СЫР ҰЛАНДАРЫНЫҢ ҚАТАРЫ ТОЛЫҚТЫ

СЫР ҰЛАНДАРЫНЫҢ ҚАТАРЫ ТОЛЫҚТЫ16 желтоқсан – Алты алаштың айбынын асқақтатқан, ата-бабамыздың арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген Тәуелсіздік күні. Қазіргі таңда тәуелсіз еліміз болашаққа айқын бағдар түзеп, өркениетті елдер керуеніне жетуге аяқ басты. Сол керуеннің басында еліміздің жүрегі, Елбасының  тірегі болатын жасұландар да бар. Сыр ұландары биыл тағы да «Мәңгілік  ел ұландары» жүлдесін алып, жеңіс тұғырынан көріне білді. Республикалық, облыстық шараларға белсене қатысып, білімнің тереңіне үңілген жас ұландықтардың абыройы биіктеп, Тәуелсіздік күніне орай, облыстық білім басқармасының қолдауымен облыстық оқу  орталығы және  облыстық «Жас Ұлан» ұйымы қалалық №101 орта мектебінде ұйымдастырған «Ұланымыз ұлы елдің» салтанатты қабылдауында мектеп белсенділері, талантты өнерпаздар, олимпиада жеңімпаздары, оқу үздіктері, спорттық сайыстар жүлдегерлері  «Жас Ұлан» ұйымына қабылданды. Дәл осы күні аудандар мен қала мектептерінен 50 оқушы ұйымға мүше болып, жүректері лүпілдеп, мойындарына алғаш рет көк галстук тақты. Ұйымға қабылданған облыстың белсенді оқушылары ұрандатып, ант қабылдап, «Жас Ұландар» әнін шырқады. Осылайша Сыр ұландарының саны 60 мыңға жетті. Тұғырлы мерекеге жас ұландықтардың қуаныштарымен бөлісуге құрметті қонақтар келді. Шара барысында облыстық «Жас Ұлан» ұйымының төрайымы Г.Ақмырзаева жасұландықтарды тәуелсіздік мерекесімен  құттықтады. Тәуелсіздік – ол мемлекеттілік, оның тамыры жасампаздық рух, ұраны ел мен халық, елімнің үміті жастарда, ал жастар бұл – Жас ұландықтар. Олай болса, өміршеңдік пен кемелділік аясында өмір сүріп, бейбітшілік, татулық туын биікке көтерген жас ұландықтар жаңа әлемнің жаңалықтарына, жақсылықтарына ұмтыла бермек. 
А.ӘКІМЖАНОВА,
облыстық оқу  орталығының  әдіскері. 

ҚОҒАМ 21 желтоксан 2013 г. 1 098 0