-ы келмеген. Осындай алаңдатарлық көрсеткіштердің не себепті орын алып отырғанын сұраған облыс әкімінің орынбасары бұл өзекті мәселенің нақты шешілу жолдарын да қарастыру керектігін баса айтты. 
–Шиелі ауданы бойынша 575 шақырылған азаматтың 10-ы ғана келмейді. Неге Жалағаш ауданында көрсеткіш жоғары болып отыр? Арал, Қармақшы аудандарында да жағдай мәз емес. Арал, Қармақшы, Қазалы аудандарында шақыру комиссиясының жиын пункттерін ашу қолға алыну керек,–деді Ақмарал Шәріпбайқызы.
Комиссия отырысында қаралған екінші мәселе бойынша Арал ауданы әкімінің орынбасары Әділхан Алданов хабарлама жасады. Аудандағы жастар саны 20 мыңның үстінде болса, бұл аудан халқының 27,7 пайызын құрайды. Сонымен қатар, жастардың демографиялық өсу тенденциясы да байқалуда. Жастар саясатын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарға биыл 3 млн. теңгеден астам қаржы қаралған. Патриоттық тәрбиеге баулу бойынша атқарылған жұмыстар жайлы тізбелеген аудан әкімінің орынбасары көңіл аударарлық мәселелерге де тоқталды. Айталық, өткен жылы аудан бойынша жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс 125 болса, ол биылғы жылы 119-ды құрайды. Бүгінде жұмыссыз жүрген жастардың түрлі діни ағымдардың жетегіне еріп кетуі де, өкінішке орай, бұл ауданда орын алып отыр. Олардың барлығымен тиісті жұмыстар жасалуда. Алайда, алдағы уақытта тағы да теріс жолға түсіп кетпеулері үшін  бақылаудан шет қалмауы керек. 
Облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Жандос Базартай қазіргі күні өңір жастарының белсенділігі артып келетінін тілге тиек етті. Республика бойынша «Жайдарман» ойындарынан да алдыңғы қатардан көрініп жүрген сыр жастары соңғы уақытта үлкен белестерді бағындыруда. Осындай жағымды жаңалықтардан хабардар еткен басқарма басшысы, жастар саясатын жүзеге асыру барысындағы жоспарларымен де бөлісті. 
Сыр жастарының бойындағы патриоттық рухты көтеру, отансүйгіштік қасиетті дамыту бағытында өрбіген комиссия отырысында облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова тиісті басқарма басшыларына нақты міндеттемелер жүктеді. 
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

ҚОҒАМ 21 желтоксан 2013 г. 1 385 0