Биыл Сыр өңірінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ақ күріштің атасы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жақаевтың 125 жылдық мерейтойы өткізілгелі отыр. Аймақ диқандары осы айтулы күн қарсаңында күріштен рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, діңгегі берік дәстүрге адалдық танытты. Диқан бабаның мерейтойын жоғары дәрежеде атап өту үшін арнайы беделді комиссия құрылып, жүйелі жұмыс жүргізу үстінде. Газет тілшісі комиссия мүшесі, Шиелі аудандық мәслихатының хатшысы Әшім Оразбекұлымен сұхбаттасып, алдағы жоспардың жай-жапсарын ортаға салған еді.
– Шиелі өңірі қашанда еңбекке құлшына кірісіп, ынтымақтастық жоғары өнегісін көрсетумен ерекшеленеді. Ал биылғы өткізілгелі отырған мерекенің сән салтанаты тіптен өзгеше болуы тиіс. Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойымен бір ауданнан шыққан 41 Еңбек Ерінің көшін бастап тұрған Ыбырай атамыздың 125 жылдығының қатар аталып өтуін еңбек адамына деген құрметтің көрінісі деп білеміз. Мерекені өткізу дайындығының бел ортасында жүрсіз, қандай шаралар болғалы жатыр, осы жөнінде таратыңқырап айтсаңыз.
– Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев тойға дайындықты үнемі қадағалап, назарында ұстап отыр. Бұл, әрине, ерекше мереке. Бұрыннан «Әлемнің әміршісі – еңбек» деген тәмсіл бар. Барлық кедергілерді, қиыншылықтарды тек бірлесе, адал пейілмен еңбек ету арқылы еңсеруге болады. Сондықтан да мереке еңбек адамдарын ардақтау мен олардың өнегелі іс-тәжірибесін насихаттаумен бағалы болмақ. Шиелі өңірі бұл мерекені өте жоғары дәрежеде өткізуге барынша ұйымшылдық танытып, дайындық жұмыстарын жасап жатыр. Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың басшылығымен тойды ұйымдастыру комиссиясының бірнеше отырыстары өткізіліп, шаралар легі пысықталды.
– Тойдың болғанынан боладысы қызық демекші, түрлі жаңалықты естіп қаламыз.
– Ыбекеңнің тойы 21 қазан күні облыс орталығынан бастау алады. Бұл күні Достық үйінде «Дала академигі – Ыбырай» атты ғылыми-танымдық конференция өтеді. Оған Астанадан мәртебелі меймандар мен белгілі ғалымдар, еңбек озаттары келіп қатысады деп күтілуде. Бұл орайда, екпелі егістен мол өнім алудың ғылыми тәсілдері әңгіме арқауына айналуы тиіс. Сол күні Н.Бекежанов атындағы драма театрында «Алтын дән – 2016» ауыл шаруашылығы өндірісінің озаттарын марапаттау рәсімі өткізіледі. Соңынан өнер шеберлерінің үлкен концерті қойылады.
– Керемет екен. Ендігі қызық диқанның туған елі, еңбек үлгісін көрсеткен жерінде жалғаспақшы ғой?
– Дұрыс айтасыз. Ертесіне ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, Ыбекеңнің ескерткішіне гүл шоқтары қойылады, құран бағышталады. Сонан соң баба есімін иеленген ауылда жаңадан салынған Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы мұражайының ашылу салтанаты өткізіледі. Мереке Шиелі ауданы орталығындағы «Құрметті азаматтар аллеясының» ашылуымен жалғасады. Сол күні түсте Иманжүсіп атындағы орталық стадионда «Алтын күз-2016» мерекесіне орай театрландырылған көрініс, сала үздіктерін марапаттау, мерекелік ән шашу тамашаланады.
Мереке көрігін қыздыру үшін елімізге белгілі 14 ақын шақырылып отыр. Олардың арасында елге танымал Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұров, Жансая Мусина, өзіміздің айтулы жүйріктер Мейірбек Сұлтанхан, Иранғайып Күзенбаевтар бар. Олармен үзеңгі қағыстыратын басқа ақындарымыз да осал емес. Кейбірінің есімін жұртқа жұмбақ болсын деп әдейі атамай отырмын. Айтысты Жүрсін Ерманның өзі жүргізіп, «Диқан рухы мәңгілік» атты республикалық ақындар айтыстың бас бәйгесіне шетелдік автокөлік тігіліп отыр.
– Бәрекелде! Ат бәйгесі де осындай олжалы өтетін шығар?
– Әрине, мұның да бас бәйгесі жеңіл автокөлік. Аламанға көрші облыстардан айтулы жүйріктер қатысады деп отырмыз. Сол күні кешке орталық стадионда Қазақстан эстрада жұлдыздарының гала концерті өтеді. Сонан соң мерекелік отшашу тамашаланады. Ертесіне ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіліп, қазақ күресінен палуандар күш сынасады. Патриоттық әндер байқауы да сол күні Ыбекеңнің ауылындағы мәдениет үйінде ұйымдастырылады.
– Жүрген жерің абат болсын, екі тойың қабат болсын деген осы десеңізші. Ендеше сәттілік серік болсын деген тілек айтамыз.
Әңгімелескен
Нұрмахан ЕЛТАЙ.